Үкімет • 06 Желтоқсан, 2023

Мұғалімдікті таңдағандарды Үкімет қолдайды

123 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Кеше Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автокөлік құралдарымен жүк тасымалдау және транзитті дамыту мәселелері қаралды. Сондай-ақ республикадағы барлық деңгейдегі педагог кадрларды даярлау жөніндегі шаралар да талқыланды.

Мұғалімдікті таңдағандарды Үкімет қолдайды

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Елдегі транзиттік тасымал 5 есеге ұлғаяды

Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев баяндағандай, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша республикада жүк тасымалының көлемі 5,5 млн тоннаны құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22%-ға артық. Тасымалдағы отандық операторлардың үлесі 42%-ды құрап отыр.

Транзиттік тасымалдарда да оң үрдіс байқалады. Өткен жылмен салыс­тырғанда 44% деңгейінде – 2,5 млн тоннадан 3,6 млн тоннаға дейін өсім бар. Негіз­гі жүк көлемі Қытай еліне тиесілі. Атал­ған бағыт бойынша жүк тасымалы 2 есеге, яғни 1,5 млн тоннаға дейін көбейді. Соны­мен қатар Қытайдан Еуропаға бара­тын транзиттік жүктердің көлемін одан әрі арттырудың үлкен әлеуеті бар. Оң серпі­лісті сақтай отырып, Қазақстан аумағы ар­қы­лы өтетін транзит деңгейін 2029 жылға қарай 5 есеге ұлғайту көзделген. Бұл ел эко­но­ми­касының дамуына оң әсер етері анық.

Теңіз арқылы жеткізілетін жүктерді автокөлікке тиеу және тасымалдауда отандық операторлардың үлесін ұлғайту үшін бонд қоймаларын ұйымдастыру, өткізу бекеттерінің қуатын арттыру, ішкі автопаркті кеңейту, сондай-ақ рұқсат беру құжаттарын бөлудің тиімді жүйесін енгізу жөнінде тиісті шаралар қабылданатын болады. Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қорғас» көлік торабын кеңейту жұмыстары туралы, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Балқаш қаласының айналма жолында жол бойындағы қызмет көрсету нысандары үшін учаскелерді бөлу рәсімдерін жеделдету жөнінде айтты. Сондай-ақ Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жол бойындағы қызмет көр­сету нысандарын Ұлттық стандартқа сәйкес­тендіру туралы баяндады.

Үкімет басшысы автомобиль көлігі­мен жүк тасымалдау саласының дамуы эко­но­ми­каның барлық секторына оң әсерін тигізетінін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан арқылы 8 халықаралық авто­мобиль дәлізі өтеді. Олардың жалпы ұзын­дығы шамамен 13 мың км-ді құ­райды. Негізгі күре жолдардың қатарында Батыс Еуропа-Батыс Қытай, Солтүстік-Оңтүстік, ТРАСЕКА және басқаларын айтуға болады.

«Аталған бағыттар бойынша жүк тасымалын ұлғайту және жүктердің жылдам өтуін қамтамасыз ету үшін бұл саладағы кедергілерді барынша қысқарту қажет. Олардың қатарына шекарадағы кептеліс­тер мен құжаттардың ұзақ ресім­делуін, инфрақұрылым сапасын, ұйым­дастыру жұмыстарының нашарлығын және көптеген басқа да жайтты жат­қызуға болады. Көлік иелерінен келіп түсе­тін шағымдар көбіне осы мәсе­лелер­ге қатысты», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, жүктер мен құжат­тардың тым ұзақ тексерілуі де нара­зылық туғызады. Бұл ретте цифрлық технология­лар мен ақпараттық жүйелердің интеграциясы арқылы мұндай олқылықтарды осы уақытқа дейін бір жүйеге келтіруге болатын еді. Сонымен қатар жүктерді бөліп таратудың аса маңызды инфра­құры­лымдық буыны болып табылатын бонд қоймаларын дамыту қажет. «Мұндай әлемдік тәжірибе біздегі өткізу пункттердің жүктемесін азайтып, тасымал көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді», деп атап өтті ол.

