Жергілікті өнімнің үлесі жоғары
Бұл орайда Түркістан облысында индустриалды аймақтарға инвестиция тарту жұмыстарына ерекше мән беріліп жатыр. Өңірде қажетті инфрақұрылымдармен қамтамасыз етілген 9 индустриалды аймақ жұмыс істейді. Бұл аймақтарда 88,2 млрд теңгені құрайтын 74 кәсіпорын өз жобаларын жүзеге асырып жатыр. Осы жылдың 10 айында индустриалды аймақтарға 46 млрд теңгеге инвестиция тартылды.
«Өндірісті дамыту арқылы табыс көзін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу үшін индустриалды аймақтарды дамытуға басымдылық берудеміз. Бұл мақсатта облыс көлемінде қосымша 6 – Шардара, Сайрам және Бәйдібек аудандарында агро-индустриалды, Түркістан қаласында және Келес ауданында өндірістік индустриалды аймақтар құрылып жатыр. Осы орайда орталық тараптан облысқа негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2023 жылға 908,2 млрд теңге болып бекітілді. Биылдың 10 айының қорытындысымен 751,4 млрд теңге көлемінде немесе жоспар 82,7% орындалды. Оның ішінде 532,6 млрд теңге жеке инвестиция болса, бюджеттік инвестиция 178,3 млрд теңгені құрады. Жыл соңына дейін жоспарланған межені орындау мақсатында әкімдік тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып жатыр», дейді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Бұған қоса 2023 жылға өңірге тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 451 млн доллар көлемінде бекітілген. Биылдың ІI тоқсанының қорытындысымен өңірге салынған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн долларды құрады. Өңірде 2023-2026 жылдар аралығында жүзеге асырылатын жалпы құны 3,3 трлн теңгеге 16 467 жұмыс орнын құрумен 194 инвестициялық жобаның пулы бар. Жыл соңына дейін жалпы құны 103,2 млрд теңге болатын 1 959 жаңа жұмыс орнын құрумен 51 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 10 айдың қорытындысында 85 млрд теңгеге 1 230 жұмыс орнын құрумен 39 инвестициялық жоба іске қосылды. Сонымен қатар Қытай Халық Республикасына іссапар аясында, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 2,6 трлн теңгені құрайтын 10 компаниямен келісімге қол қойылған.
Түркістанда өткен халықаралық форумда да инвестиция тарту жолдары қарастырылды. Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Қытай, Ресей елінің беделді саясаткерлері, ықпалды кәсіпкерлер, сала көшбасшылары мен сарапшылары, инноваторлары қатысқан халықаралық форум Түркістан облысында алғаш рет өткізіліп отыр. TIF’23 – «Түркістан: Туризм. Инвестиция. Экономика» халықаралық форумында өңірді дамытудың маңызды аспектілері, стратегиялық маңызды салалары, оның ішінде туризм, инвестиция және экономика бағыттары туралы баяндама жасаған облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыста 170 мыңнан аса шағын және орта бизнес өкілі жұмыс істейтінін атап өтті.
«Оның ішінде 70 мыңнан аса шаруа және фермер қожалығы бар. Өңіріміз арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарықтарға шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Қолайлы климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығымен жыл бойы айналысуға мүмкіндік береді. Өңірде «Turan» көпфункционалды арнайы экономикалық аймағы мен индустриалды аймақтар инвесторларға қолдау көрсетуге дайын», деген облыс әкімі инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Кейінгі бес жылда Түркістан өңіріне инвестициялар тарту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды. 2018 жылдан бастап облысқа шамамен 6,3 млрд доллар көлемінде өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға инвестициялар бағытталды. Қаржыландырудың басым бөлігі – жеке инвесторлар есебінен жүзеге асып жатыр. Мәселен, биыл 437,7 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба іске қосылып, 5 951 жаңа жұмыс орны ашылды.
