Бизнес • 23 Қараша, 2023

Іш пыстырған іскерлік белсенділік

134 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Таяуда өткен Үкімет отырысында еліміздің Бас қаржы реттеушісі – Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов елімізде іскерлік белсенділік индексі 49,0 тармаққа төмендеп, соның ішінде құрылыс саласындағы көрсеткіш 48,5-ті құрағандығын атап өтті.

Іш пыстырған іскерлік белсенділік

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Төраға орынбасары қазіргі деңгей – 11,8% деп отыр. Жылдық инфля­ция­ның қысымы, қалыпты-қатаң ақша-несие саясаты, жоғары базалық мөл­шер­леменің біртіндеп төмендеуі өндіріс шығындарының баяулауына әкеліп отырғандығы ақиқат. Айталық, айлық инфляция 0,6%-ға, азық-түлік инфляциясы оның ішінде жарма, нан мен сүт өнімдері, ет және қант бағасының жылдық өсімі 11,4%-ға дейін төмендеген.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар соңғы 9 айда – 12,1%-ға, жеке тауарлар, тұрмыс­тық заттар, құрылыс материалдары мен дәрі-дәрмек бағасының жыл сайынғы өсімі баяулаған.

Ақылы қызмет көрсетулер шілде-тамыз айлары аралығында 11,9%-ға төмендеп, «Тарифті инвестицияға айыр­бас­­тау» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге тарифтердің өсімі 0,4%-ға, жылдық мәнде – 13,6%-ды құраған.

Десе де реттелмейтін қыз­мет­тер бағасының көтерілуі жаңа оқу жылының басталуымен білім беру, жалға алу ақысының, көлік және амбулаторлық-емханалық қызметтер құнының өсуі бай­қал­­ған. Қыркүйек айында теңге­нің айыр­бас бағамы 3,4%-ға әлсіреп, бір доллар 474,99 теңгені құра­са, бұл бірқатар сыртқы және ішкі факторлардың әсерінен болғандығын мәлімдеді.

«Біріншіден, бұл – доллардың жаһандық нығаюы. Қыркүйек айында доллар индексі дамыған елдердің валюталары қоржынына қатысты 2,5% болды. Екіншіден, бұл жобаларды іске асыру және бюджет қаражатын пайдалану айналымының күшеюіне бай­ла­­­нысты импорттаушылар тарапынан маусымдық сұра­ныс­тың артқандығын, теңге баға­мы­ның әлсіреуіне Үкіметтің квази­мемлекеттік секторлары экспорттық валюта түсімдерінің міндетті сату нормасын шегеріп, АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің жалғасқан қатаң ақша-несие саясатына қарсы базалық мөлшерлемені төмендеткені де әсер етті», дейді Б.Шолпанқұлов.

Жыл басынан бері респуб­лика­лық бюджетке ауда­рым­дарды қамта­ма­сыз ету үшін Ұлттық қордан валюта сату арқылы қолдау көрсетіліп, қыркүйек айында ол 1,15 млрд долларды құраған. Жыл басынан бері резиденттікке жатпайтын мемлекеттік бағалы қағаздар нарығында 299 млн доллар, БЖЗҚ валютасын сатып алу 200 млн доллар болған.

Ол сонымен қатар Ұлттық банк икемді айырбас бағамының тәр­тібін сақтауды жалғастырып отырғандығын және валюталық интервенция жүргіз­бейтіндігінен хабардар етті.

Жалпы халықаралық резервтер жүйесі қазан айының басында 89,7 млрд долларды құрады. Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері екінші деңгейлі банктер балансының төмендеуіне орай, жыл басынан бері 9%-ға, 31,9 млрд долларға дейін қысқарған. Ұлттық қордың активтері жыл басынан бері 3,7%-ға, яғни 2,1 млрд доллардан 57,8 млрд долларға дейін ұлғайған. Негізгі өсім биылғы жылдың басынан бері 4% немесе 2,2 млрд доллар инвестициялық кіріс есебінен болды.

