– Асламбек Амангелдіұлы, Мемлекет басшысы жариялаған реформада сот жүйесін жаңғыртуға ерекше басымдық берілген. Нақты міндеттер жүктелді, тапсырмалар қойылды. Сот жүйесін дамыту бағытында қазіргі таңда қандай жұмыс істеліп жатыр?
– Сот жүйесін жаңғырту реформасы дәл қазір белсенді кезеңде деп айтуға болады. Өйткені қазіргі уақытта Президенттің бағдарламалық құжаттарында айтылған тапсырмалар тұрақты орындалып келеді. Судья ретінде де, қарапайым адам ретінде қоғамға реформа ғана емес, сот төрелігін атқару сапасының да жоғары болғаны маңызды екенін жақсы түсінемін. Халықтың сот жүйесіне деген үміті мен сұранысы күннен-күнге артып келеді. Сондықтан алғашқы күннен бастап жұмыстың осы маңызды бағытына назар аудардым.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Сенатта сот жүйесін реформалау жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Топ құрамындағы депутаттар, адвокаттар, заңгер-практиктер, ғалымдар, мемлекеттік органдардың өкілдері өздерінің және біздің бастамаларымызды талқылайды. Бұл – нәтижелі қадам. Себебі мұндай алаң тек шағымдарды емес, сот қызметтерін тікелей пайдаланушылардың нақты ұсыныстарын тыңдауға мүмкіндік береді. Платформа бізге сындарлы диалог құрып, көптеген маңызды шешім бойынша ымыраға келуге мүмкіндік туғызды. Бірінші кезеңнің нәтижесі – биыл наурызда қабылданған заңнамалық актілер. Бұл – өте ауқымды жаңалықтар блогі. Көп шағым сот үдерістерінің созылып кетуіне байланысты айтылатын. Өйткені бірінші саты істерді пысықтамайды, апелляция істерді кері қайтарғаннан кейін бәрін қайтадан бастауға тура келетін. Салдары – жоғалған есіл уақыт пен қаражат. Сол себепті апелляциялық соттар шілдеден бастап істерді қайтаруды тоқтатты. Егер апелляция бірінші сатыдағы шешімнің күшін жойса, сол сатыдағы сот қағидаларына сәйкес істің нүктесін қояды, яғни істің барлық мән-жайын анықтап, шешім қабылдайды.
Бұл қадам істі тез әрі тиімді шешуге, бұзылған құқықтарды тезірек қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл шара екі сатыдағы судьялардың өздері қабылдаған шешім үшін жауапкершілігін күшейтіп, сот практикасының бірізділігін қамтамасыз етеді. Жиі көтерілетін тағы бір мәселе – құқық қорғау органдары мен сот төрағалары тарапынан судьяларға жасалатын қысым. Қудалау органдары тарапынан қысымды жойып, судьяларға қатысты жасырын арнайы жедел іс-шараларды жүргізу мақсатында бұрынғыдай облыс прокурорының емес, енді тек Бас прокурордың санкциясы қажет. Бұл шара да заңнамалық тұрғыдан белгіленді.
Сондай-ақ Жоғарғы сот судьялығына кандидаттар ретінде Сенатқа баламалы негізде кемінде екі кандидат ұсыныла бастады. Жаңа жылдан бастап аудандық соттардың төрағаларына қатысты сайлау элементтерін енгіземіз. Бұл лауазымдарға кандидаттарды судьялар жасырын дауыс беру арқылы өздері сайлайды. Бұл реформа аудандық деңгейдегі 376 сотқа қатысты. Уақыт өте келе, сайлаудың осы тәсілін облыстық соттарға қолдануға болады. Мұндай қадамдар судьяларды тағайындау үдерісінің ашықтығын арттырып қана қоймай, мансаптық өсу жүйесін анық әрі түсінікті етеді.
