UNESCO желісіндегі резерват
«Ақжайық» табиғи резерватының жалпы аумағы – 341 мың гектар. Резерватқа Махамбет ауданы мен Атырау қаласының, Каспий теңізінің Ресейдің Астрахан облысына дейінгі жағалауы кіреді. Қорықта сүтқоректілердің 78 түрі бар. Құрып кету қаупі төнгендердің тізіміне құстың – 20, жәндіктің – 24, бауырымен жорғалаушы мен сүтқоректінің 2 түрі кіреді.
«2009 жылғы 1 сәуірде Жайық өзенінің атырабы мен Каспий теңізінің іргелес жағалауының аумағы халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізіміне енгізілді. Бұл – аталған тізімге Қазақстаннан енгізілген Теңіз-Қорғалжын көлдер жүйесінен кейінгі екінші аумақ. Осыған байланысты Үкіметтің 2009 жылғы қаулысымен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты құрылды. Ал 2014 жылы UNESCO-ның бүкіләлемдік биосфералық резерваттар желісіне кірді. Сол себептен туристер табиғаттың ерекше сұлулығын, ұшып-қонып жатқан құстар тобын қызықтауға жиі келеді. Құстарды суретке түсіреді. Кейінгі жылдары туристер үшін резерваттың құрлық пен судағы аумағында бірнеше бағытты әзірледік», дейді резерват қызметкері Балымгүл Әзмұханова.
Соның бірі – Каспийдің табиғатымен, теңізге құятын көптеген канал бойындағы флорамен танысуға мүмкіндік беретін жаяу жүргінші маршруты. Екіншісі – Жайық өзенінің теңізге құятын сағасында қайықпен серуендеу. Бұл бағытпен жүрген туристер өзен жағасынан құстың сан алуан түрін көре алады. Үшіншісі – өзен сағасының арнасымен ашық теңізге шығатын бағыт.
Құс базарының көмбесі
Резерваттың ғылыми қызметкері Илья Бофоновтың айтуынша, табиғи қорықты құстардың жұмақ мекені деуге әбден болады. Өйткені резерват аумағы құстардың Сібір-Шығыс Африка бағытындағы көші-қон миграциясының жолында жатыр.
«Жыл сайынғы көші-қон кезінде резерват аумағымен сирек кездесетін қарабай, жалбағай, кіші аққұтан, мысыр құтаны, сондай-ақ қоқиқаз, бұйра бірқазан, қарабас, аққу мен қаз ұшып өтеді. Резерват аумағы – суды және су маңын мекендейтін құстардың сирек кездесетін түрлері үшін өте қолайлы мекен. Құстардың кейбір түрі резерватта ұя салып, тұқымын көбейтеді. Сондай құстардың тобында бұйра ләйлек, кішкентай баклан, қарабай, жалбағай, кіші аққұтан, мысыр құтаны бар», деп түсіндірді И.Бофонов.
Табиғи қорық аумағына кіретін Каспий теңізінің жағалауы мен Жайық өзенінің сулы-батпақты атырабында құстың 292 түрі тіркелген. Ал резерват аумағындағы Каспийдің Солтүстік Шығыс жағалауында құстың 110 түрі ұя салады. Құстың 76 түрі осында қыстап қалады. Ал 106 түрі қоныс аудару кезінде ұшып өтеді.
«Мәселен, Шалыга аралы Каспий теңізі мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аралық аймағында орналасқан. Аралдың жалпы аумағы шамамен 2,6 гектарды алып жатыр. Бұл – бұйра ләйлек секілді сирек құстардың тұрақты мекені. Бұл аралда құстардың 600-ге жуық жұбы ұя салады. Бұдан өзге бірнеше құстың тұрақты ұя салатын мекеніне айналды. Жалпы, резерват аумағына қонатын құстың 36 түрі еліміздің Қызыл кітабына енгізілген. Құстың кейбірі, мәселен, өзен қарқылдағы, теңіз шағаласы осы аймақта ұя салып, тұқымын көбейтеді. Оның ішінде қызғылт және бұйра бірқазан (Pelicanus crispus; VU), қылаң қарабас шағала (Larus ichthyaetus) бар. Зерттеу кезінде көптеген құстың тобы табылды. Атап айтқанда, қылаң қарабас шағаланың 5,5 мың, өгіз шағаланың 4 мың, үлкен суқұзғынның 1,5 мың, бұйра және қызғылт бірқазанның 200 жұбы анықталды», дейді И.Бофонов.
Сирек өсімдіктер мекені
Табиғи қорық – тек құстар ғана ұя салатын мекен емес. Резерват аумағында сирек кездесетін өсімдіктер де өседі.
«Резерват аумағында өсімдіктердің өте сирек үш түрін кездестіруге болады. Бұл – қалқымалы сальвиния, Шренка қызғалдағы мен елімізде чилим деген атаумен танымал қазақстандық су жаңғағы. Жалпы, табиғи резерваттың биосфералық аумағында 141 тұқымға, 56 тұқымдасқа жататын өсімдіктердің 229 түрі өседі. Оның ішінде 7 реликті, 4 сирек және ерекше қорғалған түрі бар. Су флорасына өсімдіктердің 23 түрі жатады. Негізгі өсімдіктер қауымдастығы шөлді, шалғынды, батпақты, орманды, бұталы, батпақты-сулы секілді 6 түрге бөлінген», дейді резерват қызметкері Лаура Балғымбаева.
Мәселен, теңіз түйнекқамысы – көпжылдық өсімдік. Түбіршегі өрмелеп шығады. Өсімдіктің ұшы шар тәрізді түйнек түрінде жуандайды. Сабағы сұр-жасыл түсті, үш қырлы, жапырақтанып тұрады. Биіктігі – 20-100 см. Түзу әрі жалпақ жапырағының ені – 3-5 мм.
«Теңіз түйнекқамысының төсемелі тамырының ұшында шар тәрізді түйнектері болады. Гүлі қосжынысты, дара масақтан құралған шашақ гүлшоғырына жатады. Маусым-қыркүйек айларында гүлдеп, үш қырлы жаңғақша жемісін береді. Түйнегінде крахмал көп. Оны кейде ұнға қоспа ретінде, малға жұғымды азық ретінде пайдаланады», дейді Л.Балғымбаева.
Тағы бір өсімдік – түлкі құйрық ақмия софора. Жарма дақыл тұқымдасына жататын өсімдік сабағының ұзындығы әртүрлі болып келеді. Негізінен 30-80 см болса, кейде 100 см-ге жетеді. Бұл өсімдік тік өседі. Оның жоғарғы жартысында бұтақты, басқа өсімдіктер сияқты қалың иілген, аласа жылтыр ақ талшықтары бар.
«Бұл – улы әрі карантиндік арамшөп. Оның тамырын, тұқымын, жер үстіндегі бөлігі мен түбірін емдік мақсатта пайдалануға болады», деп түсіндірді Л.Балғымбаева.
Атырау облысы