Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»
Дарбаза-Мақтаарал теміржол құрылысы басталады
Көлік министрі Марат Қарабаев баяндамасында 10 айда теміржол көлігімен жүк тасымалдау көлемі 246 млн тоннаға жеткенін айтты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3%-ға жоғары. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 300 млн тоннаға дейін жетеді деген үміт бар. Қазіргі уақытта теміржол ел экономикасының экспорттық бағыттағы қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Жыл басынан бері экспорттық тасымалдау 8,5%-ға артып, 70,7 млн тоннаға жетті. Транзиттік тасымалдар да белсенді қарқынмен дамып келеді. 10 айдың қорытындысы бойынша транзиттік жүк тасымалдау көлемі 19%-ға ұлғайып, 22,5 млн тоннаны құрады. Бұл ретте контейнерлік тасымалдар 15%-ға өскен. Есепті кезеңде жолаушылар тасымалының көлемі 2,5%-ға көбейіп, 16,6 мың жолаушыға дейін жетіп отыр.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде қазіргі уақытта республиканың көлік-логистикалық әлеуетін одан әрі дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жаңа теміржол желілерін салуға және қолданыстағыларын жөндеуге, тораптық стансаларды жаңғыртуға, жылжымалы құрамды жаңартуға, шекаралық бекеттердің өткізу қабілетін арттыруға қатысты. Мұндағы ең ірі жобалар – «Достық – Мойынты» (836 км), «Бақты – Аягөз» (272 км), «Дарбаза – Мақтаарал» (152 км) жаңа теміржол желілері және Алматы маңын айналып өтетін жол (73 км). Жалпы, 2029 жылға қарай Қазақстан арқылы транзиттік жүк тасымалдау көлемін 35 млн тоннаға дейін жеткізу, сондай-ақ жаңа жобаларды ескере отырып, отандық экономиканың қажеттіліктерін толық қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Премьер-министр теміржол көлік саласының және жалпы ел экономикасының күретамыры екенін атап өтті. «Еліміз көптеген халықаралық бағыт тоғысатын, тоғыз жолдың торабында орналасқан. Азия мен Еуропа арасында еліміз арқылы өтетін транзиттік тасымал көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қазақстан мен Қытай арасындағы теміржолмен жүк тасымалдау өткен жылы 23 млн тоннадан асты. Биыл бұл көрсеткіш тағы 22%-ға өсті», деді ол.
Оның айтуынша, жылдам өсіп келе жатқан жүк тасымалының әлеуетін ескере отырып, осы салада инфрақұрылымды дамыту және вагондар паркін жаңарту бағытында жоспарлы жұмыс жүргізу қажет. «Ол үшін алдағы 3 жылда жалпы ұзындығы 1 мың км-ден асатын жаңа теміржол тармақтары салынатын болады. Бұл – «Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз», «Алматы айналма теміржол желісі». Осы аптада біз «Дарбаза – Мақтаарал» учаскесінің құрылысын бастаймыз» деді Ә.Смайылов.
Үкімет басшысы жылжымалы құрамды жаңарту мақсатында 550-ден астам локомотив, сондай-ақ жолаушылар және жүк вагондары сатып алынатынын айтты. Сонымен қатар жалпы ұзындығы шамамен 5 мың км құрайтын қолданыстағы магистралды теміржол желілерін жаңғырту жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ бүгінде жылжымалы құрам мен магистральдық желілердің тозу деңгейі шамамен 60%-ға жетіп отыр. Мұның бәрі пойыздардың жүрісі мен теміржолдың өткізу қабілетіне кедергі келтіреді. «Шекарада жүктердің рәсімделуіне қатысты проблемалар бар. Ол транзит, экспорт және импорт көлеміне әсер етеді. Сондықтан бизнес үшін құжаттарды барынша жылдам қарап, дайындап беретін «бір терезе» жүйесін құру қажет. Барлық қызметтер жедел әрі бір мезетте, яғни синхронды түрде жұмыс істеуге тиіс», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, тұрғындар тарапынан ҚТЖ қызметіне қатысты көп шағым бар. «Бұл – пойыздардың үнемі кешігіп келуі, сервистің нашарлығы, ескірген вагондарға қатысты. Ал бизнес болса вагондардың уақытында берілмеуін, ұзыннан-ұзақ келісу рәсімдерін айтып, шағымданады. Осының барлығы бүкіл экономиканың дамуына кері ықпал етеді», деп атап өткен ол, теміржол саласында машина жасау, рельс өнімдеріне және түрлі жабдықтарға деген сұраныс үнемі жоғары екендігіне тоқталды. Өкініштісі, отандық өндірушілер бұл сұранысты қанағаттандыра алмай келеді. Дегенмен республикада қызметі теміржолмен байланысты көптеген маңызды кәсіпорын бар. «Отандық кәсіпорындар өндірісті кеңейтіп, қосымша жұмыс орындарын құруына, отандық экономиканың өсуін қамтамасыз етуіне болатын еді», деді Ә.Смайылов.