Жаңа инвестициялық мүмкіндіктерді ұсынуға, ынтымақтастықты кеңейтуге және түркітілдес мемлекеттерді жаңа әлемнің экономикалық, іскерлік орталықтарының біріне айналдыруға, сондай-ақ жаһандық корпорацияларды, ритейл саудагерлерді стратегиялық нарыққа біріктіруге бағытталған халықаралық іс-шарада бірнеше сала бойынша пленарлық сессиялар өткізіліп, маңызды келісімдер жасалды. Форум алдында инвесторлар мен кәсіпкерлер облыстағы өнеркәсіптік алаңдарды аралады. Ол жерде өндіріс орындары таныстырылып, инвестициялық мүмкіндіктері туралы айтылды. Халықаралық форум аясында келіссөздер жүргізіліп, жалпы құны 1 трлн 55 млрд теңгені құрайтын 20-ға жуық меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, Сауран ауданында тоңазытқыш қондырғылар өндірісін кеңейту, Созақ ауданында фосфатты тау жыныстары кендерін өңдеу зауытының құрылысы, «Шардара» экспорттық агроөнеркәсіптік, Мақтаарал ауданында тоқыма кластерлерін құру және Келес ауданында индустриалды парк құрылысы, Сайрам ауданында қуаты 1000 МВт болатын икемді генерациялау режімі бар аралас циклді газ стансасының негізінде электр стансасын салу, түсті рудаларды және металлургия өндірісінің өнеркәсіп қалдықтарын қайта өңдеу бойынша Кентау байыту комбинатын іске қосу, Жетісай ауданында тоқыма, Бәйдібек ауданында құс фабрикаларын құру және тағы басқа бағытта ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, келісімдер жасалды. Ал «Ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібін дамыту» жайында панельдік сессиясы отырысында саланың даму перспективалары мен сыртқы нарықтарға шығу жолдары талқыланды.
«Агроөнеркәсіптік кешен облыстың жалпы өңірлік өнімінің 30%-ын құрайды. Географиялық орналасуы, климаттық жағдайлары бойынша облыс аграрлық саланы дамыту үшін, сондай-ақ жұмыс күшімен қамтамасыз ету тұрғысынан ең қолайлы өңір болып есептеледі. Облыста 100 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істейді, сонымен қатар миллионнан аса халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Мемлекеттік қолдаудың көмегімен саланың инвестициялық тартымдылығы айтарлықтай өсті. 5 жыл ішінде аграрлық салаға шамамен 1 млрд доллар көлемінде жеке инвестиция тартылды. Әлемде халық санының өсуіне, сапалы азық-түлік тауарларына сұраныстың артуына байланысты агроөнеркәсіптік кешенді жаңа форматта дамыту өзекті мәселеге айналды. Осыған байланысты өңірде бұл саланың бірнеше бағытын дамытуға күш салып жатырмыз», деді облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы.
Өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық беріледі. Суармалы суды тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу жұмыстарына күш салынған. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті экспортқа бағдарланған қайта өңдеу саласы дамып жатыр. Облыс үлесіне республиканың суармалы жерлерінің 1/3 бөлігі тиесілі. Республика халқын отандық өніммен қамтамасыз етудегі облыстың үлес салмағы жоғары. Мысалы, облыс үлесіне өндірілген шикі мақтаның 100%-ы, жүзімнің 74%-ы, бақша дақылдарының 59%-ы, жемістердің 35%-ы, жүгерінің 25%-ы, көкөністердің 23%-ы тиесілі. Жылыжай шаруашылығы және қарқынды бау-бақша шаруашылығы жүйелі түрде дамып келеді. Жыл сайын облыста 3 млн тоннадан аса көкөніс және бақша дақылдары, 800 мың тонна дәнді дақылдар, 200 мың тонна жемістер мен жүзім, 300 мың тонна шитті мақта өндіріледі. Мал шаруашылығы көрсеткіштері бойынша облыс – республикада алдыңғы қатарда. Елімізде облыс үлесіне ірі қара мал басының 14%-ы, ұсақ малдың 23%-ы, жылқының 11%-ы, түйенің 14%-ы, өндірілген еттің 11%-ы және сүттің 12%-ы тиесілі. Сондай-ақ облыс үлесіне елден экспортталатын ірі қараның 85%-ы, қой етінің 60%-ы тиесілі. Биылдың 10 айында 10 тонна ірі қара еті, 4,6 мың тонна қой еті экспортталды.
Жұмыспен қамту көрсеткіші
Инвестиция тарту нәтижесінде ашылған әрбір кәсіпорын немесе өндіріс жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға септігін тигізері анық. Бұған қоса жүзеге асырылып жатқан түрлі бағдарламалардың жұмыссыздықпен күресте алар орны ерекше. Облыста биыл 109,7 мың жұмыс орнын ашу бойынша «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бекітілген. Оның 72,4 мыңы – тұрақты, 37,4 мыңы – уақытша жұмыс орындары. Биыл «Кәсіпкерлікті дамытуға арналған ұлттық жобаны» жүзеге асыруға жалпы 109,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына жолданды. Оның ішінде 39,1 мың адам тұрақты, 35,9 мың адам субсидияланған уақытша жұмыс орындарымен қамтылған. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биылғы 17 қарашадағы дерек бойынша республика көлемінде ұлттық жобалар негізінде 47,5 мыңнан аса жұмыс орны ашылса, оның ішінде Түркістан облысы бойынша 3 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Жұмысқа орналасқандардың 82 пайызына зейнетақы аударымдары түсіп, 97 мыңнан аса азаматпен электрондық еңбек келісімшарты түзілген. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан өңірі елімізде бірінші орында тұр.