Тағы бір маңызды жаңашылдық – «Отбасылық соттардың» құрылуы. Мәселе ювеналды соттардың соттылығын кеңейтуге қатысты болып отыр. Біз бала мүддесін алдыңғы қатарға шығардық. Сондықтан биыл 1 қыркүйектен бастап, ювеналды соттар кәмелетке толмағандардың заңды құқықтары мен мүдделері қозғалатын істер мен даулардың барлығын қарай бастады.
Реформалардың екінші пакеті жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қорғау тиімділігін, судьялардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Судьяларды жауапқа тарту мәселесіне қатысты сынның көп айтылатыны белгілі. Судьяның заңды өрескел бұзуға жол бергені тікелей көрсетілген апелляциялық немесе кассациялық сатыдағы қаулылары аз да болса кездеседі. Бірақ ешқандай санкция қолданылмайды.
– Осы тұста «неліктен?» деген заңды сұрақ туындайды.
– Статистикаға мән берсек, кейінгі 4 жылда заңдылықты өрескел бұзу туралы 1,5 мыңға жуық қаулының тек төрттен бірі ғана Жоғары Сот Кеңесінің жанындағы Сот жюриіне жеткен. Түйткіл тәртіптік іс жүргізудің қолданыстағы тетігінен туындап отыр. Қазіргі таңда заң бұған судьяға қатысты материалдарды Сот жюриіне беру-бермеуді облыстық соттың жалпы отырысы шешеді.
Жаңа тетік судьяның заңдылықты өрескел бұзғаны туралы көрсетілген әр күші жойылған сот актісін Сот жюриінің тексеруін көздейді. Соттың жалпы отырысы енді судьялар қауымдастығының анықталған бұзушылық туралы пікірін ұсыным ретінде білдіре алады.
Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы жөніндегі комиссия жұмысын жетілдіру – басты мәселенің бірі. Өкінішке қарай, комиссияны әлі күнге жазалаушы орган ретінде қабылдайды, өйткені бұрын оның функцияларын Сот жюриі жанындағы біліктілік комиссиясы атқарған. Бірақ іс жүзінде олай емес.
Судьялар корпусының сапалық құрамын жақсарту, кәсіби біліктілігінің артуын ынталандыру, сот істерін қарау кезінде жауапкершілікті арттыру, судьяның кәсіби өзін-өзі жетілдіретін салаларын айқындау үшін оның кәсіби қызметін бағалау қажет. Мұндай бағалау шарасы ең алдымен, әр судьяның әлсіз әрі күшті жақтарын анықтау мақсатында жүргізіледі. Сол себепті комиссия отырысы – ең алдымен, судьяларға көмек көрсету және кері байланыс орнатуға бағытталған өзара іс-қимылдың диалогтік нысаны. Заң жобасында бағалау көрсеткішінің саны оңтайландырылып, судьяларға түсінікті болатындай жеңілдетілді. Кез келген судьяға қызмет көрсеткіштерін онлайн режімде көруге мүмкіндік беретін цифрлық модуль құру комиссия жұмысының ашықтығын арттырады.
Заң жобасы шешетін негізгі мәселенің тағы бірі – «Тұтас кассацияны» енгізу. Жұмыс тобы Жоғарғы сотта азаматтық және қылмыстық істер бойынша кассациялық шағымдарды алдын ала қарау сатысын алып тастауды ұсынды. Дәл осы сатыны кәсіби заңгерлер, сондай-ақ сот үдерісіне қатысушылардың барлығы өткір сынға алады. Өтініш иелерінің сұрақтары орынды. Себебі бір судья қараған азаматтық іс кассациялық алқада қайта қаралады. Осы мәселені шешу үшін заңгерлер және кәсіпкерлік қоғамдастықпен бірлесіп, кассациялық сатының баламалы моделін әзірледік.
