Бұл ісін бастау үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы «Ауылдық жерлерде шағын және орта бизнесті дамыту» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алуына тура келді. Сөйтіп, «Жібек» жүн өңдеу цехын ашты.
«Әжем ісмер жан еді. Оның бұл ісін жалғастырып, көп жылдан бері үйден іс тігетін едім. Тұрғындардан тапсырыс көбейді. Сол себептен, кәсібімді кеңейтуді ойлап, цехты іске қостым. Оған әжем Жібектің атын беруді жөн көрдім. Негізгі жұмысымыз – жүн өңдеу, түту, құрақ құрау, ескі көрпелерді қайта жаңарту. Қазір бұл істің бәрін автоматтандырылған аппараттармен атқарамыз. Жүнді жуатын, түтетін, тігетін, сырып тігетін, кестелеп өрнек салатын арнайы тігін машиналарын сатып алдым. Қыз жасауын, көрпе, қоржын, кәжекей тігеміз. Енді ер адамдарға арналған киім тігу ойымда бар», дейді Ш.Торбаева.
Әрине, құрақ көрпе жасау – жеңіл іс емес. Шолпан Торбаеваның айтуынша, бұған төзімділік те, шеберлік те қажет. Қазір оның шеберханасында осы істің қыр-сырын білетін 5 адам жұмыспен қамтылған. Жұмысқа тартылғандардың үшеуі – тігінші, біреуі – механик. Алдағы уақытта тағы 10 адамды жұмысқа тартуды ойластырып отыр.
«Қай істің де қиындығы бар. Әсіресе математикалық бөлшектерден тұратын құрақты үйлесімді ету оңай емес. Сол себептен, қыз жасауын дайындауға екі ай уақыт қажет. Осыған байланысты құндылығы да, бағасы да жоғарылайды», дейді ол.
«Атамекен» ҰКП Махамбет аудандық филиалының басшысы Жексенбай Пазуловтың айтуынша, кәсіпкерге «Первомайский» ЖШС-нан түйе жүнін алуға қолдау көрсетілген.
Атырау облысы