Биыл 466 инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру барысында 5 мың жұмыс орнын ашу көзделген. Оның бүгінгі таңға 411 жобасы басталып, жалпы 3 мың жаңа жұмыс орны ашылды. «Еңбек» бағыты аясында жалпы 75,1 мың азамат тұрақты және субсидияланған жұмыспен қамту шараларына жолданды. Жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруды қолдау мақсатында 2,3 млрд теңге қаржы қаралып, 1 688 тұрғынға мемлекеттік грант беру көзделді. Грант берудің 3 кезеңі өткізіліп, 11,3 мың адам өтініш қалдырған. Нәтижесінде, 1 688 адам грант алып, өндіріс саласы, техникалық қызмет көрсету, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы, көкөніс өнімдері, қолөнер бұйымдары, тамақ өндірісі салалары бойынша өз кәсіптерін ашып жатыр. Биыл қанатқақты жоба ретінде грант алушыларға бір бағытта кәсіп ашу ұсынылған. Атап айтқанда, Сайрам ауданында бір көшенің бойында орналасқан 20 азамат күрке тауық асыраумен, Сарыағаш ауданында 40 тұрғыны тамшылатып суару әдісімен құлпынай өндірумен, Шардара ауданында 20 азамат тігіншілікпен, Түркістан қаласында 11 тұрғын қолөнер бұйымдарын өндірумен айналысып жатыр. Президенттің сайлауалды тапсырмасы негізінде биыл 35 жасқа толмаған 594 тұрғынға 2,5 пайыздық өсіммен 5 млн теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру жоспарланған еді. Осы мақсатта 2,9 млрд теңге қаржы қаралған. Бүгінде 933 жоба конкурстық комиссия қарауына ұсынылып, нәтижесінде 583 адамның жобасы 2772,7 млн теңгеге мақұлданды, 490 адамға 2236,7 млн теңгеге қаржысы аударылған. Осы және өзге де жұмыстар арқылы биыл өңірде АӘК алушылардың саны өткен жылмен салыстырғанда 22%-ға төмендеген.
Өңірдің индустриялық-инновациялық, оның ішінде аумақтық дамуына, халықты жұмыспен қамтуға аудандарда жүзеге асырылып жатқан жобалар оң септігін тигізіп келеді. Мысалы, Ордабасы ауданында жылдық қуаты 10 мың тонна алюминий профиль бұйымдарын шығаратын «Gold Aluminium» зауыты бар. «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 3 млрд теңге. Жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары өз қаржысы есебінен жүргізіліп, биыл мемлекеттік қабылдаудан өтті. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Зауытта боялған және боялмаған алюминий профильдері шығарылады. Ал Ақбұлақ ауылында «Kazkioti» зауыты жылына 2000 дана техника шығаруға қауқарлы, 50 адам жұмыс істейді. Зауыт «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған еді.
Бүгінде Ордабасы индустриалды аймағында құрастырылатын тракторларға сұраныс жоғары. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауыт трактордың 5 түрін жинап шығарып жатыр. Биыл 200 трактор жиналып, оның 175-і сатылды. «Kazkioti» компаниясы іске қосқан бағдарлама шарттары бойынша 15 пайыздан бастап алдын ала төлем жасалады. Лизинг мерзімі – 3 жылдан 10 жылға дейін. Зауыт қазіргі таңда Түркістан облысына ғана емес, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда, Орал мен Ақтөбе қалаларына тракторларын жөнелтуде. Сондай-ақ Бадам ауылында «Bokei» толық автоматтандырылған қыш зауыты жұмыс істейді. Өндіріс орны бүгінде тәулігіне 100 мың дана қыш өндіреді. Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Өндіріс орнында бүгінде 30 адам жұмыспен қамтылған. Ал Сайрам ауданында жуырда 1000 МВт бу-газ қондырғысының капсуласы салынды.
«Түркістан БГҚ» ЖШС-ның маневрлік генерациялау режімі бар бу-газ қондырғысы базасында электр стансасының құрылысын жүзеге асыруға 700 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады. Бірегей жоба тек Түркістан өңірінде ғана емес, жалпы еліміздегі электр энергиясының қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Жобаны облыс әкімдігі мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесе жүзеге асырып жатыр.
«Облыс тарихындағы ең ірі жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспары негізінде жүзеге асады. Маңызды жоба жүзеге асқанда өңірімізде энергия тапшылығы толық шешіледі. Сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен өндіріс те қарқынды дамытуға мүмкіндік береді», деді өндіріс орнында болған облыс әкімі Д.Сатыбалды.
