Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»
Мәміле мәніне үңілсек
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 2022 жылғы 9 желтоқсанда Үкімет пен «ArcelorMittal» арасында «Standstill Agreement» келісіміне қол қойылды, бұл қазақстандық тарапқа кәсіпорынды бағалау мен аудит жүргізуге мүмкіндік берді. Шарлапаевтың сөзінше, қарсы тараптың 3,5 млрд доллар сұрауы келіссөз үдерісінің ұзаққа созылуына әсер етті.
«Біздің мақсатымыз қымбат және ұзаққа созылған халықаралық сот үдерістеріне жол бермей, комбинатты әділ бағамен сатып алу болды. Кәсіпорын жұмысы тоқтап қалмас үшін келіссөздердің жедел әрі шұғыл жүруі маңызды еді. Келіссөздер үдерісі 11 раундтан тұрды, нәтижесінде екі тарап та принципті ұстанымға қол жеткізді. Қазақстан Үкіметі мен «ArcelorMittal» арасындағы келісімді мега-мәміле деп атауға болады, ол біздің еліміз үшін айрықша маңызға ие. Біз басқа елдердің үкіметі тап болған көптеген тәуекелден аулақ болдық», деп түсіндірді министр.
Оның сөзінше, мәмілені іске асыруға мемлекеттік бюджеттен бір теңге де жұмсалмады. Ал мәміле сомасы болған 286 миллион доллар – толық жұмыс істейтін екі кәсіпорынның құны. Жаңа инвестор ArcelorMittal бас компаниясы алдында 4 жыл ішінде 250 млн доллар қысқамерзімді қарызды және 450 млн доллар ұзақмерзімді қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді өзіне алады. Ал ArcelorMittal Қазақстан Үкіметіне ешқандай талап қоймайды. Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Әділет министрлігі өкілдерінен құралған қазақстандық келіссөздер тобының ArcelorMittal компаниясын «Қазақстан халқына» қайырымдылық қорына 16 млрд теңгеге жарна жасауға көндіруін де тәуір жетістік деп айтып өтсек болады.
Компания бұдан былай QARMET деп аталмақ.
Өткенге аз-кем шолу
Үнді бизнесмені Лакшми Миттал «Қарағанды металлургия зауытын» сонау 1995 жылы 200 млн доллардан сәл асатын сомаға сатып алған. Бұл ақшаның өзі бірден төленбей, төлем 5 жылда алған пайда есебінен жабылып отырған. Әртүрлі БАҚ-тағы жарияланған ақпараттарға сүйенсек, 1996 жылы «Қарметтің» ахуалы мәз болмаған, тиісінше 50 млн доллар көлемінде шұғыл қажеттіліктер берешегі және 11 млн доллар көлемінде жалақы қарызы болған. Бас акционер Миттал бұл берешектерді бөліп-бөліп төлеген. Сарапшылардың айтуынша, осыншама қарыздың бәрін комбинат жалғыз болат өндірісінің табысымен ақ өтеуге қауқарлы болған екен. Яғни кәсіпорын болат экспортының өзінен айына 40-50 млн доллар табыс түсірген.
Ел Үкіметі де Митталға мырзалық танытып, оның шикізат, электр қуаты және теміржол тарифтерін елдегі ең төмен бағамен алуына мүмкіндік берді. «Испат-Қармет» 2004 жылы желтоқсанда «Миттал Стил Теміртау» АҚ болып өзгерді. Қазіргі атауына 2007 жылы ие болды.
Компанияның аудиттелген соңғы есебі 2021 жылы жария етілген. Соған сүйенер болсақ, компанияның жалпы кірісі – 215 млрд теңге. Екі жыл бұрын компанияның активі – 1 трлн теңге, меншік капиталы – 570,5 млрд теңге және міндеттемесі 424 млрд теңгеге бағаланған. «АрселорМитталТеміртаудың» біраз облыста 15 көмір кеніші мен темір рудасы жұмыс істейді. Ақтаудағы құбыр зауыты, Теміртаудағы металлургиялық зауыт пен жылу электр стансасы, Қарағандыдағы элекр желісі инфрақұрылымы да осы АМТ-ға тиесілі.
Қанды күнтізбе
Қазақ жеріне Арселордың аяқ басуымен қаралы күндер басталып жүре берді десек қателеспейміз. Соңғы 15 жылда қаза тапқан кеншілер саны 100-ден асады. 2008 жылы 11 қаңтарда «Абай» шахтасында 400 метр тереңдіктегі метан жарылысынан 30 адам қаза тауып, 14 адам жараланды. Апаттан кейін тек 7 адамның денесі жер үстіне шығарылды. 23 адамның сүйегі жер астында қалды.
