Қазақстан • 11 Желтоқсан, 2023

Аустралияның мал шаруашылығын жүргізудегі озық әдістері зерттелді

186 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аустралияның мал шаруашылығын жүргізудегі озық әдістерін зерттеу үшін аграрлық бизнес, Ауыл шаруашылығы министрлігі өкілдері, Түркістан, Қостанай, Алматы, Жетісу әкімдіктері басшылығынан құралған делегацияны Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин басқарды. Аустралия – жаһанда қой еті экспортынан – бірінші орында, ал сиыр еті экспорты бойынша – екінші орында. Оның 100-ге жуық өнім жеткізу нарығы бар. Бұл ретте ауыл шаруашылығына мемлекеттік қолдау көрсетілмейді. Қазақстан мамандары аустралиялық фермерлер мал шаруашылығы саласында осындай экономикалық табысқа қалай қол жеткізгенін анықтады, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аустралияның мал шаруашылығын жүргізудегі озық әдістері зерттелді

Фото: Primeminister.kz

Бірінші кездесу «Оңтүстік Аустралияның мал шаруашылығы» ірі салалық ұйымымен, MLA (Meat and Livestock Australia) тең құрылтайшысымен өтті. Қауымдастық өкілдері ұлттық және өңірлік деңгейдегі фермерлерді қолдау шаралары мен міндеттелген алымдар, жұмыс істеу әдістері туралы айтып берді. Биоқауіпсіздік пен малды бақылау – бірінші орындағы мәселе.

Кездесу халықаралық оқу орталығы Аделаида университетінде жалғасты. Құрғақ климатта ауыл шаруашылығын жүргізуге маманданған аталған университетте студенттерге бірден практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік беретін арнайы ферма бар.

Профессор Вейн Питчфордтың айтуынша, жауын-шашын картасы – қай штатта қандай дақыл мен мал түрін өсіру қажеттігін анықтайтын бірден-бір фактор. Ірі қара мал теңіз жағалауына жақын жерде өсіріліп, бордақыланады, ал қойлар құрғақ жерлерде, астық дақылдары су қажеттілігін қанағаттандыра алатын жерлерде өсіріледі.

Қазақстан мамандарын мал өсіру және күтіп-бағу тәсілдері, жем-шөп рационы және т.б. мәселелер қызықтырды. Мысалға нақты атағанда, экспорты жақсы дамыған ел бола тұра, олар мал басын өсіруге асықпайды, себебі климаттың нашарлауын ескере отырып, жерді құнарынан айырғысы келмейді екен.