Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«KazRoadLab» жобасы қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Бұл инновациялық жүйені Жол активтері сапасының ұлттық орталығы сынақ зертханасының жұмысын автоматтандыру және цифрландыру үшін жасаған. Бұл жол-құрылыс материалдарының зертханалық сынақтарының нәтижесін электронды форматта көрсетуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда аталған ұлттық орталық барлық саланы автоматтандыруды кешенді түрде жүргізіп жатыр. Зертханашыларда қалам, дәптер, журнал орнына планшет пайдаланылады. Битум, керн және басқа жол құрылыс материалдарын сынау нәтижесінің деректері «KazRoadLab» электрондық базасына енгізілген. Барлық сынақ есебі осы дерекқорда сақталады екен. Жүйенің артықшылығы, тест нәтижесіне адами фактор ықпалын болдырмау мен сыбайлас жемқорлық тәуекелін мүлде азайту екені мәлім.
Айтпағымыз – халықаралық көрмеде Көлік министрлігінің «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК цифрландыру жобалары назарға ұсынылды. Олардың қатарында зертхана қызметкерлеріне жаңа әдістерді, технологияларды меңгеруге көмектесетін, жолды зерттеу және техникалық сараптама дағдыларын жетілдіретін виртуалды тренажер бар.
«Әлемде автомобиль жолдары саласындағы виртуалды тренажердің баламасы жоқ. Бұл – компанияның ноу-хауы. Жобаның мәні – қызметкерлердің біліктілігін арттыру, жолдың, сондай-ақ материал сапасын және қауіпсіздік шараларын тексеру білімдерін сынау. Бұл тәсіл қызметкердің кәсіби деңгейін және жол жұмысының сапасын арттырады. Сондықтан болашақта виртуалды тренажерді пайдаланып, жас мамандарды сертификаттау орталығын ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз», деді Жол активтері ұлттық сапа орталығы бас директорының орынбасары Арман Қайырбеков.
Іс-шараға Өзбекстаннан келген Ташкент мемлекеттік көлік университетінің профессоры Зухритдин Ергашев те көрменің жоғары деңгейде ұйымдастырылып отырғанына тәнті болды. «Біз бұл халықаралық іс-шараға бірнеше жылдан бері қатысып жүрміз. Өйткені мұнда жаңа техникалар мен технологияларды көріп, танысамыз. Тың ақпараттармен қатар, өз білімімізді де толықтырып, ертеңгі күні ол білімді университет студенттеріне жеткіземіз», деді.
«Бұл халықаралық көрме еліміздегі автомобиль жолдарының сапасын жақсартуға орасан зор үлесін қосып жатыр деуге негіз бар. Көрмеге өз өнімі мен жаңа технологияларын ұсынып жатқан дамыған елдердің үздік компаниялары тұрақты түрде қатысып жүр. Олармен танысып, біліскен отандық кәсіпорындар біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып, қажет жерінде олардың технологияларын сатып алып, жол саласында жақсы жетістіктерге жетіп жатқандары белгілі. Мысалы, қазір бір дегеннен 8 метр асфальтты бір-ақ төсеп кете беретін технологиялар Еуропа компаниялары тарапынан ұсынылып жатыр. Мұндай игіліктің көп үлгісі осы көрмеде самсап тұр. Қажет дүниеңді ал да, керегіңе жарата бер», деді «Қазақстанның автожолаушылар заңды тұлғалар бірлестігі» қауымдастығының президенті Бағлан Баймағанбетов.