Бұлармен бірге халықаралық жүк тасымалын жүзеге асыруға рұқсат беретін бланкілерді бөлуде де проблемалар бар екенін айтты. Қазақстан мұндай рұқ­саттарды көптеген мемлекетпен тепе-теңдік негізде алып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы отандық жүк тасымалдаушыларға бланк беру механизмін қайта қарап, оларға артық талап қоймауды тапсырды. Жол бойындағы қызметтің сапасына да назар аударды. Мәселен, Батыс Еуропа-Батыс Қытай тран­зиттік дәлізінің іске қосылғанына 5 жыл­дан асса да, жол бойындағы сервисті әлі күнге дейін дамыта алмай келеді.

«Халықаралық жолдар мен ішкі маршруттың бәрінде де осындай жағдай. Қызмет көрсету нысандары үшін жол бойынан жер учаскесін беруді әкімдіктер созып жіберді. Осыған байланысты инфрақұрылымның дамуы тоқтап тұр», деп ескертті ол.

Сондай-ақ жол бойындағы сервис нысандары мен көрсетілетін қызметтерге қойылатын талаптар белгіленген Ұлттық стандарт баяғыда қабылданып қойғанын еске салды. Бұл қосымша транзит көлемін тартуға мүмкіндік береді. Алайда сервис объектісінің көбі біздің стандартқа сәйкес келмейді. Сондықтан жыл соңына дейін өткізу пункттерінің қабілеттілігін ұлғайтудың нақты шараларын әзірлеуді тапсырды. Атап айтқанда, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, өткізу пункттерін толық цифрландырып, барлық ақпараттық жүйені интеграциялау қажет. Оған қоса Көлік-логистика орталықтары мен бонд қойма­ларын дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеу, сер­вис нысандарын салу үшін бизнес субъек­тілеріне жер учаскелерін беруге қатыс­ты рәсімдерді соза бермей, 2 ай мер­зім­де жүргізу, сондай-ақ инвесторлар тар­ту және жол бойындағы сервис жобаларын іске асыру бойынша жеңілдетілген меха­низм­ді пысықтау қажеттігін қадап айтты.

«Көлік министрлігі отандық компаниялар үшін шетелдік рұқсат бланкілерін бөлудің тиімді механизмін әзірлеп, нормативтік құқықтық актілерге тиісті өзгерістер енгізуі керек», деді Премьер-министр.

 

Ұлағатты ұстаз – ұлт ұйытқысы

Отырыста республикадағы барлық деңгейдегі педагог кадрларды даярлау жөніндегі шаралар да талқыланды. Онда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бүгінгі таңда елімізде 49 ЖОО-ның педагогикалық бағыттар бо­йынша лицензиялары бар екенін, бұларда барлығы 186 мыңнан астам адам білім алатынын мәлімдеді. Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредиттеу стандарты және Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.

Кейінгі жылдары педагогикалық ба­ғыт­­тар бойынша тағайындалған грант­тар саны бірнеше есе өсіп,15 923-ке жетті. Олардың құны да екі есе өсті. Сту­денттердің шәкіртақылары да көтерілді. Педагогикалық мамандықтарға қабылдау талаптары күшейтілді. Педагогикалық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын жаңарту бойынша жұмыс жалғасып жатыр, бүгінде 72%-ы жаңартылды. Жалпы, осы және басқа да өзгерістер педагог кадрларды даярлау сапасын арттыруға және оларды заманауи талаптарға бейімдеуге бағытталған.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қазіргі уақытта колледждер базасында педагогикалық мамандықтар бойын­ша 80 мыңнан аса студент білім ала­ты­нын айтты. Олардың 43 мыңы мем­лекеттік тапсырыс бойынша білім алып жүр. Колледждер балабақша тәрбиешілерін, бастауыш сыныптары және қосымша білім берудегі, сондай-ақ еңбек пен музыка мұғалімдерін даярлайды. Мамандарды даярлау және әдістемелік қамтамасыз ету сапасын арттыру мақсатында «Педагог» кәсіби стандарты бекітілді. Оның негізінде колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, 554 білім беру бағдарламасын жаңартып, іске асырып жатыр. Бұл ретте 6 мыңнан аса педагогтің біліктілігі арттырылды.