– Ұсыныстардың осы блогі – көптің көкейінде жүрген мәселе-тін. Кассациялық соттардың қандай моделін енгізуді ұсынып отырсыздар? Бұл ұсыныстың қандай оң және теріс жақтары бар?
– Сот ісін сатылы жүргізу мәселесі – ең өткір, күрделі әрі өзекті мәселе. Сот төрелігін жүзеге асыру сапасы мен азаматтардың соттарға деген сенім деңгейі әр саты жұмысының тиімділігіне тікелей байланысты. Кейінгі 30 жылда сот жүйесін қалыптастыру және жаңғырту бағытында 3 ірі реформа жүргізілді. 5, 4 және 3 буынды модельдер енгізілді. Бұл модельдердің басты проблемалық түйіні бәрімізге таныс. Ол – «Жоғарғы сот – облыстық сот – аудандық сот» деген сот жүйесінің 3 деңгейлі иерархиясына сәйкес келмеуі. Бір деңгейдегі соттарда екі саты болды, олар уақыт өте келе «тұтасып», тиімділігін жоғалта бастады. Мысалы, 2016 жылға дейін облыстық соттар сот шешімдерін апелляцияда (заңды күшіне енбеген) және кассацияда (заңды күшіне енген) қайта қарады. Жоғарғы сотта қадағалау және қайтадан қадағалау болды.
2016 жылы «Ұлт жоспары – 100 нақты қадамды» іске асыру аясында 5-тен 3 буынды модельге көшу, өкінішке қарай, басты мәселені шешкен жоқ. Іс жүзінде толыққанды екі сот жұмыс істейтін 4 буынды модель құрылды – аудандық соттардағы бірінші саты, апелляция – облыстық соттарда және екі қысқартылған саты – Жоғарғы соттағы кассация мен қадағалау.
Қадағалау көп жағдайда Жоғарғы сот төрағасының ұсынуы бойынша болады. Бұл үш судьядан тұратын алқалы құрамның кассациялық шағымды қарап, ол бойынша шешім қабылдауы. Шешімге наразы тарап Жоғарғы сот төрағасына жүгініп, кассацияның үш судьясы қабылдаған шешімді жеті судьяның қайта қарауы үшін өтінішхат келтіруді сұрайды. Менің атыма осындай жүздеген емес, тіпті мыңдаған өтінішхат келіп түседі. Мысалы, былтыр Жоғарғы сотқа қылмыстық және азаматтық істер бойынша 17 мың кассациялық өтінішхат келіп түсті. Оның шамамен 5 пайызы ғана алқалы түрде қайта қарауға берілді.
Шетелдік сарапшылар Жоғарғы сот төрағасының мұндай ұсыну институтын судьялардың тәуелсіздігіне қауіп ретінде қабылдайды. Бұл тұрғыда мен халықаралық сарапшыларды қолдаймын. Қазіргі кассация және қадағалау моделі («жетілік») заңгерлер қоғамдастығы, бизнес өкілдері мен азаматтар тарапынан көп сынға ұшырап жүр. Мұндай шағымдар әкімшілік әділет бойынша ғана жоқ, өйткені мұнда «тұтас кассация» қағидаты жұмыс істейді. Қоғамның толыққанды «тұтас кассацияға» деген сұранысы жоғары екенін ескере отырып, біз сот ісін жүргізудің түбегейлі жаңа сатылық моделін ұсындық.
– «Тұтас кассация» қағидаты қалай жүзеге асырылады?
– Бүгінгі таңда апелляциялық саты – өңірлерде, іс жүзінде тараптардың орналасқан жерінде болады. Алдыңғы тәжірибені ескере отырып, консультациялар барысында елордада қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша бір-бірінен бөлінген үш кассациялық сот құру моделі тұжырымдық түрде қолдау тапты. Соттардың елордада аумақтық оқшаулануының да өзіндік қисынды негіздемесі бар. Бұл үш жаңа сот және олардың судьялары жергілікті мемлекеттік және мемлекеттік емес құрылымдардың ықпалына түсіп қалмауына мүмкіндік береді.
