Инвестиция • 29 Қараша, 2023

Инвестиция – өңір дамуының өзегі

110 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдау­ла­рын­да арнайы экономикалық аймақ­тарға инвестициялық жеңіл­дік­терді саралап беру, аумақтық даму жолында әр өңірдің бәсекелі артық­шылығын ескеру қажеттілігі, өңір­лерді дамыту ісіне қатысты тың тәсілдер еліміздің дамуы үшін өте маңызды екені айтылған еді. Сондай-ақ Президент инвес­ти­ция тарту жұмысын жүйелі жүр­гізу керектігін, әрбір аймақ өзі­нің әлеуетін ескеріп, инвес­ти­ция бағыттау жұмыстарын жедел­де­ту­ді тапсырды.

Инвестиция – өңір дамуының өзегі

Жергілікті өнімнің үлесі жоғары

Бұл орайда Түркістан облысында индустриалды аймақтарға инвестиция тарту жұмыстарына ерекше мән беріліп жатыр. Өңірде қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген 9 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 88,2 млрд теңгені құрайтын 74 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Осы жылдың 10 айында индустриалды аймақтарға 46 млрд теңгеге инвестиция тартылды.

«Өндірісті дамыту арқылы табыс көзін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін индустриалды аймақтарды дамытуға басымдылық берудеміз. Бұл мақсатта облыс көлемінде қосымша 6 – Шардара, Сайрам және Бәйдібек аудандарында агро-индустриалды, Түркістан қаласында және Келес ауданында өндірістік индустриалды аймақтар құрылып жатыр. Осы орайда орталық тараптан облысқа негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2023 жылға 908,2 млрд теңге болып бекітілді. Биылдың 10 айының қорытындысымен 751,4 млрд теңге көлемінде немесе жоспар 82,7% орындалды. Оның ішінде 532,6 млрд теңге жеке инвестиция болса, бюджеттік инвес­тиция 178,3 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін жоспарланған межені орындау мақсатында әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Бұған қоса 2023 жылға өңірге тікелей шетел­дік инвестициялар көлемі 451 млн дол­лар көлемінде бекітілген. Биылдың ІI тоқсанының қорытындысымен өңірге са­лынған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн долларды құрады. Өңірде 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 3,3 трлн тең­геге 16 467 жұмыс орнын құрумен 194 инвестициялық жобаның пулы бар. Жыл соңына дейін жалпы құны 103,2 млрд теңге болатын 1 959 жаңа жұмыс ор­нын құрумен 51 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 10 айдың қоры­тын­ды­сында 85 млрд теңгеге 1 230 жұмыс орнын құрумен 39 инвестициялық жоба іске қосылды. Сонымен қатар Қытай Ха­лық Республикасына іссапар аясында, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі да­мыту және қытайлық инвесторларды об­лыс­қа тарту мақсатында 2,6 трлн теңгені құ­рай­тын 10 компаниямен келісімге қол қо­йыл­ған.

Түркістанда өткен халықаралық фо­рум­­да да инвестиция тарту жолдары қарас­тырылды. Қазақстан, Түркия, Қыр­ғыз­стан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді саясаткерлері, ықпал­ды кәсіпкерлер, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатыс­қан­ халықаралық форум Түркістан облысында алғаш рет өткізіліп отыр. TIF’23 – «Түркістан: Туризм. Инвестиция. Эко­номика» халықаралық форумында өңір­ді дамытудың маңызды аспектілері, стра­те­гия­лық маңызды салалары, оның ішінде туризм, инвестиция және экономика бағыт­тары туралы баяндама жасаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыста 170 мыңнан аса шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейтінін атап өтті.

«Оның ішінде 70 мыңнан аса шаруа және фермер қожалығы бар. Өңіріміз арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қолайлы климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығымен жыл бойы айна­лы­суға мүмкіндік береді. Өңірде «Turan» көп­функционалды арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақтар инвес­тор­ларға қолдау көрсетуге дайын», деген облыс әкімі инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Кейінгі бес жылда Түркістан өңіріне инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 2018 жылдан бас­тап облысқа шамамен 6,3 млрд доллар көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестициялар бағытталды. Қаржыландырудың басым бөлігі – жеке инвесторлар есебінен жүзеге асып жатыр. Мәселен, биыл 437,7 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 5 951 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ұсынуға, ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттерді жаңа әлем­нің экономикалық, іскерлік орталық­та­ры­ның біріне айналдыруға, сондай-ақ жаһандық корпорацияларды, ритейл саудагерлерді стратегиялық нарыққа біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шарада бірнеше сала бойынша пле­нар­лық сессиялар өткізіліп, маңызды келі­сімдер жасалды. Форум алдында инвесторлар мен кәсіпкерлер облыстағы өнеркәсіптік алаңдарды аралады. Ол жерде өндіріс орындары таныстырылып, инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтылды. Халықаралық форум аясында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 трлн 55 млрд теңгені құрайтын 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерлерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы, Сайрам ауданында қуаты 1000 МВт болатын икемді генерациялау режімі бар аралас циклді газ стансасының негізінде электр стансасын салу, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма, Бәйдібек ауданында құс фабрикаларын құру және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды. Ал «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессиясы отырысында саланың даму перспективалары мен сыртқы нарықтарға шығу жолдары талқыланды.

«Агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30%-ын құрайды. Географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары бойынша облыс аграрлық саланы дамыту үшін, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, сонымен қатар миллионнан аса халықтың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы ауыл шаруашылығымен тікелей бай­ла­нысты. Мемлекеттік қолдаудың көме­гі­мен саланың инвестициялық тартым­дылығы айтарлықтай өсті. 5 жыл ішінде аграрлық салаға шамамен 1 млрд доллар көлемінде жеке инвестиция тартылды. Әлем­де халық санының өсуіне, сапалы азық-түлік тауарларына сұраныстың артуы­на­ байланысты агроөнеркәсіптік кешенді жа­ңа форматта дамыту өзекті мәселеге ай­нал­ды. Осыған байланысты өңірде бұл сала­ның бірнеше бағытын дамытуға күш салып жатырмыз», деді облыс әкімінің орын­басары Ермек Кенжеханұлы.

Өңірде ауыл шаруашылығы дақыл­да­рын әртараптандыруға басымдық беріледі. Суар­малы суды тиімді пайдалану, су үнем­­деу технологияларын кеңінен енгізу жұмыс­­тарына күш салынған. Соны­мен қатар бәсекеге қабілетті экс­порт­қа бағ­дар­лан­­ған қайта өңдеу саласы дамып жатыр. Облыс үлесіне респуб­ли­каның суармалы жер­­лерінің 1/3 бөлігі тиесілі. Республика хал­қын отандық өнім­мен қамтамасыз ету­дегі облыстың үлес салмағы жоғары. Мы­са­лы, облыс үле­сі­не өндірілген шикі мақ­та­ның 100%-ы, жүзім­нің 74%-ы, бақ­ша­ да­қыл­дарының 59%-ы, жеміс­тердің 35%-ы, жүгерінің 25%-ы, көкө­ніс­тердің 23%-ы тие­сілі. Жылыжай шаруа­шылығы және қар­қын­ды бау-бақша шаруа­шылығы жүйе­л­­і түр­де дамып келеді. Жыл сайын облыста 3 млн тоннадан аса көкө­ніс және бақша да­қыл­­дары, 800 мың тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна жемістер мен жүзім, 300 мың тонна шитті мақта өндіріледі. Мал­ шаруашылығы көрсеткіштері бо­йын­ша облыс – респуб­ликада алдыңғы қа­тар­да. Елімізде облыс үлесіне ірі қара мал ба­сының 14%-ы, ұсақ малдың 23%-ы,­ жыл­қы­ның 11%-ы, түйенің 14%-ы, өнді­ріл­ген ет­тің 11%-ы және сүттің 12%-ы тие­сілі. Сон­дай-ақ облыс үлесіне елден экс­порт­та­ла­тын ірі қараның 85%-ы, қой еті­нің 60%-ы тиесілі. Биылдың 10 айында 10 тон­на ірі қара еті, 4,6 мың тонна қой еті экс­­портталды.

­

Жұмыспен қамту көрсеткіші

Инвестиция тарту нәтижесінде ашыл­ған әрбір кәсіпорын немесе өндіріс жергі­лікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға сеп­тігін тигізері анық. Бұған қоса жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалардың жұмыссыздықпен күресте алар орны ерекше. Облыста биыл 109,7 мың жұмыс орнын ашу бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Оның 72,4 мыңы – тұрақты, 37,4 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Биыл «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаны» жүзеге асыруға жалпы 109,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды. Оның ішінде 39,1 мың адам тұрақты, 35,9 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылған. Облыстық жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­мет­тік бағдарламалар басқармасының мәліме­тінше, биылғы 17 қарашадағы дерек бойын­ша республика көлемінде ұлттық жобалар негізінде 47,5 мыңнан аса жұмыс орны ашылса, оның ішінде Түркістан облысы бойынша 3 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Жұмысқа орналасқандардың 82 пайызына зейнетақы аударымдары түсіп, 97 мыңнан аса азаматпен электрон­дық еңбек келісімшарты түзілген. Бұл көр­сет­кіш бойынша Түркістан өңірі елімізде бірінші орында тұр.

