Руханият • 30 Қараша, 2023

Тобыл толқынынан туған жыр

263 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында ақын Төленді Арыстанбекұлының Алматыдағы «Аrshyn» баспасынан шыққан «Тобылдың толқындары» атты таңдамалы жыр жинағының тұсаукесері өтті. Кеш шымылдығы саналы ғұмырын экономика мен аудит саласына арнай жүріп, артында өнегелі сөз, салиқалы ұрпақ қалдырған, Тобыл-Торғай өңіріне есімі етене таныс қайраткер тұлға туралы шағын бейнефильммен ашылды.

Тобыл толқынынан туған жыр

Салтанатты жиынға өңір зиялылары, облыстық мәдениет басқармасы­ның өкілдері, ақынның ұрпақтары мен көз көрген замандастары қатысты. Кеш барысында облыстық мәдениет бас­қармасының бас маманы Роза Олжа­баева ақынның өңір руханиятына сіңірген еңбегі мен ел жадында қалған жар­қын істерін тарқата айтып, көпшілікке Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хатын оқып берді.

Одан кейін белгілі ақын, ғалым Серік­бай Оспанұлы, халық ақыны Әсия Бер­кенова, кешке Астанадан арнайы келген меймандар ардагер аудитор Орынбасар Мирашқызы мен ақын, композитор, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Әбдіғани Базыл­ханұлы және сатирик, журналист Дәмір Әбіш, ақынның туысы Тұрсын ақсақал Төленді Арыстанбекұлының азаматтық тұлғасы мен ақындық өнері жайлы әсерлі естеліктер айтты.

ямсч

Кеш барысында сөз алған қаламгер қауым Төленді Арыстанбекұлы шығар­машылығының тақырыбына тоқталып, ақындық шеберлігі жөнінде сөз қозғады. «Тобылдың толқындары» жыр жинағына ақын мұрасының 70 пайызы ғана енген. Ақынның бірсыпыра өлеңдері туған жер мен ұшқан ұяға, Алакөлдей ақ айдынға, терең иірімдері талай тарихтың сырын бүгіп жатқан тұңғиық Тобылға, бала­лық шаққа, замандасқа деген аңсар-сағы­ныштан, шынайы сүйіспеншіліктен туған. Мысалы, Қостанайға арнаған өлеңін­де ақын «Туған жерге көлеңкем түспе­сін деп, Тал түсте де тікемнен тік тұра­мын» деп тебіренсе, «Алғыс туралы ой» өлеңінде «Бәрі менің кетер емес есімнен, Туған елім, әлдилеген, өсірген. Солар мені жастайымнан үйреткен, Алғыс ал деп жесір менен жетімнен», дей­ді.

Ақынның бірқыдыру өлеңдері қа­зақ­­тың дара тұлғаларына арналады. Мәселен, Мәриям Хәкімжановаға ар­на­ған өлеңін­де «Қыран боп кетуші едің – дала көрсең, Ана боп кетуші едің – бала көрсең, Үйрет­кен адал еңбек, жақ­сы­лықты, Бұйыр­масын өзіңдей дана көр­сем», деп ақын апасының ақындық, адам­дық тұлғасын асқақтатып, аналық мейі­рімін дәріптейді.

Ақынның ұлт ұстазы Ахмет Байтұр­сынұлына арнаған толғауында:

«Білімге жан екенсің жаратылған,

Алыстан көрінеді дара тұлғаң.

Бөлек бір қуат пен күш көргендеймін,

Мол жайып, кең көсілген қанатыңнан.

 

Әлемге атың кетті таралып кең,

Болжадың болашақты даналықпен.

Көп еді кешірімің, кешіре гөр,

Өзіңді кештеу білсем балалықпен.

 

Белдесіп, бетпе-бет кеп күресе алмай,

Көбі жүр жібек түгіл, жіп есе алмай.

«Мен мықты» дегендердің барлығы да,

Өзіңнен кейін қалды ілесе алмай»,

деп келетін жолдар бар. Бұл – Ұлт ұста­зының қайраткерлік тұлғасын жал­пы жұрт жаңа танып жатқан шақта жа­зылған шығарма болса керек, ақын «Бөлек бір қуат пен күш көргендеймін» деп, сол кезеңде халық санасына түскен тарих сәулесін дөп басып жырлайды.

