Аймақтар • 24 Қараша, 2023

Интернетті аңсаған ауылдар

184 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған цифрлы дәуірге қадам бассақ та әлі интернеттің игілігіне қол жеткізбеген елді мекендер бар. Мәселен, Атырау облысындағы 153 ауылдың 19-ы әлі интернетке қосыла алмай отыр. Демек, бұл ауылдардағы тұрғындар теледидарға телміріп, апталап кешігетін газет-журналдарды тағатсыздана күтеді.

Интернетті аңсаған ауылдар

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, кейбір ауылдың тұрғындарын интернетке қосылу жыл­дамдығының төмендігі алаңдатады. Бұл түйткіл шеңберінде байланыс опе­ра­торларымен телекоммуникация же­лісін дамыту жоспары талқыланды. Оған «Қазақтелекомның» басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев пен салалық меке­мелердің өкілдері қатысты.

«Қазақтелеком» АҚ департамент директоры Ерсайын Дүйсемалиевтің айтуынша, аймақта 153 елді мекеннің 134-і интернет желісімен қамтылып отыр. Ал 19 елді мекенге интернет желісі қосылмаған. Басты себеп – тұрғындар саны 50 адамнан аз. Енді бұл ауылдарды 2024-2025 жылдары интернет желісіне қосу жоспарланған.

– Биыл жоспарға сәйкес мыс желісін оптикалық желіге ауыстыру жұмысы жүріп жатыр. Бұл тұтынушыларға 500 Мбит/с жылдамдықпен интернетке, ID TV теледидары мен цифрлық сервисіне, ІР телефонға қосылуға мүмкіндік бе­реді. Атырау қаласында оптикалық желі­лердің үлесі 60 пайызға, Құлсары қала­сында 10 пайыздан 37 пайызға дейін ұлғаяды. 2024 жылға бөлінген қаржыға Ақжар, Талқайраң, Бесікті ауылдарының абоненттерін толық оптикалық желіге ауыстыру жоспарланып отыр. Облыс орталығында 5500 абонент мыс желісінен оптикаға ауысады. Бұған салынған инвес­тиция қаржысы – 162 млн теңге, – дейді Ерсайын Дүйсемалиев.

Облыс әкімінің пікірінше, 3G базалық стансасы қосылмаған елді мекендерді интернетпен қамту үшін компания мен әкімдік арасында бірлескен бағдарлама жасау қажет. Ал білім беру және денсаулық сақтау мекемелері келесі жылы 100 пайыз оптикалық желімен қамтылуға тиіс.

– Қазір цифрлық телекоммуникациялық қызметтерге сұраныс артып отыр. Елді ме­кендердегі тұрғындардың басым бөлігі интернет желісі жылдамдығының төмендігіне, кейбірі мүлде жоқтығына жиі шағым айтады. Біз де сапаның жақсарғанын қалаймыз. Облыста 3G базалық стансасы қосылмаған 19 елді мекен бар. Бұл елді мекендерде абонент аз шығар. Компания үшін тұрғыны аз ауылдарға интернет желісін қосу тиімсіз болар. Сол себепті әкімдікпен бірлескен бағдарлама дайындап, оптикалық желіні жүргізуді ыждағаттайық, – деді Серік Шәпкенов.

Жиын соңында облыс әкімі С.Шәп­кенов пен «Қазақтелеком» АҚ басқар­ма төрағасы Қ.Есекеев бірлескен меморан­думға қол қойды. Құжатта өңірдегі бай­ланыс пен интернеттің сапасын арттыру мәселесі қамтылған.

– Атырау облысындағы желілік инфра­құрылымды дамыту, тұрғындарды заманауи телекоммуникациялық қызметпен, сервиспен қамтамасыз ету, сондай-ақ 5G желісін дамыту жоспары талқыланды. Қазір «Қазақтелеком» компаниялар тобы мұнайлы өңірде бесінші буынның 8 базалық стансасын орнатты. Енді жылдың соңына дейін тағы 8 базалық стансаны орнату жоспарланып отыр. Келесі жылы 5G базалық стансасының саны 40-қа жеткізіледі. Облыс тұрғындарын жылдамдығы жоғары интернетпен, сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін желілер жаңғыртылады, – деді Қ.Есекеев.

 

Атырау облысы