Биыл 466 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру барысында 5 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Оның бүгінгі таңға 411 жобасы басталып, жалпы 3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты аясында жалпы 75,1 мың азамат тұрақты және субси­дияланған жұмыспен қамту шара­ла­ры­на жолданды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд теңге қаржы қаралып, 1 688 тұрғынға мемлекеттік грант беру көзделді. Грант берудің 3 кезеңі өткізіліп, 11,3 мың адам өтініш қалдырған. Нәтижесінде, 1 688 адам грант алып, өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қолөнер бұйымдары, тамақ өндірісі салалары бо­йынша өз кәсіптерін ашып жатыр. Биыл қанат­қақты жоба ретінде грант алушыларға бір бағытта кәсіп ашу ұсынылған. Атап айт­қанда, Сайрам ауданында бір көшенің бойында орналасқан 20 азамат күрке та­уық­ асыраумен, Сарыағаш ауданында 40 тұр­ғыны тамшылатып суару әдісімен құл­пы­­най өндірумен, Шардара ауданында 20 аза­­мат тігіншілікпен, Түркістан қала­сын­да 11 тұр­ғын қолөнер бұйымдарын өнді­ру­мен айна­­лысып жатыр. Президенттің сай­лау­алды тапсырмасы негізінде биыл 35 жас­қа тол­маған 594 тұрғынға 2,5 пайыздық өсім­мен 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген не­сие­ беру жоспарланған еді. Осы мақсатта 2,9 млрд теңге қаржы қаралған. Бүгінде 933 жоба конкурстық комиссия қарауына ұсы­­­­нылып, нәтижесінде 583 адамның жо­ба­­сы 2772,7 млн теңгеге мақұлданды, 490 адамға 2236,7 млн теңгеге қаржысы ауда­­­рыл­ған. Осы және өзге де жұмыстар ар­қы­лы биыл өңірде АӘК алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға­ төмендеген.

Өңірдің индустриялық-инновациялық, оның ішінде аумақтық дамуына, халықты жұмыспен қамтуға аудандарда жүзеге асырылып жатқан жобалар оң септігін тигізіп келеді. Мысалы, Ордабасы ауданында жылдық қуаты 10 мың тонна алюминий профиль бұйымдарын шығаратын «Gold Aluminium» зауыты бар. «Бадам» индус­триалды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 3 млрд теңге. Жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары өз қаржысы есебінен жүргізіліп, биыл мемлекеттік қабылдаудан өтті. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Зауытта боялған және боялмаған алюминий профильдері шығарылады. Ал Ақбұлақ ауылында «Kazkioti» зауыты жылына 2000 дана техника шығаруға қауқарлы, 50 адам жұмыс істейді. Зауыт «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдар­ла­масы аясында іске қосылған еді.

ыпр

Бүгінде Ордабасы индустриалды айма­ғын­да құрастырылатын тракторларға сұра­ныс жоғары. Кәсіпорын басшысының ай­туынша, зауыт трактордың 5 түрін жинап шығарып жатыр. Биыл 200 трактор жи­на­лып, оның 175-і сатылды. «Kazkioti» ком­па­ниясы іске қосқан бағдарлама шарттары бойынша 15 пайыздан бастап алдын ала төлем жасалады. Лизинг мерзімі – 3 жыл­дан 10 жылға дейін. Зауыт қазіргі таңда Түркістан облысына ғана емес, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда, Орал мен Ақтөбе қалаларына тракторларын­ жөнелтуде. Сондай-ақ Бадам ауылында «Bokei» толық автоматтандырылған қыш­ зауыты жұмыс істейді. Өндіріс орны бүгінде тәулігіне 100 мың дана қыш өнді­ре­ді. Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқ­ты мемлекеттерде жасалған заманауи­ қон­дырғылармен жабдықталған зауыт Түр­кістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қау­қарлы. Өндіріс орнында бүгінде 30 адам жұмыспен қамтылған. Ал Сайрам ауданында жуырда 1000 МВт бу-газ қондырғысының капсуласы салынды.

«Түркістан БГҚ» ЖШС-ның маневр­лік генерациялау режімі бар бу-газ қон­ды­р­­ғысы базасында электр стансасы­ның құры­лысын жүзеге асыруға 700 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады. Бірегей жоба тек Түркістан өңі­рінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энер­гиясының қуатын арттыруға мүм­кін­дік­ береді. Жобаны облыс әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе жүзеге асы­рып жатыр.