Ақынның аталған жинаққа енбей қалған өлеңдерін есептемегенде, өзі негі­зінен шаруашылыққа қажет маңызды есеп-қисаптың басында жүрсе де, кезінде аудан, облыс көлемінде жиі өтіп тұратын дәстүрлі айтыс додаларынан қалып көрмеген Төленді Арыстанбекұлының айтыскерлік өнерінің өзі бір төбе. Талай аламан бәйгелерде жасындай жарқыл­дап, жараулы аттай оза шапқан Төленді Сырбаймен сыр шертісіп, Ғафуға ғазал оқыған, Нұрқаннан бата алған ақын. Бұл жайды ақын «Артықтау басқалардан бір бақытым, Атышулы Нұрқаннан бата алғаным», «Ең бақытты күндерім шығар менің, Сырбай менен Ғафумен араласқан» деп жырға қосады. Мысалы, Арқалықтағы «Дала өлкесі тарихы» музе­йінің қызметкері, ақын Батырлан Сағынтаев берген «Торғай таңы» газетінің 1981 жыл­ғы 155-нөмірінің айқарма бетін­де Аман­гелді ауданының ақыны Сай­лау Сәйділдин мен Жангелдин ауданының ақыны Төленді Арыстанбекұлының айтысы жарияланған. Осы айтыстағы «Тұлпардай топты көрсем тұра алмаушы ем, Көсілсем көз ұшында шыған­даушы ем, Қырандай бір сермесем қанатымды, Қиналмай күндік жерді алатын-ды, Сан жүйрік тыңнан келіп қосылса да, Шаңыма ілесе алмай қалатын-ды» деген бір үзіктің өзінен Төленді төкпе жырдың шебері, ақындық қуаты мықты, асқақ сөздің иесі екені бірден аңғарылады.

«Тобылдың толқындары» жыр жина­ғы­ның екінші бөлімінде Жазушылар ода­ғы­ның мүшесі, заң ғылымдарының докторы Қасым Мәуленов, Аудиторлар па­ла­­тасының президенті Сапар Көш­кін­баев, ақын Серікбай Оспанұлы, ақын, баспагер Серік Қалиев сынды аза­маттар автор шығармашылығына деген жылы лебіз­дерін жазып, ілтипат білдірген. Қасым Мәуленов: «Төленді ағамыз – 500-ден астам өлеңнің авторы. Әрі ақын әрі аудитор болған ағамыздың шығармаларынан болмысы бөлек заманауи синтез байқалады» деп ақын өлеңдерінен от пен судың бір арнаға тоғысқанын көргендей әсер алғанын жазса, ақын Серікбай Оспанұлы: «Төкеңді алғаш 1960 жылы Торғайда көрдім. Бір тойда ұстаздар жайлы өлең оқыды. Өзі ақын, өзі озат, сымбатты жігітке қызыға қарадым. Кейін Төленді ағамыз Жангелдин ауданында бас есепші қызметін атқарды. 1963 жылы сол кезде С.Киров атындағы университеттің журналистика факультетіне оқуға бардым. Сөйтсем, Төленді ағай да журналистика факультетіне оқуға барыпты. Екеуміз де емтиханнан сүрінбей өтіп, бір жыл жатақханада бірге тұрдық», деп басталатын жылы естелік қалдырған.

Тұсаукесер кеші барысында ақын­ның өлеңдері оқылды. Мәдениет сала­сының үздігі Манатбек Кәдіров, домбырашы Данияр Рысбеков өнер көрсетсе, дәстүрлі ән орындаушы, респуб­ликалық конкурстардың лауреаты Есхат Нұрәли шырқаған «Тобыл тол­қындары-ай» әні жиылған қауымды бір серпілтіп тастады. Композитор Әбдіғани Базылханұлы­ның Төленді Арыстанбекұлының өлеңі­не жазылған бұл әні Қостанай жерінде алғаш рет орындалғанын айта кеткен жөн. 

 

Қостанай облысы