Бапкерлер өз жұмысын жақсы біледі
48 кг салмақта Теміртас Жүсіпов өзінің мықтылығын тағы да дәлелдеді. Жалпы, дзюдо, күрес, бокс секілді спорт түрлерінде жеңіл салмақта өнер көрсету өте қиын. Бокста да 48, 51 кг салмақта жұдырықтасу – қиынның қиыны. Сол себепті де 35 жасқа келсе де осындай салмақты ұстап, бабында жүрген Теміртас Жүсіпов сәл атаққа жетсе, жалқаулығы ұстап кететін барлық боксшыға үлгі. Қазақстанның 7 дүркін чемпионы Теміртас жасы 30-дан асып кетсе де әлем чемпионы атанды.
Кезінде Серік Сәпиевтен үлгі алыңдар деп айтатын едік, қазір боксшыларға тәртібі мен мінезі бір төбе Теміртас Жүсіповке қарап бой түзеңдер дейміз. Теміртас алда өтетін Азия мен әлем чемпионаттарында медаль алып беретін жігіттердің бірі десем, қате айтпаған болар едім.
51 кг салмақта Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай арасындағы жекпе-жек көптің көңілінен шықты. Екі әлем чемпионының жұдырықтасуы өте керемет өтті. Үш раундта да Сәкен жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сәкеннің финалдағы кездесуі 2021 жылы Сербия өткен әлем чемпионатында америкалық Роско Хиллмен өткен жекпе-жекке ұқсады. Ол бекерге Олимпиаданың қола жүлдегері болмағанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Ендігі мақсат – Олимпиада лицензиясын иемденіп, Парижде топ жару.
Жалпы, біз ешкімді бөлмейміз, барлығына дұрыс қараймыз. Бірақ соңғы кезде «Азия ойындарына ананы апару керек еді, мынаны апару керек еді», деп өз пікірін айтатын «мамандар» көбейіп кетті ғой. Сол «пыш-пыш» әңгімеге Сәкен нүктесін қойды. Негізі бапкерлер ақымақ емес, кімге қай салмақ қолайлы екенін біледі. Сондықтан мән-жайды білмей бапкерлерге орынсыз сын айтудың қажеті жоқ. «Бөлінгенді бөрі жейді» деп ата-бабамыз. Ең бастысы, бізге ауызбірлік керек. Қолдау керек. Ниеттес, тілектес адамдар көп болса, сонда ғана үлкен белестерді бағындырамыз.
54 кг салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Алтынбек өте тамаша өнер көрсетті. 51 кг-дан 54 кг салмаққа өткен оның қарсыласы Кенже Мұратұлы да оңай шағылар жаңғақ емес екенін байқатты. Финалдық айқаста Нұрсұлтанның айла-тәсілдері, қимылдары жылдамырақ болғандықтан аз ғана ұпаймен жеңіске жетті. Жалпы, екеуі де келешегінен үміт күттіретін боксшылар екенін аңғартты.
Ізбасарлар көбейіп келеді
57 кг салмақтың тағдыры спартакиадада шешілген сияқты. Бұл салмақта Махмұд Сабырхан жеңімпаз атанды. Оның қарсыласы Оразбек Асылқұлов бар күш-жігерін салғанымен, әрбір раундта Махмұд басымдық танытып отырды. Бірақ чемпионда кемшіліктер бар екені байқалды. Лицензия жеңіп алу үшін Махмұд тынымсыз еңбектенуі тиіс. Алдағы уақытта оны өзіне де, жеке бапкеріне де айтамыз. Одан бөлек өзіміз нақты тапсырмалар беріп, неге мән беру керек екенін қадағалаймыз.
60 кг салмақта біраз мықты жекпе-жек өтті. Бейбарыс Жексен абайлық жас боксшы Руслан Күзеубаев арасындағы финалдық айқаста өзінің тәжірибесімен Бейбарыс басым түсті. Бұл салмаққа жастардың келуі – қуантарлық жағдай.
63 кг салмақта ширек финалдан бастап тартысты жекпе-жектер көп болды. Жартылай финалдық, финалдық кездесулер арпалысқа толы болды. Бұл жерде 57 кг салмақта әлем чемпионатының күміс жүлдегері Серік Теміржановтың әлі 63 кг салмаққа төселмегені байқалды. Оған уақыт керек. Аталған салмақта чемпион атанған Мұхаммедсабыр Базарбайұлының асығы алшысынан түсті.
67 кг салмақ дәрежесінде әлем чемпионы Дулат Бекбауов қиналмай өзінің осы салмақтағы мықтылығын дәлелдеп, финалда павлодарлық Бахтияр Смағұловтан басым түсті.
71 кг салмақта Асланбек Шымбергеновтың ізін жалғаған жастар өсіп келе жатқанын байқадық. Бұл салмақта жеңімпаз атанған Талғат Шәйкен мен финалист Сабыржан Ақхалықовқа әлемдік додада табысқа жетемін десе, әлі де оларға кем-кетіктермен жұмыс істеп, көп еңбектену керек екені байқалып тұр.
75 кг салмақтағы тартысты финалдық жекпе-жекте көп жылдар бойы құраманың үздігі болып келген Нұрқанат Райысты жамбылдық Диас Молжігітов жеңіп кетті. Екі боксшы бір-бірінің қыр-сырын жақсы біледі. Ел чемпионының жартылай финалында, финалдарда бір-бірімен кездескен. Осы жолы Диастың мерейі үстем болды.