Сөйтіп, Көлік, Қаржы, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне, Шекара қызметі, «Қазақстан темір жолы» және «Самұрық-Қазына» қорына жыл соңына дейін жүктерді рәсімдеуді оңайлату мәселесін пысықтауды тапсырды. «Қарау мерзімі кем дегенде 2 есе қысқаруға тиіс», деді ол.
Сонымен қатар жылжымалы құрамды жаңарту және 2029 жылға қарай тозу деңгейін 40%-ға дейін төмендету жөніндегі жұмысты жандандыру, сондай-ақ теміржол саласының қажеттіліктері негізінде отандық өндірісті дамыту жоспарын әзірлеу қажеттігін қадап айтты. «Қазақстан темір жолын» трансформациялау кезінде сервистің сапасын арттыру мен қызметтердің уақытылы көрсетілуін компания жұмысының басымдықтары ретінде айқындауы қажет», деді Ә.Смайылов.
Сондай-ақ көлік саласының техникалық мамандықтары бойынша қосымша гранттар бөлу мүмкіндігін пысықтауды және Көлік және логистиканы дамыту институтын құру мәселесін қарауды тапсырды.
Құжаттарды алу мен беру жылдамдайды
Үкімет отырысында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту жайы да қаралды. Онда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің шамамен 93%-ы электронды түрде көрсетілетінін айтты. Өткен жылмен салыстырғанда смартфон арқылы көрсетілетін қызметтер саны 6 есеге өсіпті. Оған қоса азаматтардың мемлекеттік органдарға жүгінуін қажет етпейтін проактивті қызметтерді енгізу жалғасып келеді. Қазіргі уақытта олардың саны 40-қа жеткен. Барлығы 2 млн-нан астам қызмет көрсетіліпті. Бұл бағыттағы жұмыс азаматтардан жасақталған фокус-топтардың қатысуымен жалғасып жатыр екен.
Министр бұған дейін азаматтарға жыл сайын 50 млн-ға жуық қағаз анықтама ұсыну қажет болғанын айтты. Алайда заманауи технологиялар арқылы бұл үрдісті цифрлық форматқа ауыстыру мүмкін болды. Оған қоса жұмыс берушілер мен мектептердің бұрынғыша анықтамаларды талап ету фактілері бар. Бұл мәселені келер жылы толығымен шешу жоспарланған. Десе де, бүгінде азаматтар жаңа цифрлық сервистерді жиі қолданатыны атап өтілді. Олардың қатарында электрондық сенімхаттар беру, автокөлікті онлайн сатып алу-сату, ипотеканы онлайн рәсімдеу және т.б. қызметтер тұр. Келесі жылы зейнетақы тағайындау үрдісі өзгереді. Ол мүлде жаңа форматта жүретін болады. Жұмысқа тұру, интернет қосу, декларация тапсыру, балабақша кезегі кезінде талап етілетін анықтамалардың 12 түрін жою бойынша жобалар әзірленіп жатыр.
Отырыс барысында жылжымайтын мүлік бойынша онлайн мәмілелер платформасы таныстырылды. Мәселен, жылжымайтын мүлік – үйді, пәтерді немесе кеңсені сатып алу немесе сату кезінде бұрынғыдай нотариусқа немесе ХҚКО-ға жүгінудің қажеті болмайды. Мұндай онлайн-сервис «Blockchain» технологияларын және биометриялық сәйкестендіруді пайдалана отырып ұсынылатын болады. Әр нысан бойынша жасалатын барлық іс-әрекеттер мен бейнематериалдар «электрондық үкіметте» сақталады. Осылайша, бірнеше күнге созылатын үдеріс 1 сағатқа дейін қысқарады. Тағы бір жоба – «I-Qala» таныстырылды. Жаңа пәтер алған азамат су, жылуды, т.б. қосуға келісімшарттар жасау үшін коммуналдық қызметтерге баруға мәжбүр. Мұндай ауыртпалыққа жыл сайын 700 мыңнан астам адам тап болады. Оны шешуге азаматтар 30 күнге дейін уақыт жұмсаған. Енді оған да лайықты жаңа формат енгізіліп жатыр. Пәтер иесіне тиісті SMS жіберіліп, коммуналдық шарт онлайн режімде жасалады. Нәтижесінде, тиісті компанияларға бару қажеттігі жойылды. Қазір елордада осылай 80 мыңнан астам шарт жасалды. Бұл сервис Алматыда да іске қосылып жатыр. Осындай жұмыс басқа өңірлерде де жүргізіледі.
