Халық • 28 Қараша, 2023

Еңбегі – еншісі

176 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соқтықпалы, соқталы өмір сапарында алда кездескен бөгеттерді еңсере жүріп, әрдайым өсу, өрлеу бағытында болған, еңбек менің еншім деп, қалаулы мамандығын жоғары деңгейде, абыроймен атқара білген өз ісінің шебері Жолтай Ысқақовтың азаматтық ақ жолы – кімге болсын үлгі-өнеге.

Еңбегі – еншісі

Жолтай – сайын Сарыарқаның шұрайлы бір аймағы, қойнауы ырыс, жайлауы тыныс Жаңаарқа ауданы Қараағаш ауылының ту­масы. Әкесі Боранқұл өткен ғасыр­дағы колхоз, совхоз ша­руа­шы­лық­тарының қалыптасу, даму кезең­дерінің барлығын өз қолымен өткер­ген, қандай жұмысқа болсын ілкім­ді, ісмер, шебер, шаруақор адам еді. Әрдайым, жылдың төрт мез­гілі, таңның атысы күннің ба­тысы, бірі аяқталса екінші бас­талып жататын науқандық жұмыс­тар­дың басы-қасында жүретін. Айна­ласындағы ағайын-туғанды, отбасын үйіріп ұстайтын, арала­рын жарастырып, туыстық тінін бекітіп отыратын беделді ақсақалдың осы еңбексүйгіштік қасиеті барша бала­ларына да жұғысты болды. Жолтай жастайынан айыр, күрек тұрмақ, ауыл шаруашылығының барлық өндірісіне көзі қанықты, етене болып өсті.

Он жылдық мектептен соң аудан орталығындағы механизатор­лар даярлайтын курсты оқып бітір­ді. Үлкен еңбек жолын туған ауылында механизатор болып бастады. Т-40 тракторының руліне отырып шөп шапты. Алып К-700 тракторын тізгіндеп, жер жыртты, ша­руа­шылық өнімдерін тасымалдады. Ауыл дәулетінің еселеп артуына елеулі септігін тигізді. 1979-1981 жылдар аралығында әскер қата­рында азаматтық борышын өтеді.

1987 жылы аудан орталығы Атасу кентіне қоныс теуіп, темір жол саласының қалпына кел­тіру пойызы мекемесіне Т-330 буль­до­зерінің машинисі болып жұ­мыс­қа орналасты. Содан беріде, биылғы зейнет жасына жеткенге дейін осы мекемеде табан аудармай, қалтқысыз қызмет атқарды. Ұзақ жыл сонарында ортақ іске деген үлкен жауапкершілік, тия­нақ­тылықпен еңбек ете жү­ріп, кәсіп­орынның майталман маман­дарының біріне айналды.

Жаңаарқа стансасына қарас­ты қалпына келтіру пойызының іргетасы 1936 жылы қаланыпты. Қозғалыс болған соң қауіп болмай тұрмайды. Темір жол торабында қандай да бір апат орын ала қалған жағдайда оның салдарын жою міндеті ең алдымен осы қалпына келтіру пойызына жүктеледі. Сол ыңғайда желілік қалпына кел­тіру пойызы тасымалды тоқтау­сыз жүргізу ісіне лайықты үлес қос­ты. Межесі биік, жұмысы жүйе­лі, жетістіктері еселі, бірлігі мық­ты ұжым әрдайым сенім үдесі­нен, жеңіс тұ­ғырынан көріне білді. Осын­дай толайым табыстар­да бі­лікті маман, іскер азамат Ж.Ысқа­қовтың да өзіндік қолтаң­басы бар.

«Ел сенімінен шығу жолында жұмылған жұдырықтай жұмыс істеу – басты міндет. Бекітіліп берілген техниканы сақадай сай дайындықта ұстау үшін оның күті­міне аса ұқыптылықпен қарау қажет. Бұзыла қалса, ақауы болса мезгілінде жөндеп қою керек. Ме­кеме кезекшісіне апат туралы хабар түсісімен, күндіз-түн демей, 40 минутта жиналып жолға шығып кетеміз», дейді Жолтайдың өзі.

Еселі еңбек бағалануымен баян­­ды. 40 жылға жуық уақыт бір ме­кемеде, бір орында тап­жыл­­­май, қапысыз қызмет ете біл­­ген тәжірибелі маман, озат еңбек­кердің төккен тер, еткен қыз­ме­ті бірқатар салалық марапатпен аталып өткен. Құрмет грамо­та­лары, алғыс хаттар, мереке­лік медальдар легі – өз алдына бір төбе. 2011, 2016 жылдары «Қазақ­стан темір жолы» ҰК» АҚ Пре­зи­дентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. 2022 жылы Жаңа­арқа ауданы әкімдігінің «Жыл үздігі» аталымы бойынша «Өз мамандығының үздігі» атанды.

Ж.Ысқақов сонша жұмыстың сыртында өнегелі отбасы иесі, асыл жар, ардақты әке, ұлағатты ата. 1988 жылы аудан тұрғыны Ләззатпен жанұя құрды. Ерлі-зайыптылардың берекелі шаңыра­ғында екі ер бала өсіп-тәрбиеленді. Үлкені Жасын, кішісі Кемел – екеуі де бүгінде жоғары кәсіптік білімі бар мамандар, екеуі де әке жолын қуып теміржол торабында, локомотив депосында машинист болып жұмыс істейді. Балалары да үйленген, олардан өрбіген немерелер – ата-әже көзқуанышы, үй базары.

Жолтай аға бүгінде мерекесі жарқын жаздай, берекесі алтын күздей болып жеткен мерейтойы – зейнет демалысына шыққан қазыналы қуанышын бастан кешіріп жатыр. Атпал азамат бүкіл саналы ғұмырында бел шешпей еңбек етіп, ердің ері көтеретін жүкті арқалады. Көңілінің кеңдігі мен мұқалмас қайрат-жігері, адамдық, ағайындық қатынастардағы ақберен адалдығы мен кішіпейілділігі, сөзге сараң, іске мығым қарапайым болмысы, сүттей ұйыған отбасы берекесі – кез келген адамды қызықтырарлықтай үлкен тәлім-тәрбие үлгісі.