Ұлттық қордан республикалық бюджетке аударылған трансферттер 3,3 трлн теңгені құраса, оны іске асыру үшін аталған қордың валюталық активтері 6 млрд долларға сатылып, жыл басынан бері қорға түскен жалпы кіріс 3,4 трлн теңгені құрап отыр.

БЖЗҚ зейнетақы активтерінде оң динамика байқалуда. Жыл басынан бергі өсім – 17,7%-ға, ақшалай 17,2 трлн теңге, инвестициялық кіріс көлемі 1,4 трлн теңге болды. Зейнетақы жарналары – 1,5 трлн теңге, мерзімінен бұрын алу – 196,1 млрд теңгені құрағандығынан ақпар берді Ұлттық банк өкілі.

Бұл ретте әлемдік нарыққа талдау жасаған Экономикалық зерттеулер инс­­титутының аға сарапшысы Рамин Қазымов өндірістік сектордағы іскерлік белсенділіктің жаһандық деңгейі жетінші ай қатарынан теріс аймақта екендігін жеткізді.

«Тамыз айында өндірістік сектордағы іскерлік белсенділіктің әлем­дік индексі 0,1 тармаққа өсіп, 49,1 тармақты құрады. Бұл көр­сеткіш өндірістік нарықта өткен айға қатысты іскерлік бел­сен­ді­лік­тің­ төмендегенін көрсетеді.

50-ден аз балл экономикалық құл­дырауды, ал 50 балл ал­дың­ғы аймен салыстырғанда өзгеріс­тер­дің жоқтығын байқауға болады.

Индекстің 58,6-дан 57,5-ке дейін төмендеуіне қарамастан, Үндіс­танның өндірістік секто­рын­дағы іскерлік бел­сен­ділік көр­сет­кіші көшбасшылық танытуда. Осылайша, өндірістік белсенділік 27 ай қатарынан оң аймақта болды. Шетелдік сатылымдардың өсімі баяулап, халықты жұмыспен қам­та­масыз ету артқан», дейді сарапшы.

Сонымен қатар Ресейдегі өнді­рістік белсенділік индексі өткен айдағы 52,7-ден 54,5-ке дейінгі тармақта айтарлықтай өскен, 2017 жылдан бері өндіріс көлемі мен экспорттық тапсырыстардың ішкі сұраныста өсімі жоғарылап, жұмыс орындарын құру 2000 жылдан бері ең жоғары деңгейде қалыптасқан.

Біздің елдегі іскерлік бел­сен­ділік индексі қыркүйек айында 0,4 тармаққа өскен. Өндіріс пен жаңа тапсырыстар қарқыны артқандығының арқасында жұмыс орындарын құру бойынша 2019 жылдан бастап екінші орында келеді. Өткен айда ең төменгі мәннен кейін шы­ғын­­дар инфляциясы күрт өсіп, өндіру­ші­лер алдағы жылға оптимизмді сақтайды деген үміт бар.

АҚШ-тың өндіріс секторын­да­ғы­ іскер­лік­ белсенділік көрсеткіші қыр­кү­йек­те­ айтарлықтай өске­ні­мен, бесінші айда теріс аймаққа ауысқан. Мамыр айы­нан бас­тап өндірістің өсуі жоғарыласа, жаңа тап­сы­рыс­тардың өсімі төмендеген.

Қытайда PMI индексі алты айлық дең­гей­ден төмендегенімен, бірақ оң аймақ­та қалуды жал­ғас­тырып отыр. Өндіріс көле­мі­ мен жаңа тапсырыстар саны ұлғай­ға­ны­мен жұмыспен қамту жағы кө­ңіл көн­ші­тер емес.

Еуроаймақтың өндірістік сек­то­рын­дағы іскерлік белсенділіктің теріс индексі 15 ай қатарынан ба­қы­ланып, өткен айдан 0,1-ге төмен­деді. Жаңа тапсырыстар 26 жыл­дағы ең рекордтық қарқынмен қыс­қару­да, ал жұмыспен қамту үш жылда төмен­деген. Іскерлік сенімділік 10 айлық мини­мумға дейін құлдырады деп отыр сарапшы.