«Волонтерлер әсіресе пандемия кезіндегі ахуалды жеңілдетуге көп үлес қосты. Қазір әр салада ерікті болып, мейірімділік пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп жүргендер көп. Олардың барлығы қайырымдылық іс-шараларына қатысып, қарттарға, көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созады. Бұл – көпке үлгі болатын іс», дейді Нұрлыбек Жеңісбекұлы.
Ал облыстық «Азаматтық орталық» КМК басшысы Жанат Досқалиеваның айтуынша, түрлі волонтерлік ұйыммен, жастар ресурстық орталықтарымен, қала мен ауылдардағы волонтерлік клубтармен тығыз байланыс орнаған. Сондай клубтың қатарында «28 ілмек» те бар. Қазір бұл клубтың құрамында 50-ге жуық ерікті топтасқан. Олар 11 жылдан бері шала туған нәрестелерге таза жүннен киім тоқып беріп жүр.
Бұл өңірдегі танымал еріктінің бірі – Арман Қасымов. Мұнай-газ компаниясында қаржыгер мамандығымен жұмыс істейді. Бірақ 12 жылдан бері бос уақытын жедел жәрдем дәрігерлерімен бірге өткізіп келеді. Бастапқыда санитар болған. Кейін жедел жәрдем көлігін жуған. Қазір ол науқастарға жүрек-өкпе реанимациясын, кардиограмма жасауды үйреніп алған.
«Жақында волонтерлік ұйымдардың жұмысына қолдау көрсету үшін «Demeý» байқауы ұйымдастырылды. Оның қорытындысымен үздік танылған 5 жоба иесіне 500 мың теңгеден берілді. Біз еріктілер қатарынан аға буын өкілдерін де көбірек көргіміз келеді. Өйткені ерікті болу үшін жас шектеуі жоқ. Қазір 50 жастан асқан адамдар арасында «Күміс волонтерлікті дамыту» жобасы қолға алынды. Жобаның басты мақсаты – аға буын өкілдері арасында бастамашыл топтар құру, әлеуметтік мәселелерді шешуге жәрдемдесу, қайырымдылық, экологиялық іс-шараларды ұйымдастыру, ұрпақтар сабақтастығын арттыру. Алдыңғы буын өкілдерінің өзін-өзі дамытуына, белсенді болуына ықпал ету, саламатты өмір салты үшін қолайлы жағдайлар жасау. Бұл жоба аяқталғанымен, қарт кісілер жаңа достар тапты. Осы жоба арқылы бір-бірін ұнатып, үйленгендер де бар», дейді Ж.Досқалиева.
Байқауға қатысқан Әсия Құлжанованың жобасы жоғалған адамдарды іздестіруге арналған. Ол жетекшілік ететін «Батыс» волонтерлік тобының еріктілері із-түзсіз жоғалып, хабарсыз кеткен жандардың суреті мен дерегін іліп, іздеу жұмысын жүргізеді. Мәселен, Атырау облыстық полиция департаментінің басшысы Нұрхат Оразбаевтың мәліметінше, жыл басынан бері жоғалған адамдарды іздестіру жұмыстарына 5 мыңнан астам ерікті жұмылдырылған. Волонтерлік топ 40-тан астам жасөспірімнің аман-есен табылуына атсалысқан.
Тағы бір ерікті Арман Арапбеков мұнайлы шаһардағы мектептердің ауласына жеміс ағаштарын егуді қолға алған. «Өмірге құштар» жобасының бастамашыл тобы ерекше көмекті қажет ететін және тұрмысы төмен отбасылардың балаларының үйірмелерге тегін баруына көмектеседі. Ал «Аса қажет» жобасының еріктілері Исатай ауданындағы мектептің біріне ұсақ моториканы дамытуға арналған құралдар әкеліп берді. «Ер жүректілер» ұйымына біріккен жастар «Үйден бір қадам» жобасы аясында Махамбет ауданындағы Сарайшық қалашығына бір күндік тур ұйымдастырып жүр.
Атырау облысы