Салық • 28 Қараша, 2023

Ақсулық шаруаларға ауыр тиген салық

186 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Павлодар облысының фермерлері жер учаскелеріне белгіленген базалық салық мөлшерлемелерінің өзгеруінен зиян шегіп отыр. Кейбір шаруашылықтардың бұған дейін төлеп келген салықтары бірден 300-400 есеге дейін өсіп шыға келген.

Ақсулық шаруаларға ауыр тиген салық

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер тап болған мәселе ауылдық аумақтарда орналасқан жерлерге қатысты. Нормативтік-құқықтық актілердің өзгеруіне байланыс­ты олар пайдаланатын жер үшін салықты миллион­дап төлеуге мәжбүр. Мысалы, бұған дейін Ақсу қаласының Мәмәйіт Омаров ауылдық округінде шаруа қожалығы ауданы 2 079 гектар болатын төрт жер учаскесіне 28 мың теңге салық төлеп келсе, бүгінде оған 17 млн теңге салық салынған. Ал Евгеньевка ауылдық округінде төрт шаруашылық жер учаскесі үшін 69 мың теңге төлесе, бүгінде ол 13 млн теңгеге өсіп шыға келді.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбеновтің айтуынша, бұл мәселеге базалық салық мөлшерлемесінің өзгеруі себеп болған. 2012-2019 жылдар аралығында Павлодар облысының аумағында жергілікті атқарушы билік органдарының бірлескен қаулысымен, өкілді органдардың ше­ші­мімен 58 ауылдық елді мекен жойылды. Олардың облыс бойынша таратылуына байланысты кейбір келешегі жоқ ауылдар жақын маңдағы аумақтарға қосылды. Ал шаруа және фермерлік қожалықтарға тиесілі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер елді мекендердің жерлері санатына жатқызылған. Бұл жағдай жер салығы сомасының еселеп өсуіне әкелген. Себебі салықты есептеу бұрынғыдай гектарына емес, әр шаршы метріне белгіленеді. Яғни бір гектарға – 10 мың шаршы метрге бұрын шаруалар 50 мың теңге төлесе, қазір 10-15 млн теңге төлеп отыр.

Өңірлік жер қатынастары басқармасының бөлім бастығы Нұржан Мұқановтың сөзіне сүйенсек, 2018 жылы Салық кодексіне өзге­ріс­тер енгізілгенде ондағы ауыл шаруа­шы­лығы тауарын өндірушілерге бонитет балы бойынша, яғни әр гектар басына салықты есептеуге көмектесетін бап алынып тасталыпты. Егер шаруашылықтар пайдаланылатын жерлер елді мекендердің аумағына кіріп тұрса, олар бұл салықты әр шаршы метрге төлеуі керек. Ол туралы заңда айқын жазылған.

– Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Салық кодексіне сәйкес арнайы салық режімін қолдана алады. Яғни олар арнайы салық режімін өзгерту үшін уәкілетті органға (өз ауданы немесе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына) жүгінуге құқылы. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін жеңілдік тудыруы керек. Егер субъектілер арнайы салық режімін қолданатын болса, оларға салықтың өзге түрлері, яғни көлік, қоршаған орта эмиссиясы, жер салығы және басқа төлемдер қолданылмайды, – деп түсіндірді Н.Мұқанов.

Басқарма өкілі бұрын жойылған немесе өзге ауылдық аумақтармен біріктірілген ауылдардың шекарасынан тыс жерлерді ғана шаруашылық есебіне белгілеген дұрыс дейді. Елді мекеннен тыс жерлерде орналасқан аумақтар ауыл шаруашылығы мақсатындағы санатқа жатады. Бұл жерлер жер қоры болып есептелетіндіктен, кәсіпкерлікпен айна­лы­суға мүмкіндік береді әрі базалық салық тұр­ғы­сынан тиімді. Салық кодексіндегі бұрын­ғы норманы қайтару да өзекті. Бұрынғы нормада кәсіпкерлердің елді мекендердегі жерлер бойынша салықтық төлемі бонитет балымен есептелетін. Кәсіпкерлер палатасының өкілдері ең дұрыс және ақылға қонымды жол – шаруашылықтардың шекарасын өзгерту деп есептейді. Ол үшін жойылған ауылдар мен жерлерді бір санаттан екінші санатқа ауыстыру қажет. Ал өзгеріс алгоритмін атқарушы органдар жылдам меңгеріп, жобаларын әзірлеуге тиіс.

Шаруалардың шағымына құлақ түрген Ақсу қаласының прокуроры Қанат Атығаев барлық құзыретті орган аталған маңызды мәсе­ле­ге байланысты салмақты шешім қабыл­дауы қажет екенін жеткізді.

 

Павлодар облысы,

Ақсу ауылдық аймағы