Фото: parlam.kz
Білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша заң жобасы жайында баяндама жасаған депутат Асхат Аймағамбетов оқушылардың сабақ үстінде ұялы телефонды ұстауына шектеу қою жөнінде норма енгізілгенін айтты.
«Сабақ кезінде шектеу туралы норма енгізілді. Мектепке телефон әкеліп үзілісте қолданамын десе, қарсылық жоқ. Сабақ кезінде бала инстаграм, тик-токты қызықтап, басқа мәселемен айналысуына шектеу қойылып отыр. Егер мұғалім сабақ жоспары бойынша рұқсат етсе, шектеу қойылмайды. Қазір заман талабына сай оқыту жүйесін таңдайтын мұғалімдер де бар. Kahoot секілді басқа да қосымшаларды пайдаланып сабақ оқыту жүйесін қолданады. Ал оған смартфон қажет болады. Сондықтан да сабақта инновациялық технологияларды қолдану үшін мұғалімнің сабақ жоспарында телефонның қажеттігі жазылса, шектеу жоқ. Ал оқушы өз мәселесі бойынша пайдаланам десе, рұқсат етілмеуі керек. Жалпы оқушы мектепке телефон әкелуіне тоқтам салмаймыз», деді заң жобасындағы нормаларды түсіндірген А.Аймағамбетов.