Үш толыққанды саты – бірінші, апелляция мен кассация. Әр саты өзінің дербес (аудандық сот, облыстық сот, кассациялық сот) деңгейінде жұмыс істейді. Сот ісін жүргізудің барлық түрі бойынша жүгіну мен қайта қараудың бірыңғай қағидалары енгізіледі.
Біріншіден, дауды мәні бойынша шешетін барлық сот актісі апелляциядан кейін күшіне енуге тиіс. Екіншіден, істі алдын ала қарауды жоюды ұсынамыз. Барлығы «тұтас кассация» қағидаты бойынша жұмыс істеуі керек, яғни, істер бірден кемінде 3 судьядан тұратын құрамның қарауына түсуге тиіс. Үшіншіден, кассация мерзімі «ақылға қонымды мерзім» деген ұғыммен қамтылуға, бірақ ол 6 айдан аспауға тиіс. Күрделі істер бойынша бұл мерзім кем дегенде тағы 6 айға ұзартылуы мүмкін. Төртіншіден, сот үдерісі тараптардың міндетті қатысуымен ауызша жүргізілуі керек. Бесіншіден, бірінші кезеңде кассацияның қолданыстағы «сүзгілерін» сақтау ұсынылады. Кейін материалдық «сүзгілерден» (яғни, талап қою сомасы, қылмыс түрі бойынша) процессуалдық «сүзгілерге» (оңайлатылған іс жүргізу, процестік келісім т.б.) ауысуға болады.
Мұндай модель Жоғарғы сотқа сот практикасының біркелкілігін қадағалауға және қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Егер сот шешімдерін жергілікті және кассациялық соттар сот практикасына қарама-қарсы қабылдаса немесе құқықты дамыту мүддесі үшін қайта қарауды талап етсе, қадағалау өндірісі Жоғарғы сот судьясының бастамасымен қозғалады. Судьялар корпусында жасанды интеллект элементтері де қолданылады. Мәселен, «Сот практикасының цифрлық аналитикасы» атты тиімді IT құралы бар.
Қадағалаудың жаңа тетігі Жоғарғы сот төрағасының ұсынуды енгізу институтын ауыртпалықсыз жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елордада кассациялық соттарды ішкі резерв есебінен құруды ұсынып отырмыз. Қазір 300-ден астам бос жұмыс орны бар. Яғни біз судьялардың жалпы штатын көбейтуді сұрамаймыз.
Реформаның күрделі әрі ауқымдығын ескере отырып, іске қосу мерзімін 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап белгіледік. Жүйелі реформалар белсенді түрде іске қосылып келеді, негізгі стейкхолдерлермен сындарлы диалог жолға қойылған.
Қазіргі таңда Мәжілісте әкімшілік әділет аясын кеңейтуге, «үкіметтік төрелікті» енгізуге бағытталған заң жобалары қарастырылып жатыр. Әкімшілік әділет – жаңа институт. Кейінгі 2,5 жылда бұл институт азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін мемлекеттік органдардың заңсыз іс-әрекеттерінен қорғауда тиімді екенін көрсетті. Бұрын азаматтар мен бизнестің мемлекеттен ұтып алуы 15 пайыз болса, бүгінде бұл сан 60 пайыздан асады. Бұл дерек бір жағынан жаңа әкімшілік сот практикасын көрсетсе, екінші жағынан, ең маңыздысы – мемлекеттік органдар жұмысындағы мәселені байқатады. Әкімшілік әділет соттар үшін емес, мемлекеттік аппарат жұмысының сапасын арттыру үшін енгізілді. Сондықтан қазір мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауға – әрбір мемлекеттік органға қарсы қанша талап қойылғанын және оның қанша істе жеңілгенін көрсететін жаңа индикаторды енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Шара әдістерді қайта қарастыруға, орталық және жергілікті атқарушы органдардың жұмысын жақсартуға сеп болады деген үміт бар.
