Әлем • 26 Қараша, 2023

АҚШ-ҚХР: Қайта жанданған байланыс

204 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Калифорниядағы саяжайда серуендеп келе жатқан Джо Байден мен Си Цзиньпиннің суреті қытайлық БАҚ-тың бас тақырыбынан әлі түскен жоқ. Бейжің бұл төрт сағаттық екіжақты кездесуді «тарихи» кезең десе, америкалық ең ірі мемлекеттік «People’s Daily» газеті Қытай-Америка қарым-қатынасының «жаңа бастауы» деп атады.

АҚШ-ҚХР: Қайта жанданған байланыс

Бұл – Джо Байден мен Си Цзиньпиннің көптен бері бетпе-бет кездесуі. Айта кетейік Covid-19 пандемиясынан соң ҚХР басшысы шетелге алғашғы сапарын Қазақстаннан бастаған болатын.

Бұған дейін Қытай Тайвань мен Оңтүс­тік Қытай теңізіне қатаң талап қойып, АҚШ озық технологияларды экспорт­тауға тыйым салған еді, осындай жағдайлар екі ел арасына сызат түсірді. ВВС-дің мәліметінше АҚШ-тың жоғары лауазымды шенеуніктерінің Бейжіңге жасаған биылғы сапары мен Сан-Францискода өткен Азия-Тынық мұхиты елдерінің экономикалық ынтымақтастығы саммиті осы олқылықтардың ор­нын толтырды. Саммит желі­сімен екі алып жүздесіп, бірқатар мәселенің түйінін шешті. Мәселен, екі тарап әскери байланысты қалпына келтіруге, АҚШ-тағы наша­қорлықпен күресу үшін бір­лесіп жұмыс істеуге келісті. Алайда Тайвань сияқты өткір мә­селелер қалыс қалды. Сон­дай-ақ баспасөз мәслихатының соңында Джо Байден сұрақтарға жауап бере отырып, Си Цзиньпиннің диктатор екенін еске салды, бұл пікірді АҚШ президенті бұған дейін де айтқан болатын, осы ретте тағы қайталады.

«China Central Television» мемле­кеттік телеарнасы күнделікті кешкі жаңалық­тарының үштен екісін Қытай Пре­идентінің Сан-Францискодағы сапарына арнады, шамамен 15 минут Байден мен Си Цзиньпиннің және оның сол күні кешке америкалық бизнес көшбасшыларымен кездесуі көрсетілді, эфирдің тағы 15 минуты Си мырзаның сөзімен жалғасты.

«Кездесу позитивті, жан-жақты және сындарлы болды. Бұл Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынасты тұрақ­танды­рудың жаңа бастамасы болуы мүм­кін», деді жүргізуші «People’s Daily» журналында жарияланған мақаланы оқи оты­рып.

Осылайша, Қытайдың мемле­кеттік БАҚ-тары антиамерикалық риториканы тоқтатты, оның орнына келісім мен ынтыма­қтастықты көрсететін ақпарат, хабар­лар таратты. Мәселен, Синьхуа мемле­кеттік ақпарат агенттігі екі ел дос­тығы туралы ауқымды мақала жариялады. «Достық байланыстардың тұрақты­лығы мен беріктігі қиын кезеңдерде әрқашан қолдауға ие болады», делінген Си Цзиньпиннің АҚШ сапарындағы фотосуреттерімен бірге жарияланған мақалада. Ал Байденнің «диктатор» деген тұсы Қытайдың ресми ақпарат көздерінен кесіліп тасталды.

 

Екі ел бірқатар келісімге келді

«Менің ойымша, кездесу нәти­желі болды. Біз маңыз­ды мә­се­лелерді бірігіп шешуге уағ­да­ластық», деді АҚШ прези­денті Байден кездесуден кейін. Бұған дейін АҚШ-Қытай қарым-қа­тынасы тақтайдай тегіс болмағаны белгілі. Енді бұл кездесуден кейін екі держава арасындағы байланыс қақпасы қайта жабылмайтын болды.

Алдымен екі президент эколо­гиялық мәселелерді талқылады. Қос ел де ауаға көміртегі шыға­рындыларын тастап, климат ластануының әлемдегі ең ірі көзі, осыған орай АҚШ пен Қытай климаттың өзгеруіне қарсы әрекет етеміз деп келісті, бірақ екеуі де қазба отындарын пайдалануды тоқтатамыз деген міндеттеме алған жоқ. Олар метанның, әсі­ресе күшті парниктік газдың шы­ғарындыларын бәсеңдету және 2030 жылға қарай жаңар­тылатын энергияны пайдалануды үш есе арттыру жөніндегі жаһандық бастаманы қолдау үшін ынтымақтасуға уәде берді. Осы келісімді ВВС сарапшылары айдың соңында Дубайда өтетін «COP-28» климаттың өзгеруіне арналған халықаралық конференция қарсаңында назар аударарлық оқиға екенін айтады.

«Бұл – климаттың өзгеруімен күре­судегі азғантай ғана әре­кет, бірақ маңызды қадам», деді Қытай сарапшысы және бри­тандық «Chatham House» талдау орталығының зерттеушісі Бернис Ли. Ал Әлемдік ресурс­тар институтының сарапшысы Дэвид Васкоу: «Қытай – метан шығарындыларының әлемдегі ең үлкен көзі және жақын арада жаһандық жылынуды бәсеңдету үшін осы газ шығарын­дыларын шектеуде маңызды әрекет етуі қажет», деді ВВС-ге берген пікі­рінде.