Бүгінде мемлекеттік қызметтердің көбі электрондық форматта қолжетімді. Оларды смартфондағы қосымшалардың көмегімен алуға болады. «Электрондық мемлекеттік қызмет көрсету – азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартудың маңызды факторы. Үдерістерді цифрландыру мемлекеттік органдарға өтініш беру, анықтамалар алу сияқты қағазбастылықты барынша азайтуға мүмкіндік берді. Бұл – дебюрократизация ғана емес, сондай-ақ азаматтардың уақытын үнемдеу», деді Ә.Смайылов.
Премьердің пікірінше, қабылданған шаралар онлайн қызметтер көрсету бойынша БҰҰ рейтингінде еліміздің 8-орынға көтерілуіне себепші болды. Бұл – үлкен жетістік. Көрсетілетін қызметтер сервисінің деңгейін үнемі арттыру, әсіресе Халыққа қызмет көрсету орталықтарына қатысты. Үкімет басшысы көрсетілетін қызметтерді автоматтандыру тұрғысынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы офлайн-сервистің толыққанды драйверіне айналуға тиіс екенін айтты. «Мемлекет басшысы атап өткендей, адамның бүкіл өмірін қамти отырып, проактивті қызмет көрсету қажет. Ол үшін бизнес-үдерістердің реинжинирингі жүргізіліп жатыр. Қажетті ақпараттар деректер базасында болған кезде өтініштер мен растайтын құжаттарды жинау тәжірибесінен алшақтауымыз қажет», деді Ә.Смайылов.
Мемлекеттік орган қызметтері «әдепкі қалпы бойынша» көрсетілетін тәсілдерді енгізуге тиіс. «Smart Data Ukimet» платформасында іске асырылған «Отбасының цифрлық картасы» жобасын осындай мысалдардың бірі ретінде атап өтуге болады. Әйтсе де, «Электрондық үкімет» порталында білім туралы құжаттарды тану, тұрғын үй көмегін тағайындау, жер учаскесін жалдау мерзімін ұзарту сияқты қызметтердің 22 түрін алуға әлі мүмкіндік жоқ. «Адамдар мәліметтер дұрыс емес деп шағымданады. Биылғы 10 айда мәлімет түзетуге 56 мыңнан астам өтінім түскен. Бұл түрлі дерекқорларды біріктіріп, ақпаратты цифрландырған кезде жұмыстың сапасыз болғанын көрсетеді», деді Үкімет басшысы.
ХҚКО-ға келушілер ұзын-сонар кезекке және ғимараттарда қолайлы жағдайлардың болмауына наразы. Ерекше қажеттілігі бар азаматтар арнайы пандустар мен көтергіштердің жоқтығынан кейбір ХҚКО-ға кіре алмайды. «Бірыңғай байланыс орталығына қоңырау шалу өте қиын. Лицензиялар мен рұқсаттар алуға өтініш беру күрделі. Азаматтар консалтингтік компаниялар мен жеке тұлғаларға жүгінуге мәжбүр. Аталған жайттар атқарылып жатқан жұмыстың тиімділігін төмендетіп жібереді. Сондықтан шағымдар мен ұсыныстарды бірден назарға алып, шұғыл шаралар қабылдау қажет», деген Үкімет басшысы, 2024 жылғы наурыз айының соңына дейін электрондық түрде болады деп мәлімделген мемлекеттік қызметтердің қалған түрлерін автоматтандыруды, жүйелі түрде проактивті көрсетілетін қызметтер тізбесін кеңейтіп тұруды тапсырды.
«Әрбір мемлекеттік қызметтің нақты жай-күйін тұрақты тексеріп тұру қажет. Оның оңай алынуына, деректердің дұрыстығына және олардың қауіпсіз сақталуына ерекше назар аудару керек. Жалпы, халықтан сұралатын құжаттардың тізбесін оңтайландыру қажет», деді Ә.Смайылов.
Премьер-министр бизнес пен азаматтарға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға сапалы және уақытылы қызмет көрсетуге басымдық берілуге тиіс екенін тағы бір мәрте шегелеп тұрып айтты.