– Әңгімеміздің басында сіз сот төрелігін атқару сапасын арттыру мақсатында қолданылатын шаралар туралы айттыңыз. Бұл қандай шаралар?
– Сот жұмысындағы ең бастысы – сот төрелігін атқару, оның сапасын арттыру. Осы салада көп жыл жұмыс істеген судья ретінде мен бұл мәселеден аттап кете алмас едім. Бұл бағытта біз сот практикасына мониторинг жүргізу, оны талдау және қорыту, Жоғарғы соттың нормативтік қаулыларын өзектендіру жұмысын жандандырдық. Жергілікті соттарды қосып, бұл ретте олардың нақты ерекше салалардағы мамандануын ескердік. Нәтижесінде, бір жыл ішінде өңірлік деңгейде талдау мен жалпылау саны – 2 есе, ал еліміз бойынша 3 есеге ұлғайды.
Биыл Жоғарғы соттың 111 нормативтік қаулысының 42-сін, яғни, бүкіл нормативтік қаулылардың кемінде үштен бірін қайта қарап, түзеттік. Өзгерістер сот ісін жүргізудің барлық түріне дерлік қатысты болды. Басты мақсат – сот практикасының біркелкілігін, заңдардың дұрыс қолданылуын қамтамасыз ету.
Мысалы, қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама бойынша сот практикасында туындайтын мәселелерге тек судьялар емес, адвокаттар, прокурорлар, құқық қорғау органдарының, бизнес-қоғамдастық өкілдері мен басқа да құқық қолдану субъектілері де түсіндірме берді. Судьялардың, соттардың қызметіне сот төрелігін атқару кезінде заңсыз араласу жағдайларына байланысты судьялардың тәуелсіздігін қамтамасыз ететін заңдарды дұрыс қолдану жөнінде түсініктемелер берілді.
Сот істерді қарау кезінде тараптардың жарыспалылығы мен тең құқықтылығы қағидатын қамтамасыз етуге міндеттілігі туралы толықтырулар енгізілді. Судья сот істеріне қандай да болсын түсініктеме беруге және өз пікірін білдіруге міндетті емес. Жоғарғы соттың заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді оңалту және банкроттық туралы нормативтік қаулысы толығымен дерлік қайта қаралып, жаңа редакцияда бекітілді.
«Төрелік туралы» заң – Жоғарғы сот тарихында алғаш рет пайда болған нормативтік құжат. Заң 2016 жылы қабылданғанымен, осы уақытқа дейін отандық және шетелдік төреліктер шығарған шешімдерді тану және мәжбүрлеп орындау туралы арыздарды соттардың қарауы бойынша сот практикасын түсіндіретін нормативтік қаулы болған жоқ. Облыстық соттар төрағаларының апелляциялық қайта қарауға жеке қатысуы – сот практикасын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды фактор. Бұл үшін олар төрағалық етуге міндетті болатын істер санаттары белгіленді. Олар – әлеуметтік маңызы бар, резонанстық істер, алқабилер соты қараған, инвесторлардың мүдделерін қозғайтын және басқа да істер.
– Сот жүйесіндегі IT-сервистердің тиімділігі жөнінде оң пікірлер жиі айтылып жүр. Пайдаланушылар үшін өте ыңғайлы Сот кабинеті жұмыс істейді. Осы бағытта тағы қандай жаңашылдық күтуімізге болады?
– Жасанды интеллект элементтері қолданылатын «Сот практикасының цифрлық аналитикасы» ІТ өнімі жүйеге жүктелетін талап қоюлардың негізінде істің нәтижесін болжауға мүмкіндік береді. Қазір оны тек судьялар қолдана алады, бірақ жүйені үдерістегі тараптардың сотқа жүгінген кезде қолдану мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Сотқа жүгінген кезде адамдарға талап қоюды беру не контрагентпен ымыраға келу туралы шешім қабылдау үшін табысқа жету мүмкіндігін бағалауға көмектесетін роботтық жүйені енгізуіміз мүмкін.
