Ресей елімізге мұнай жеткізеді
Отырыста қаралып, мақұлданған «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заң бала құқықтарын қорғау деңгейін арттыруды көздейді. Құжатта Бала құқықтары туралы конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайда балалардың немесе олардың ата-аналарының жеке шағымдарын қарау тетігі белгіленеді.
«Елімізде өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрдайым басты назарда. Сондықтан еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының бұл саладағы бастамаларын толығымен қолдайды. Мақұлданған заң азаматтарымызға Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне бала құқықтарының бұзылуы туралы шағымдануға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта бұл құжат елімізде балалардың мүдделерін қорғау тетіктерін жетілдіру үшін қосымша құқықтық негіз қалыптастырады деп сенеміз», деді М.Әшімбаев.
Сонымен қатар сенаторлар «2010 жылғы 9 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Хаттама Ресей Федерациясымен мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу кезінде туындайтын жекелеген мәселелерді реттеуге бағытталған. Мақұлданған заң екі ел арасында бұл саладағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға оң септігін тигізбек.
Балалардың топпен улану жағдайлары көбейген
Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын да жолдады. Ақмарал Әлназарова мектепте оқушыларды тамақтандыру мәселесіне назар аударды. Оның айтуынша, мектеп асханаларының мәзірі қазіргі ғылыми ұсыныстарға сәйкес келмейді. Тамақ пісіруге тым құнарлы май пайдаланады, қант пен тұздың мөлшері 2 есе және одан көп болып кеткен.
Сенатордың айтуынша, еліміздегі балалардың 58%-ына анемия таралған, А дәруменінің тапшылығы 23%-ды құрайды. Балалардағы жұқпалы емес созылмалы аурудың көбеюі алаңдаушылық туғызады, бұл ересек жаста мезгілсіз өлім мен мүгедектік қаупін туғызады.
«Білім беру мекемелерінде тамақтануға байланысты топтық сырқаттану тіркелген жағдайлар көбейіп кетті. 2020 жылдан бері мектеп жасындағы 425-ке жуық бала тамақтан топпен улану салдарынан зардап шекті. Негізгі себептер асхана қызметкерлері арасында ішек инфекциясының болғаны, медициналық тексеруден өту туралы құжаттарды қолдан жасау, объектінің санитарлық-эпидемиологиялық қорытындысының болмауы, азық-түлікті сақтау және өткізу шарттарының бұзылу жағдайы болып отыр. Бүгінде елімізде 7 381 мектеп жұмыс істейді. Күн сайын бір жарым миллионнан астам бала тамақтанады және олардың саны көбейіп келеді. Сондықтан балалардың қауіпсіздігі мен денсаулығын қамтамасыз ету шараларын күшейту керек», деді А.Әлназарова.
Депутат сонымен қатар мектептердің 20 пайызында ғана бірыңғай тамақтандыруды ұйымдастырудың қолданыстағы стандарттары жүзеге асқанын атап өтті. Бұл кезеңде әртүрлі жастағы оқушыларды тамақтандыруға арналған мәзірді қалыптастыруда біркелкі әдіснама жоқ.
«Асхана саласындағы қызметкерлерінің біліктілігі мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Әрбір үшінші мектеп асханасында кәсіби білімі жоқ аспаздар жұмыс істейді, 21,8 пайызында арнайы біліктілігі жоқ. Білім беру ұйымдарында таза ауыз суға қол жеткізу әлі де проблема болып қалып отыр. Мектеп оқушыларының 68%-ы үйден су әкеледі, шамамен 30%-ы мектептен су сатып алады. Мектеп қабырғасында ауыз суға қол жеткізу балалардың қантты сусындарды ішуін азайтады. Сондай-ақ мектептегі тамақтану құны туралы бірауыз сөз айтайын. Мектептегі тамақтану құнын есептеу барысында шикізаттық емес шығындар есепке алынбайды, өнімді сатып алуға тікелей шығындар ғана ескеріледі. Бұл толыққанды және теңдестірілген мәзірді қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді», деді депутат.
Аймақтардың экожүйесіне зиян келіп жатыр
Сенатор Дархан Қыдырәлі геологиялық барлаушылардың немқұрайды қарым-қатынасын және пайдалы қазбаларды іздеу мен өндіру саласында «қара қазушылардың» көбеюін сынға алды. Олардың химиялық реагенттерді бақылаусыз пайдалануы салдарынан өзендер мен жағалау аймақтарының экожүйелеріне зиян келіп жатыр.