Бүгінде облысқа қажетті электр қуаты 320 МВт болса, аталған жоба арқылы қажеттіліктен үш есе артық электр өндірілмек. Осы арқылы өңір энергия тапшылығын реттеп қана қоймай, өзге аймақтарды да қамтамасыз ете алады. Жаңа бу-газ электр стансасының ерекшелігі – қоршаған ортаға зияны жоқ. Электр стансасының негізгі жабдықтары Еуропадан, яғни Германия, Италия, Чехия елдерінен әкелінеді. Станса құрылысын келесі жылы бастап, 2026 жылы толық іске қосу жоспарланып отыр. Электр стансасының құрылысы үшін Сайрам ауданынан 60 гектар жер бөлінді. Құрылыс жұмысы кезінде 2000-нан аса уақытша жұмыс орны ашылса, қондырғы толық іске қосылғанда 370-ке жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Сондай-ақ Сайрам ауданында «Tukistan май» сауда маркасымен күнбағыс майын өндіретін кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Жылына 1 200 тонна май өндіретін өндіріс орнында 30 адам жұмыспен қамтылған. Серіктестік өнімінің 70%-ын еліміздің қалаларына, қалған 30%-ын Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай елдеріне экспорттайды.
Сапалы инфрақұрылымның игілігі
Өңірдің экономикалық дамуында тұрғындардың инженерлік инфрақұрылыммен, яғни сапалы ауыз су, табиғи газбен қамтамасыз ету де маңызды рөл атқарады. Президент Жолдауында инфрақұрылымның әбден тозуы халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні айтылған және бұл бағытта бірқатар міндет жүктелген болатын. Бұл орайда облыстағы елді мекендерді инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізіліп жатыр.
Бүгінде ауыз сумен, табиғи газбен толық қамтылған ауыл, аудандар қатары көбейіп келеді. Мысалы, жуырда Төлеби ауданындағы Қасқасу ауылдық округі тұрғындарына табиғи газ нысаны пайдалануға берілді. Аталған нысанның құрылыс жұмыстары мердігер мекеме «Аzia RC» ЖШС тарапынан 2021 жылы басталған. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 66,1 шақырым. Қазіргі уақытта 3 газ реттеу пункті, 687 газ реттеуші шкаф бекеті орнатылды. Бұдан бөлек, жобада қаралмаған 105 үйге қосымша газ құбыры тартылды. Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас елді мекендерінің газ құбырлары сығымдаудан өтіп, іске қосылды. Нәтижесінде, 1 021 абонент немесе 5 200 тұрғын газбен қамтылады. Ауданды газбен қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Жауапты мамандар тарапынан құжаттандыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Бүгінде елді мекендердегі 574 үй газға қосылып үлгерді. Оның ішінде 15 отбасына демеушілер есебінен газ құбырын үйге дейін тарту жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Ордабасы ауданы Төрткүл елді мекенінде де табиғи газ беру нысаны іске қосылды. Аталған нысанның құрылыс жұмыстары 2022 жылы қыркүйек айында басталып, биыл қараша айында аяқталды. Құжаттандыру жұмыстары толық аяқталған соң, ауылдағы 1 497 үй немесе 7 631 тұрғын газбен қамтылады. Ордабасы ауданы бойынша 57 елді мекеннің 9-ы табиғи газбен қамтылған. Қамту деңгейі 21,6% немесе 25 568 халықты құрайды. Биыл 14 елді мекенді табиғи газға қосып, қамту деңгейін 45,1%-ға жеткізу көзделген. Бүгінде Қарақұм ауылында табиғи газ нысанының құрылысы аяқталып, 3 536 тұрғын «көгілдір отынмен» қамтылды. Қалған 11 елді мекен 2024 жылы табиғи газға қосылады.
Ал Қазығұрт ауданындағы 62 елді мекеннің 60-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Оның ішінде 38 елді мекенінде 24 сағат ауыз су берілетін болса, 19 елді мекенінде уақытпен, 3 елді мекені бұлақ көзінен ауыз су пайдаланады. Тіршілік нәрін уақытпен қолданып келген Қызылдихан елді мекені енді ауыз суды тәулік бойы пайдалана алады. Елді мекендегі ауыз су жүйесін қайта құру жұмыстары былтыр басталған. Құрылыс жұмыстары биыл аяқталып, 430 шаңырақ таза ауыз су тұтынады. Қазіргі таңда уақытпен су ішетін елді мекендерді толыққанды тіршілік нәрімен қамтудың кешенді картасы бекітілген. Сондай-ақ алдағы уақытта ауыз су мәселесін түбегейлі шешу үшін Өгем өзенінен бастау алатын су құбырының құрылысы басталады. Ауқымды жоба Қазығұрт ауданынан бөлек, Сарыағаш пен Келес, Мақтаарал мен Жетісай ауданы тұрғындарын да сапалы ауыз сумен қамтуға қауқарлы.
Түркістан облысы