Әрине, бір сұхбатта бәрін қамту мүмкін емес. Дегенмен оқырман есіне салғым келетін маңызды тұстар бар. Биыл сот жүйесі тәуелсіздігіне қатысты тарихи жетістікке қол жеткіздік. Әңгіме сот жүйесінің бюджетін қалыптастыруға қатысты. Енді жаңа қаржыландыру моделінің арқасында бюджет дербес болады. Бұрын соттардың бюджеті қандай болатынын Үкімет пен Парламент шешетін. Биылдан бастап бәрі басқаша болады. Республикалық бюджетте сот жүйесін қаржыландыруға бөлінетін пайыз нақты бекітілді. Жаңа тетік бізді жыл сайын, тіпті, жылына екі рет Қаржы министрлігінен бюджет сұрауға мәжбүр етпейді. Бұл – өте маңызды.
Бір жыл ішінде тағы бір елеулі тарихи оқиға – Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің орнына Сот әкімшілігінің құрылуы. Бұл – реформаның маңызды бөлігінің бірі. Мәртебесі бойынша Сот әкімшілігі Үкімет пен Парламент аппараттарының деңгейіне жатқызылды. Мұндай бұрын-соңды болмаған. Бұл – маңдайшадағы атауды кезекті өзгеруі емес, түбегейлі өзгеріс.
Біріншіден, ол сот төрағаларына тән емес міндеттер мен функцияларды Сот әкімшілігіне ауыстыруға және сот төрелігін атқару міндеттерін соттарды басқарудан нақты ажыратуға бағытталған. Екіншіден, соттардағы сот қызметтерінің сапасын жақсартуға бағытталған стратегиялық және операциялық менеджменттің жаңа моделі.
Сонымен қатар Жоғарғы сот алаңында азаматтарды жеке қабылдауды бастадық. Осы бағытта барлық облыстық және аудандық сот төрағаларының жұмысын жандандырдық.
– Сот реформасы, жалпы Жоғарғы сот жүргізіп жатқан ауқымды жұмыс туралы неліктен БАҚ-та кеңінен жарияланбайды?
– Сот жүйесі – тірі организм және ол әрдайым жақсы жаққа өзгеруді қажет етеді. Әйтпесе, ол өмір шындығына және қоғамның сұраныстарына жауап беруін тоқтатады. Мұндай әрекетсіздіктің неге әкеп соғатынын біз тіпті, кейбір еуропалық елдерден де көре аламыз. Жоғарғы соттың басшылығында болған азаматтар да мұны жақсы түсініп, өз уақытында сот жүйесін жаңғырту кезеңдерін жүргізді. Мемлекеттің дамуымен қатар сот жүйесіне қойылатын жаңа талаптар да өседі. Тарихи тұрғыдан сот билігі консервативті болып келеді. Бұл – бізге ғана емес, бүкіл әлемге тән.
Қоғам сот жүйесін жетілдіруді талап етуін әділ түрде жалғастырады. Бірақ кез келген жүйеге жаңа институттарды енгізіп, нәтижесін көру үшін уақыт және көп еңбек қажет. Жұмысымызды кеңінен жариялау жайына келетін болсақ, өз басым мұны қолдай қоймаймын. Қоғам мен азаматтар өз объективті бағасын береді. Атқарылған жұмыстар жайында ақпараттандыру біздің емес, көбіне сіздердің, яғни, БАҚ-тың міндеті. Біздің міндетіміз – соттарға деген сенімге қол жеткізу. Сот залынан шыққан әр азамат судьяның сот актісінен заңдылық пен әділдік таба алатындай болуы керек.
Әңгімелескен –
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»