Депутат Түркістан облысының Абай ауылының 127 тұрғыны қол қойған өтініш проблеманы көтеруге себеп болғанын атап өтті. Азаматтардың өтінішінде 2019-2023 жылдар аралығында Көкбұлақ кентіндегі Қайыршақты өзенінде компаниялардың бірі алтын өндіру үшін геологиялық барлаумен айналысқаны жазылған. Олардың жұмысынан кейін өзен қазір экологиялық апат жағдайына ұшыраған. Сенатордың ақпараты бойынша дәл осы компания қазір Үлкен және Кіші Көкбұлақ өзендерінде геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге ниеттеніп отырған көрінеді. Аймақ тұрғындары осыдан кейін дабыл қағып, экологиялық апатқа қатысты жағдай қайталанады деп қауіптеніп отыр.
«Шығыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Жетісу, Жамбыл облыстарында осындай жағдайлардың болғанын баспасөзден жақсы білеміз. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында алтын іздеушілер Құлынжон өзенінің арнасын өзгерткен. «Қара қазушылар» қатары көбейіп келеді. Лицензияларында көрсетілген шектеулерден асып кеткен немесе тіпті арнайы рұқсаты, білікті маманы жоқ оңай олжа іздеушілер экологиялық талаптарды ескермейді. Қазба байлықтарын барлауда жаңа технологиялар қолданылмайды. Есесіне заңсыз жер қойнауын өндірушілер жабайы жолмен тау-тасты талқандап, бульдозер, грейдерлермен өзендердің астан-кестенін шығарады. Халық су ішіп отырған өзендерге түрлі химиялық реагенттер қолданады», деді сенатор.
Дархан Қыдырәлі Үкімет пен Бас прокуратура басшыларын Жолдауда көрсетілген геологиялық барлау жұмысын жүргізу жөніндегі тапсырманың сапалы орындалуына бақылауды күшейтуге шақырды. Жер серігі арқылы мониторинг жүргізу, минералдық ресурстардың цифрлық картасын дайындау сияқты жаңа технологияларды пайдалануды, сала мамандарын сапалы даярлау мен жер қойнауын пайдаланушылардың қызметіне бақылауды күшейтуді және заңды бұзғандарды жазалауды ұсынды.
Ақпараттық қауіпсіздік ақсап тұр
Сенатор Бибігүл Жексенбай ақпараттық қауіпсіздікті нығайту үшін шекара маңындағы өңірлерде хабар тарататын отандық телеарналардың тізімін кеңейту қажеттігін атап өтті.
Депутат цифрлық хабар тарату теледидарын енгізу мәселелеріне назар аударды. Елімізде тіркелген 83 телерадиокомпанияның 21-і республикалық деңгейде хабар таратады. Оның тек 15-і мультиплекске тегін еніп, хабар таратады. Ал қазақ көрермендеріне ұсынылған шетелдік телеарналар саны 300-ге жуықтады. Жоспар бойынша 2015 жылы бүкіл еліміз аумағы «цифрмен» қамтылуы керек еді, бірақ жоба 10 жылға ұзартылды. Сенатордың айтуынша, цифрлық технологиялардың арқасында облыс орталықтарында 30-ға дейін, шалғайдағы елді мекендерде 15 арнаға дейін хабар таратуға болады.
«Алайда әзірге мемлекеттік арналардан басқалары үшін мультиплексте хабар тарату арман болып отыр. Өңірлік, әсіресе шекаралық аумақтағы жекеменшік телеарналар одан орын ала алмайды. Себебі бағасы удай қымбат. Яғни жекеменшік арналардың дамуына өзіміз кедергі жасап отырмыз», деді сенатор.
Депутаттың пікірінше, осы арада ауқымды мәселе туындайды. Бұл – ақпараттық қауіпсіздік мәселесі. Шекаралас елді мекендерде шетелдік ақпарат көзі үйреншікті болған. Мемлекеттік телеарналарды көрмейтін көрермендер Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің телеарналарын күндіз-түні көріп, жат елдің идеологиясын санасына сіңіріп жатыр. Сенатор көрші елдердің идеологиясы «сұр» табақшалар арқылы жас ұрпақтың санасына еркін әсер ететінін атап өтті.
«Ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне дұрыстап назар аударатын кез келді. Қазір цифрлық эфирлік теледидар Қазақстан халқының 92,66 пайызына қолжетімді екен. Алайда еліміз цифрлық хабар таратуға көшкенімен, өңірлердегі жекеменшік телеарналар бұрынғы бейшара күйінде қалып отыр. Ақпарат тарататын телеарна дамымаса, идеология да болмайды. Идеология дегеніміз тек Астана, Алматыда ғана емес, күллі өңірлерде жүргізілуге тиіс», деп атап өтті сенатор.
Бибігүл Жексенбай жеке арналарға мультиплекстің бағасын төмендетуді және шекара маңындағы елді мекендердегі отандық телеарналардың тізімін кеңейтуді ұсынды.