«Облыс тарихындағы ең ірі жоба Мем­­ле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жолдауын іске асыру жөнін­де­гі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары­ негізінде жүзеге асады. Маңызды жоба жүзеге асқанда өңірімізде энергия тап­шы­лығы толық шешіледі. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен өндіріс те қарқынды дамытуға мүмкіндік береді», деді өндіріс орнында болған облыс әкімі Д.Сатыбалды.

Бүгінде облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажет­ті­ліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын реттеп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады. Жаңа бу-газ электр стансасының ерекшелігі – қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр стансасының негізгі жабдықтары Еуропадан, яғни Германия, Италия, Чехия елдерінен әкелінеді. Станса құрылысын келесі жылы бастап, 2026 жылы толық іске қосу жоспарланып отыр. Электр стансасының құрылысы үшін Сайрам ауданынан 60 гектар жер бөлінді. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан аса уақытша жұмыс орны ашылса, қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ Сайрам ауданында «Tukistan май» сауда маркасымен күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Жылына 1 200 тонна май өндіретін өндіріс орнында 30 адам жұмыспен қамтылған. Серіктестік өнімінің 70%-ын еліміздің қалаларына, қалған 30%-ын Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай елдеріне экспорттайды.

 

Сапалы инфрақұрылымның игілігі

Өңірдің экономикалық дамуын­да­ тұр­ғындардың инженерлік инфра­құ­ры­лым­мен, яғни сапалы ауыз су, табиғи газ­­бен қамтамасыз ету де маңызды рөл атқарады. Президент Жолдауында инфра­құ­ры­лым­ның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні ай­тыл­ған және бұл бағытта бірқатар міндет жүк­телген болатын. Бұл орайда облыстағы елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту бағы­тын­дағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр.

Бүгінде ауыз сумен, табиғи газбен толық қамтылған ауыл, аудандар қата­ры­ көбейіп келеді. Мысалы, жуырда Төле­би ауданындағы Қасқасу ауылдық округі тұрғындарына табиғи газ нысаны пайдалануға берілді. Аталған нысанның құрылыс жұмыстары мердігер мекеме «Аzia RC» ЖШС тарапынан 2021 жылы басталған. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 66,1 шақырым. Қазіргі уақытта 3 газ реттеу пункті, 687 газ рет­теуші шкаф бекеті орнатылды. Бұдан бөлек, жобада қаралмаған 105 үйге қосымша газ құбыры тартылды. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас елді мекендерінің газ құбырлары сығымдау­дан өтіп, іске қосылды. Нәтижесінде, 1 021 абонент немесе 5 200 тұрғын газбен қамтылады. Аудан­ды газбен қамту деңгейі 100 па­йызды құрайды. Жауапты мамандар­ тара­пынан құжаттандыру бо­йынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгін­де елді мекендердегі 574 үй газға қосы­лып­ үлгерді. Оның ішінде 15 отбасына демеушілер есебінен газ құбырын үйге дейін тарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ордабасы ауданы Төрткүл елді мекенінде де табиғи газ беру нысаны іске қосылды. Аталған нысанның құрылыс жұ­мыстары 2022 жылы қыркүйек айында бас­та­лып, биыл қараша айында аяқталды. Құжат­тан­дыру жұмыстары толық аяқталған соң, ауылдағы 1 497 үй немесе 7 631 тұрғын газбен қамтылады. Ордабасы ауданы бо­йынша 57 елді мекеннің 9-ы табиғи газбен қамтылған. Қамту деңгейі 21,6% немесе 25 568 халықты құрайды. Биыл 14 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейін 45,1%-ға жеткізу көзделген. Бүгінде Қарақұм ­ауылында табиғи газ нысанының құрылысы аяқталып, 3 536 тұрғын «көгілдір отынмен» қамтылды. Қалған 11 елді мекен 2024 жылы табиғи газға қосылады.

Ал Қазығұрт ауданындағы 62 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде 38 елді мекенінде 24 сағат ауыз су берілетін болса, 19 елді мекенінде уақытпен, 3 елді мекені бұлақ көзінен ауыз су пайдаланады. Тіршілік нәрін уақытпен қолданып келген Қызылдихан елді мекені енді ауыз суды тәулік бойы пайдалана алады. Елді мекендегі ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары былтыр басталған. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, 430 шаңырақ таза ауыз су тұтынады. Қазіргі таңда уақытпен су ішетін елді мекендерді толыққанды тіршілік нәрімен қамтудың кешенді картасы бекітілген. Сондай-ақ алдағы уақытта ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін Өгем өзенінен бастау алатын су құбырының құрылысы басталады. Ауқымды жоба Қазығұрт ауданынан бөлек, Сарыағаш пен Келес, Мақтаарал мен Жетісай ауданы тұрғындарын да сапалы ауыз сумен қамтуға қауқарлы.

 

Түркістан облысы