Республикадағы қажеттіліктерді ескере отырып, жыл сайын педагог кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс ұлғайып келеді. Биылдан бастап педагогикалық мамандықтарды ашу үшін колледждерге қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді. Ол үшін тиісті лицензиялар болуы және түлектердің кем дегенде 90%-ы жұмыспен қамтылуы керек. Үкімет басшысының айтуынша, білім беру үдерісінің жетістігі, ең алдымен, педа­гогтің кәсіптік шеберлігіне тікелей бай­ланысты. Сондықтан педагог-кадр­ларды даярлау тәсілдерін қазіргі заманға сай бейімдеп отыру – уақыт талабы.

«Бүгінде шамамен 5 мың педагог жетіспейді. Жыл сайын 50 мыңға жуық жас маман университет бітіріп шығады. Алайда олардың көпшілігі өз кәсібі бойынша жұмыс істемейді. Мұның себебі әртүрлі», деген Ә.Смайылов, республикада педагогтің беделі мен мәртебесін арттыру үшін заңнамалық тұрғыдан көп жұмыс атқарылғанын айтты. «Мұғалімдердің жалақысын көтердік, оларды қосымша жүктемелерден, артық есеп беруден босаттық. Ағартушылық салаға дарынды жастарды тарту бо­йынша шаралар кешені қабылданды. Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсуге қойылатын талаптар күшейтілді. Мұның барлығы дұрыс», деді ол.

Оның айтуынша, педагогикалық жоғары оқу орындарына түсу балы қан­шалықты жоғары болса, ең мықты талап­керлерді іріктеу мүмкіндігі де соншалықты арта түседі. Егер 5 жыл бұрын осы мамандықтарға 50 балл жинаған талапкерлер өтсе, қазір орташа балл – 111. «Алайда мектептерде оқыту үдерісінің күрделі болуы, шамадан тыс талап қою және қалыптасып қалған «бәріне мұғалім кінәлі» деген қоғамдық пікір осы мамандыққа деген қызығушылықты төмендетіп жіберді. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығын қалайтын жастарды одан әрі қолдайтын болады», деді Үкімет басшысы. Сөйтіп, педагог мамандығы бойын­ша оқитын студенттердің стипен­дия­сы 2,5 есеге ұлғайтылғанын еске сал­ды. Биыл мемлекеттік грант алуға үміткер­лердің әрбір төртіншісі және 1,5 мыңнан аса «Алтын белгі» иегері мұғалім болуға ниет білдіргеніне назар аударды.

«Енді оқыту сапасын арттырып, педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін оқыту әдістемесін қайта қарау қажет. Оқу бағдарламаларын жаңғыртып, оларға сұранысқа ие құзыреттерді қосу керек. Қазіргі заманғы талаптың барлығы ескерілуге тиіс», деді Премьер-министр. Алдымен білім беру ұйымдарындағы болжамды сұранысты айқындап алып, педагогтерді даярлауға мемлекеттік тапсырысты соның негізінде қайта қарауды тапсырды. «Жергілікті жерлердегі кадр тапшылығын азайтудың тиісті өңірлік бағдарламаларын әзірлеп, 15 ақпанға дейін қабылдау керек», деді.

Оған қоса жас мұғалімдердің осы кәсіпке бейімделіп кетуінің тиімді меха­н­изм­дерін ойластырып, тәлімгерлік жүйесін және жаңа құзыреттер бойын­ша педагогтердің біліктілігін артты­ру жүйесін жасау қажет. «Үздіксіз педа­го­гикалық білім беру жүйесін, оқыту бағдарламалары мазмұнының балабақ­шадан университетке дейінгі сабақтас­тығын қамтамасыз еткен жөн. Бұдан басқа мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарын әдістемелік қолдау жұмысын күшейткен дұрыс», деп түйіндеді Ә.Смайылов.