Чемпиондар жиналған салмақ
80 кг салмақта бірталай мықты боксшы жиналды. Аталған салмақта ширек финалдан бастап өте тартысты кездесулер өтті. Былтыр құрама сапына ілінген Жәнібек Қартбаев, Бекболат Әбдікерім сияқты боксшылар жарыс жолынан шығып қалды. Оларды жүлдесіз қалдырғандар анау-мынау емес, әлемде атой салғандар еді. 80 кг салмақтың жартылай финалында әлем чемпиондары Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетов, әлем біріншілігінің қола жүлдегері, кәсіпқой бокста біраз жетістікке жеткен Тұрсынбай Құлахмет, 22 жасқа дейінгілер арасында Азия чемпионатының қола жүлдегері Ерасыл Жақпеков өнер көрсетті. Осыдан кейін-ақ бұл салмақта бәсекелестік өте жоғары болғанын аңғару қиын емес. Десе де, финалға шыққан әлем чемпиондары Нұрбек Оралбай мен Бекзат Нұрдәулетов бокс кешін қыздырды. Азғантай басымдықпен Нұрбек жеңіске жетті.
Спартакиаданың басты жаңалығы деп 86 кг салмақтағы жас боксшы Темірлан Мұқатаевты айтуға болар еді. Айла тәсілі, іс-қимылы, Құдай берген күш-қуаты бар, дене-бітімі жақсы өте талантты боксшы екен. Міне, осындай боксшыны Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов секілді Олимпиада чемпионы етіп шығаруға болады. Келешегінен зор үміт күттіретін боксшы деп санаймын. Ол әскерилер арасында әлем чемпионы атанған Абзал Құттыбековті финалда жеңіп, тұңғыш рет Қазақстан спартакиадасының жеңімпазы атанды.
92 кг салмақ дәрежесінің финалын жанкүйерлер тағатсыздана күтті. Айбек Оралбай мен Сағындық Тоғамбай арасындағы кездесуде үшінші раунд жеңіс тағдырын шешті. Соңғы шешуші кезеңде Айбек өзінің мүмкіндігін мүлт жібермей, қарсыласынан бір бас жоғары болды.
Екі боксшы алдағы уақытта әлемдік деңгейде жеңіске жетемін десе, ауыр салмаққа сай соққыларын нығайту керек. Себебі бұл салмақта ресейлік Муслим Гаджимагомедов, италиялық Азиз Аббес Мухийдин, кубалық Хулио Сесар Ла Крус, испандық Энмануэль Рейес, сондай-ақ бразилиялық Кено Машадо секілді әлем чемпионаттарында биік тұғырдан көрініп жүрген апайтөстер өте көп. Сондықтан Айбек те, Сағындық та тынбай еңбектеніп, көп жұмыс істеу керек.
+92 кг салмақта Қамшыбек Қоңқабаевтың Олимпиада жолдамасын алғанын білесіздер. Соған қарамастан спартакиада барысында жартылай финал, финалдық айқастар жоғары деңгейде өтті. Біраз боксшыны түртіп алдық. Алдыңғы чемпионаттағыдай емес, аса ауыр салмақтағылар бұл жолы бір-бірімен «төбелесті». Дамир Тойбай мен Аманат Сабырғали арасындағы финалдық жекпе-жек тартысты өтті. Былтыр да осы екі боксшы финалға дейін жеткен. Ол кезде Аманат қарсыласынан оңай ұтылған еді. Бұл жолы шеберлігі артыпты. Жалпы, жеңіске жеткен Дамир финалға дейін жоғары деңгейде жұдырықтасып шықты. Жүлде алған боксшылар енді соққыларын күшейтсе, алдағы уақытта осыларға сенім артамыз.
Сан аз болса да, сапа жоғары
Спартакиаданың аясында өткен Қазақстан чемпионатына көңіл толмады. Себебі кейбір облыстың спорт басшыларының боксқа деген көзқарасы өте төмен екені байқалды. Елімізде боксты жақсы көреміз, боксты дамытамыз дейміз, бірақ спартакиадаға үш-ақ облыс 13 салмақта толық құраммен келді. Олар – Түркістан, Жамбыл облысы мен Алматы қаласы. Көп облыс 7-10 боксшыны алып келген. Кейбір облыстар 4-5 боксшыны сайысқа қосты. Ал Солтүстік Қазақстан облысынан бірде-бір боксшы қатысқан жоқ. Бұған дейін спартакиадаларда сан жағынан мұндай төмен көрсеткіш болған емес. Алайда сапа жағынан барлығы дұрыс. Себебі жартылай финалды айтпағанның өзінде кейбір салмақта жарыстың ширек финалынан бастап өте қызықты кездесулер болды.
Жалпы, сайдың тасындай 52 боксшы Қазақстан құрамасына алынды. Оның сыртында Олимпиада жолдамасына иелік еткен аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев, 71 кг салмақта команда капитаны Асланбек Шымбергенов, Азия ойындарында жақсы өнер көрсеткен, бүгінде жарақатына ем-дом жүргізіп жатқан Ертуған Зейнуллинов секілді үш-төрт боксшы да құрама сапына енеді.
Келер жылы Италияда өтетін Олимпиада жолдамасы үйлестіретін турнирге кімдер барады дегенге келсек, бірінші кезекте спартакиадада жеңімпаз атанған боксшыларға басымдық беріледі. Алайда оған дейін біраз күн барын ескеруіміз керек. Сол уақытқа дейін чемпион атанғандар өз бабында бола ма, болмай ма? Басты мәселе – осында. Құдай сақтасын, боксшылар ауырып та қалуы мүмкін. Сол себепті уақыттан озбайық. Жарысқа екі аптадай уақыт қалғанда кімдердің баратыны белгілі болады. Ең бастысы, іріктеу турниріне кіл мықтылар барады.
Жазып алған –
Алмас МАНАП,
«Egemen Qazaqstan»