Өнер • 21 Қараша, 2023

Қарағанды қарашығындағы қараша

203 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Қарағандыда ерекше поэтикалық кеш өтті. Несімен ерекше десеңіз, баяғы қалыпты бұзып, жаңаша серпіліс сыйлағанымен. Өлең оқығанымен қоса, ақындар кешті әнмен әрледі. Бір сағатқа жуық уақыт Қарағандыдағы әдеби ортаның қалыптасу кезеңін көрерменнің көз алдына әкелді.

Қарағанды қарашығындағы қараша

Сонымен «Қарашада өмір тұр…» атты әдеби-сазды кеш поэзия бекетінен шыққан пойыз­дың Қарағандыға келіп тоқтауынан басталады. Осы бір мезетте С.Сей­фуллин атындағы облыстық ака­­демиялық қазақ драма театры­ның әртістері сахна алаңына шы­ғып, кеш тәмамдалғанша театр­ландырылған қойы­лымды сәт­ті өрбітіп шығады. Айтпақшы, ақын­дардың да актерлік шебер­ліктеріне жұрт қайран қалысты.

Әртіс жігіттер әдеби қойы­лымды жур­налистиканың жампозы Нұрмахан Ораз­бековтің Қа­ра­ғандыға келіп, Қар­қаралыдан алапат ақын Серік Ақсұң­қарұлын алдырғанынан бастайды. Сол сәтте көрерменнің арасынан Серік Ақ­сұң­­қарұлы мен Қойлыбай Асан сах­на­ға көтеріліп, өлеңдерін тебіреніп тұрып оқиды. Содан соң Дәулет Ырыс­бай­ұлы­ның «Қара­ғанды вальсі» әнін Медет Осатаев орындайды.

ва

Сахнадағы әртістер әрмен қа­рай әде­би кешті былай өрбітеді. Ертеде «Қазақ әдебиеті» газетіне Ақсұңқарұлы Алма­тыға абадан­дарын ертіп келгені жөнінде жазыл­ғанын айтып, сол кездегі адуын­ды буынды ортаға алдырады. Серік Сағынтай, Рус­лан Нұрбай, Қайрат Асқар жа­лын­дап тұрып жырларын оқиды. Алдыңғы буын ағаларын із­деп, Поэ­зия мейрамханасына бет алады.

Одан кейінгі буынның өлеңі де, өнері де көрерменнің ыстық ықыласына бө­ленеді. Ақындар Сұлтан Дәулетханұлы, Ілияс Мұ­қай, Жәлел Қуандықұлы, Эль­­мира Сайлауқызының сыршыл өлең­­деріне кезек беріледі. Сәттібай Жүні­сов­тің гитарамен шырқаған, Ерқа­нат Кеңесбекұлының домбырамен орын­даған әні әсерлі шығады.

Ал әнші Саян Бөдес ортаға суы­­ры­лып шығып, ақындардың құрметіне Ерлан Төлеутайдың «Сен және мен» әнін әуелетеді.

Бұдан кейінгі жас толқын да ортаға жарқырай шықты. Ерік Нарынұлы өзінің өлеңінен соң, гитараның сүйемелдеуімен лирикалық әнін шебер орындады. Әділет Шопеннің поэзиясына да ықылас ерекше болды. Салтанат Қайырбектің әсем әуеніне де еліттік.

ку

Әдеби-сазды кештің қоры­тындысы ел жүрегін, тіпті елжіретіп жібереді. Көрермен­нің көз жанарына жас үйір­теді. Шахтерлердің жер астындағы ерен еңбегін қойылым арқылы көрсете отырып, Салтанат Қайырбектің «Кеншінің шамы», Жанат Жаң­қашұлының «Құрбан­дардың қаны» өлеңі күңірене оқылады. Бар­лық ақын сахнаға шығып, бір-бір қып-қызыл гүл шоғын қойып, кеншілер рухына тағзым етеді. Көрермен тік тұрып, қошемет көрсетеді. Себебі бұл кеш бұған әбден лайықты-ақ.

«Қарашада өмір тұр…» ат­ты дәстүр­лі поэзия кешіміз осы жылы мюзиклға айналып, бір сағат көрерменнің көңілін теңіздің толқынындай тербеді. Бұл өзі бір жағы Серік Ақсұңқарұлы баста­ған Қарағанды әдеби ортасы­ның ғұмыры­на бір сағаттық шолу десек те болады. Кеш соңында шахтерлерге арналған өлеңдер оқылып, көрерменнің көзіне жас үйірілді. «Қарашада өмір тұр». Яғни бұл жерде Қарағанды­ның өмірі қам­тыл­ды. Қуанышы да, қайғысы да. Бір топ дүлдүл ақындардың бұлбұл әнші еке­н­і­не көз жетті. Режиссерлік жұ­мыс­та Сұл­тан Серіктің шеберлігіне тән­тіміз. Шыл­бырымызды тартпай, шығар­ма­шы­лық еркіндік берген қала әкімдігіне ерек­ше алғыс айтамыз», – дейді Қазақстан Жазу­шылар одағы Қарағанды облыстық фи­лиалының төрағасы, ақын Жанат Жаң­қашұлы.

Ұтымды ұйымдастырушы­лар­дың қатарындағы белгілі продюсер Асхат Қажытайдың да қа­жыр­лы еңбегін атап өткеніміз жөн.

Түйіндей кетсек, Қарағанды қара­шы­ғын­дағы қараша осылай өтіп жатыр. Мұнда өлең де, өмір де бар…

 

Қарағанды облысы