Екіншіден, Джо Байден мен Си Цзинь­пин фентанилдің заңсыз айналымымен күресуге келісті. Екі тарап есірткінің заң­сыз айналымына қарсы күресте ынты­мақтасатынын мәлімдеді. ВВС таратқан мәлімет бойынша өткен жылы Америкада шамамен 75 мың адам есірткіні шамадан тыс қолданып, қайтыс болған. Айта кетейік, қытайлық өндіруші компаниялар есірткінің өзін ғана емес, оған қосып пайдалануға бола­тын химиялық прекурсорларды да өндіреді. Осыны ескерген Қытай басшысы АҚШ-тағы заңсыз фентанил ағынын тоқтату үшін химиялық компаниялармен күресетінін айтты. Алайда Брукинг институтының халықаралық ұйым­дасқан қылмыс жөніндегі сарапшысы Ванда Фелбаб-Браун бұл келісім «дипломатиялық және саяси мәлімдеме», оның нақты нәтиже берері күмәнді деген пікір­де. «Қытайдың бұл компанияларды қалай қудалайтыны әлі белгісіз. Қытай басшысы олардың үшеуімен, бес немесе елуімен күресе ме? Негізі ҚХР есірткіге қарсы ынтымақтастықты «айырбас монетасы» және «кең дипломатия құралы» ретінде пайдалануды жалғастырады», деді ол.

Сонымен қатар шиеленісті кезеңнен кейін екі ел арасында әскери байланыс қайта жанданады. Қос басшы әскери­лер арасындағы байланысты қалпына кел­тіруге уәделесті. Бұл негізі америкалық­тардың тілектері болды. Өткен жылы АҚШ Өкілдер палатасының сол кездегі спикері Нэнси Пелоси Тайваньға жасаған сапарынан кейін Қытай әскери байланыстарды үзген еді. Ал жыл басында қытайлық барлау шары АҚШ-тың үстінен ұшып, Атлант мұхитының үстінен атып түсірілгеннен кейін қарым-қатынас одан әрі ушыға түсті.

«Қырғиқабақ соғыс кезінде АҚШ пен кеңес одағы ядролық державалар ара­сындағы соғысқа әкелуі мүмкін кез келген кездейсоқ қадамдарды болдырмау үшін әрқашан әскери байланыста болды. Дәл қазір Қытай мен АҚШ арасындағы қарым-қатынас та солай болуы керек», деді бұрынғы АҚШ қорғаныс министрі көмек­шісінің орынбасары Мик Малрой. Он жыл бойы Қытайдан репортаж жасаған Солтүстік Америкадағы ВВС тілшісі Джон Садворт, екі ел президенттерінің ымыраға келетіні жеке кездесуге дейін бір­ден байқалғанын айтады. Мәсе­лен, ай басында бірнеше жылдан соң алғаш рет екі тарап Вашингтонда өздерінің ядролық арсеналдарын талқылау үшін кездескен.

Сондай-ақ екі елдің прези­денттері Тайвань мәселесін де тал­қылады. Си Цзинь­пин амери­калық әріптесіне Тайваньды қаруландыруды тоқтату керек­тігін, Қытайдың сыртқы істер министр­лігінің мәлімдемесіне сәйкес Аралмен қайта қосылуын тоқтату мүмкін еместігін жеткізді. Ал Джо Байден журналистерге бұл мәселеге АҚШ-тың көзқарасы өзгермейтінін айтты.

 

Достық «елшілері»

Кездесуден кейін Си Цзиньпин Бейжің АҚШ хайуанаттар бағына көп панда жөнелтетінін айтты. Негізі Қытай қонжықтарды ондаған жыл бойы өзге мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайту үшін «пандалық дипломатияны» қолданып келеді.

«Пандалар ұзақ уақыт бойы Қытай мен Америка халықтары арасындағы достықтың нышаны болды», деді Си Цзиньпин кешкі ас кезінде. ВВС мәліметі бойынша Колумбия округіне қарасты Вашингтондағы Ұлттық хайуанаттар бағында 23 жыл өмір сүрген үш алып панда осы айда Қытайға қайтарылған. Ал Атланта хайуанаттар бағындағы төрт аю келесі жыл­дың басында елдеріне оралады.

Қытай басшысы Бейжің АҚШ-пен пан­даларды сақтау бойынша ынтымақ­тастықты жалғастыруға дайын екенін айтты, әсіресе аюларды Сан-Диего хайуанат­тар бағына жіберу мүмкіндігін қарасты­ратынын мәлімдеді. Осылайша, пандалар «Достық елшілері» ретінде қызмет етіп келеді.

Екі алып ел арасындағы келіс­сөздер осы кездесуден кейін жалғаса береді. Алайда екі мемлекет әлі де көп мәселе бойынша бір-бірінен алшақ. Келіспеушіліктерді бейбіт жолмен шешу бастама болғанымен, кейбір сарапшылар «тым оптимистік болжамдардан сақ болған жөн» дейді.

«Кейінгі төрт айда Вашингтон мен Бейжің арасындағы байланыстар шынымен де керемет жақ­сарды. Алайда мұның көп бөлігі Азия-Тынық мұхиты елде­рінің экономикалық ынтымақ­тастығының осы кездесуіне тікелей байланысты. Бұл оң көзқарас пен қадамдар алдағы уақытта сақталуы да, сақталмауы да мүмкін», деді Сиракьюз университетінің Қытай зерттеулер орталығының директоры Димитар Георгиев.