2008 жылы маусым айында «Тентек» шахтасындағы апаттан 5 шахтер қаза тапты. 100 адамның 95-і әрең дегенде жер үстіне шығарылды. Апатқа көмір мен газдың кенеттен таралып кетуі себеп болған. «Тентектегі» келесі апат 2009 жылдың маусымында тіркелді. Бұл жолы да көмір мен газдың таралуы апат тудырған. Сол сәтте шахтада 94 кенші жұмыс істеп жатыпты.
Соның тоқсаны аман-есен эвакуацияланды.
Қаралы күнтізбе келесі жылы да жалғасты. 2010 жылдың маусымында «Күзембаев» шахтасында көмір мен газдың шығып кетуінен төрт адам зардап шекті. Екеуін жер үстіне алып шығу мүмкін болды, қалған екеуі ақыры шығарылмаған күйі көз жұмды. Сол кезде облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Күзембаевтағы» апатты алдын ала болжап білу мүмкін емес, себебі бұл табиғи тосын жағдай деп мәлімдеді. Арада бірнеше ай өткенде «АрселорМиттал Теміртау» металлургиялық комбинатында газ құбырының өртенуі салдарынан екі адам ажал құшты.
2012 жылы «АрселорМиттал Теміртау» зауытындағы өрт апаты салдарынан 2 адам, 2017 жылы «Қазақстан» шахтасындағы апаттан 3 адам қаза болды. Метан жарылысы кезінде шахтада 136 адам болған, ал апатты аймақта 3 адам қалып кеткен екен. 2021 жылы апат кезегі «Абай» шахтасына қайта айналып соқты. Метан таралуы салдарынан 6 адам қайтыс болып, 2 адам ауыр халде ауруханаға түсті. 2022 жылы маусымда «Құрылысмет» цехында болған апат төрт адамның өмірін жалмады. Сол жылдың қарашасында Ленин атындағы шахтада бес жұмысшы қаза тапты.
2023 жылы 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында таңғы уақытта конвейерлік лента өртеніп, бес адам қаза тапты.
Ел тарихындағы ең сұмдық апат биыл 28 қазанда болып, бүкіл елді дүр сілкінтті. «Костенко» шахтасындағы жарылыс 42 азаматымызды ажал тырнағына іліктірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қазанды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялап, Үкіметке «АрселорМитталТеміртау» тағдырын шешуді түбегейлі тапсырды.
Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың айтуынша, қайғылы апаттарға кәсіпорын иелері тікелей кінәлі.
«Олар тиісті қауіпсіздік талаптарын сақтамай ақ пайда табуға дағдыланып алды. Соның салдарынан апат көбейді. Өңірдегі экология мәселесіне де назар бұру керек. Кәсіпорын бірнеше жыл бойы модернизация жасамай келе жатыр және жаңа технологияларды енгізіп жатқан жоқ. Жекешелендіру сәтінен бері өндірістік көрсеткіштері екі есе төмендеп кеткен. Өндіру көлемі – 6 млн тоннадан 3 млн тоннаға төмендеді. Көмір өндіру көлемі төрттен бірге қысқарды. Қызметкер саны да 72 мыңнан қазіргі 28 мыңға дейін азайды», деді Үкімет басшысы.
Кәсіпорынға салынуға тиіс 305 млрд теңге көлеміндегі инвестиция да құйылмаған. 2021 жылы қол қойылған 3 млрд доллардан аса көлемдегі сомаға модернизация жасау мәмілесі де толық орындалмай, басшылық тек 1 млрд доллар тұратын жобаны ұсынумен шектелген.
«Костенкодағы» апаттан кейін Президенттің өзі «АрселорМиттал Теміртауды» ел тарихындағы ең нашар компания деп атады.
Сарапшылар не айтады?
Экономист Мақсат Халық келіссөздің ұзаққа созылмағаны жақсы болғанын, әйтпесе бұл өндірістің тығырыққа тірелуіне – домна пешінің тоқтауы, шахталарды су басу, жұмыссыздыққа алып келетінін айтады.
«2012 жылдың қарашасында Француз өнеркәсіп министрі Арно Монтебур Арселормитталды елде көргісі келмейтінін айтты, өйткені ол Францияны құрметтемейді. Монтебурдың айтуынша, компания мемлекет алдындағы міндеттемелерді үнемі бұзған. Бұл трансұлттық компанияның басшылығы мен ресми Париж арасындағы өткір қақтығысқа әкелді. Франция билігі 2012 жылдың 1 қазанында ArcelorMittal-ға екі айлық ультиматум жариялады. Компания басшылығы егер үкімет кәсіпорынды толық сатуды талап етсе, зауыттың домна пештерін толығымен тоқтатуға уәде береді. Франция билігі кейін ұлттандыру саясатынан бас тартатынын мәлімдеген, соған қарамай ArcelorMittal екі домна пешін тоқтатты. Бұл оқиғалар жұмысшылардың наразылығын тудырып, арты ауқымды ереуілге ұласқан. Сондықтан бұл келіссөздің еліміздің игілігіне шешілгенін құптап отырмын. Инвестормен келіспей, ұзаққа созылатын халықаралық сот үдерістері орын алса, онда мемлекетіміз біраз шығынға ұшырайтын еді», дейді.
