Мамандардың айтуынша, бірқазандар Тобыл өңірінен қыркүйекте ұшып кетеді екен. «Ал мына құс әбден әлсіреп қалған болса керек. Қанаттыларға өркениет дамуы да кері әсер етеді. Бүгінде адамзат баласы құстар әлемін де жаулап алып жатыр десек болады. Ақиқатын айтсақ, олар біздің жерге кіріп жатқан жоқ, әлімсақтан бері өздері бауыр басқан ыстық мекеніне келіп қонады. Бұл – солардың жері», дейді Арыстан.
Қорықшының айтуынша, бірқазан әлденемен ауырып немесе жараланып қалған болуы керек. Оның үстіне, ірі құс шектен тыс май жинап, семіріп алса да, ұзақ жолға ұшуға жарамай қалады екен. Мұның нақты себебін алдағы уақытта мамандар анықтайтын болады.
Бірқазан – негізінен балықты қорек ететін құс. Тәулігіне бір килоға дейін балық жейді деген дерек бар. Сондықтан ерікті жастар да қорықшының бір жағына шығып, Қостанайдан балық сатып алып жіберіп жатыр.
Қазір бірқазан Арыстанның ескі де болса, жылы асүйінде қамаулы тұр. «Бұл ірі құс қой. Сондықтан әрі-бері еркін жүретін кең әрі жайлы орын болса, қанаты тез қатаяды. Алматыда сондай орындар бар екен. Жақын жерден жылы вольері, жағдайы бар адамдар хабарласып қала ма деген үміт те жоқ емес. Ең бастысы, құсқа көктемге дейін қамқорлық керек. Көмектесетін ешкім табылмаса, ебін тауып, жағдайын жасап, жылы күнге өзім-ақ жеткізермін», дейді қорықшы.
Қостанай облысы