Бәріне мәлім, жол қозғалысы – қауіпсіздігі, жол-көлік оқиғаларынан (ЖКО) болатын өлім-жітім және жарақаттану мәселесі – жаһандық проблема. Әлемде жыл сайын жол апатынан 1,5 миллионға жуық адам мерт болады, миллиондаған адам мүгедек болып қалады. Жол-көлік оқиғаларынан болатын өлім-жітім – дүние жүзінде жастар арасындағы өлім-жітімнің басты себептерінің бірі. Сондықтан БҰҰ тұрақты даму мақсаттарының бірі ретінде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру туралы тармақтарды енгізіп, 2030 жылға қарай өлім-жітім деңгейін екі есе азайтуды мақсат етіп қойды. Еуропалық комиссия және басқа да халықаралық ұйымдар бұл мақсаттарды белсенді түрде қолдайды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та елдегі жол-көлік оқиғалары мәселесіне ерекше көңіл бөліп, жағдайды жақсартуды басты міндет етіп қойып отыр. Тәуелсіздік алған және нарықтық экономикаға көшкен сәттен бастап Қазақстанның автомобильденуі бірнеше есе артты. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», «Орталық-Солтүстік», «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Ақтау-Бейнеу» сияқты ауқымды инфрақұрылымдық жобалар іске асырылды. Алайда өлім-жітім жағдайы өзекті мәселе болып қала береді. Қазақстанда 1991-2021 жылдар аралығында 460 мың ЖКО тіркеліп, 87 мыңнан аса адам қаза тапса, 558 мыңға жуығы әртүрлі дәрежеде жарақат алды. ЖКО салдарынан елімізде жыл сайын шамамен 2 жарым мың адам мерт болуда», деді көрмеде жасаған баяндамасында Көлік министрлігі Автожол комитетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.
ЖКО салдарының адами және гуманитарлық трагедиясы туралы айтпағанда, бұл да орасан зор экономикалық залал екен. Ол кейінгі 7 жылда шамамен 15,4 млрд долларға бағаланыпты. Нәтижелерге қол жеткізу үшін көптеген фактор маңызды, олардың негізгілері – саяси ерік, адами әлеует және қоғамның мәселені түсінуі. Қауіпсіздікті арттыру үшін алдын алу шаралары қабылданып жатыр. Мәселен, қозғалыс жолақтарын бөліп және елді мекендерді айналып, 1 техникалық санаттағы автожолдар салу, жылдамдық режімін бекіту камераларын, жол белгілерін, қоршаулар және басқаларын мұқият орнату керек.
«Кейінгі жылдары Көлік министрлігі халықаралық қаржы институттарымен серіктестікте жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру саласында бірнеше жобаны жүзеге асырды. Мысалы, Дүниежүзілік банк қаржыландыратын және SweRoad (Швеция), Afry (Чехия) және Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырған «Қазақстанда IRAP енгізу» жобасы мен «Ұлттық EuroRAP платформасының» негізгі құжаттарына әзірлеу жүргізілді. 6 200 шақырым жолды бағалау нақты бағалаудан өтті. 20 сарапшы біліктілігін арттырып, қайта оқытылды, IRAP-ты заңнамаға енгізу бойынша егжей-тегжейлі ұсыныстар ұсынылды», деді комитет төрағасы.
Оның айтуына қарағанда, қазіргі уақытта ЕҚДБ қаржыландыратын жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі тағы бір жоба іске асырылып жатыр. Жоба шеңберінде IRAP жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін 5 мың шақырымын бағалау жүргізілді және нәтижелері бойынша жұлдызды рейтингтің инвестициялық жоспары дайындалды. IRAP сертификатталған ұлттық сарапшыларын оқыту және даярлау жүргізілді. Аталған жоба аясындағы тағы бір негізгі міндет – озық елдердің тәжірибесі бойынша ЖКО есептілік жүйесін жақсарту. Жобаны Afry (Чехия), DT Global (Ұлыбритания), Қазақ жол қозғалысы қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институты жүзеге асырып жатыр. Сондай-ақ Vision Zero-ны ілгерілету бойынша БҰҰ-мен қаржыландырылатын жоба іске қосылған.
Халықаралық көрме қатысушыларына қазақ автожолшыларының табысы мен жетістігі туралы баяндаған Төлеген Абдуллин көрменің арқасында жаңару мен жаңғыру әлі де жалғаса беретінін айтты. «Бүгінгі іс-шара Қазақстанның автожол саласының дамуына және өзара тиімді ынтымақтастыққа оң әсер ететініне сенімдімін», деп түйіндеді ол.