Сонымен қатар ол бұл мысал өзге инвесторлармен 90 жылдары жасалған басқа да келісімдерді қайта қарау қажеттігін меңзейді дейді.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Тоқаевтың билікке келуімен АМТ-ның салық төлемдері бірнеше есе артқан. Бірақ компания 2022 жылы қаржылық есептілігін сол күйі жарияламады.
«2021 жылдың соңында АМТ 400 млрд теңгеден аса үлестірілмеген кіріске ие болды. Компания 1 млрд долларды өндірісті модернизациялауға жұмсауға уәде берді. Бірақ сол күйі бастамады. АМТ-ның аналық компания алдында 200 млрд теңге кредиті болған (орташа мөлшерлемесі – жылдық 15 пайыз). Қазір 700 млн доллар кредиті бар екені анықталды. АМТ мердігер мен жеткізушілер алдында жүздеген миллион доллар берешек. Ең қызығы, егер Миттал 1 млрд доллар бөлінбеген табысты алып үлгерген болса, онда оның жағдайы керемет деген сөз. Жаңа инвестор кредит және мердігер мен жеткізушілер алдындағы ауқымды қарызды өтеуі тиіс. Ең маңызды сауал: Лаврентьевте мұндай ақша бар ма?», дейді сарапшы.
Лаврентьев қайтіп қожайын атанды?
Лаврентьев демекші, комбинаттың жаңа қожайыны – Андрей Лаврентьев, көпшілікке Allur Auto-ның иесі ретінде танымал.
Телеграмдағы Finmentor каналының сарапшылары біз бұл жаңалықты (жаңа қожайын туралы – ред.) қараша айында біліп қойғанбыз дейді.
«Бұл туралы AIX биржасындағы облигациялық бағдарлама листингінен білдік. Бастапқыда акциялар мемлекетке берілді, сосын Qazaqstan Steel Group (QSG) Holding сатып алды. 20 қарашада QSG Holding 1 миллиард долларға бес жылдық бағдарлама аясында жылдық мөлшерлемесі 15 пайыз болатын 355 миллион долларға облигациялар шығарды. Қалған 645 млн доллар қарызды төлеуге (700 млн доллар) және модернизацияға инвестиция ретінде тартылатын шығар. АМТ мен «АрселорМиттал Ақтау» кәсіпорындарының жиынтық бағасы – 286 млн доллар. Сол себепті, қарыздарды қоса алғанда жалпы құн 986 млн доллар болады. Бұл – AIX-тағы облигациялық бағдарламаның ұқсас сомасы», дейді канал сарапшылары.
Qazaqstan Steel Group (QSG) Holding – Андрей Лаврентьевтің компаниясы. Түсініп отырғанымыздай, бұл компания ArcelorMittal-дың бұрынғы активін сатып алу үшін AIX-та облигациялық займ орналастырып, жеке қаржыландыру (355 млн доллар) тартып отыр. Купон мөлшерлемесі – 15 пайыз, өтеу мерзімі – 2027 жыл. Әрқайсысы 500 мың доллар тұратын 710 облигация шығарылған.
Электронды үкімет порталының дерегінше, Лаврентьев Qazaqstan Steel Group-ты 2023 жылдың 30 қазанында құрған. Компания қызметінің түрі болат құю деп көрсетіліп, компания жетекшісі Салтанат Сәрсембаева делінген.
Мәміле шарты бойынша, QSG АМТ активін 286 млн долларға сатып алған, сондай-ақ 450 млн доллар көлеміндегі кепілдендірілген кейінге қалдырылған берешектерді өтейді. Тағы 250 млн доллар АМТ-ның өтелмеген топішілік қарызын төлеу ретінде мәміле жабылған кезде төленеді. Инвестор 3 млрд доллар сомаға инвестиция құю міндетін мойнына алып отыр. Оның 1,3 млрд доллары келесі жылы салынуға тиіс.
Қысқамерзімді кезеңде инвестор келесідей міндеттерді атқаруы керек: қазіргі ұжымдық келісімшарт пен еңбекақы төлеу жүйесін сақтау; өндірістік қауіпсіздік және экологиялық ахуал көрсеткіштерін түбегейлі жақсарту; өндірісті қайта ұйымдастыру және модернизациялау; шығарылатын өнімдер түрін, көлемін және номенклатураны көбейту.
Жалпы, капиталы 800 млрд теңгеден асатын «СарыарқаАвтоПром», «АгромашХолдингKZ», QazTehna, KamaTyreskz, Kamlitkz, Silk Road Electronics Лаврентьевтің бизнес-жобалары саналады. Оның компания тобының жиынтық өндіріс көлемі 1,5 трлн теңгеден асады. Жұмыс орындарындағы адам саны 20 мыңнан асады, бұл АМТ-дағы адам санымен шамалас.