Жауапты салаға нақты тапсырма
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің мәлімдеуінше, Қазақстанда ауа райының сууына байланысты энергия көздері мен жылу желілерінде бірқатар технологиялық ақау орын алды. Атап айтқанда, Риддер ЖЭО-сы, Теміртау 1-МАЭС-і және Екібастұз ЖЭО-сы жұмысында ақаулар болды. Аталған нысандар бойынша температуралық режім толығымен қалпына келтірілді. Сонымен қатар Степногор, Балқаш, Ақтау және Көкшетау қалаларындағы жылу желілеріндегі технологиялық ақаулар да жедел жөнделді. Қазіргі уақытта барлық тұтынушы жылуға қосылған.
Жылу беру маусымына жүйелі дайындық аясында республиканың электр стансаларында 8 энергетикалық блок, 40 қазандық және 42 турбинаға күрделі жөндеу жүргізілді. 2 энергетикалық блок, 9 қазандық және 11 турбина бойынша жұмыстар – соңғы кезеңде. Оған қоса 25,3 мың шақырым электр беру желілері, 564 қосалқы станса және 3,5 мың тарату пункті күрделі жөндеуден өтті. Өңір әкімдері Көкшетау мен Степногор қалаларында жылу беру маусымының қалай өтіп жатқаны, Екібастұз және Риддер ЖЭО-ларындағы ахуал, Балқаш пен Теміртаудағы жылу беру нысандарын жөндеу, сондай-ақ Ақтауды жылумен жабдықтау және Атырауды сумен жабдықтау туралы ақпарат берді.
Премьер-министр республикада күннің күрт суытып кетуіне байланысты коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме де арта түскенін айтты. Мұндай кезде жылу және энергия нысандарында штаттан тыс жағдайлар орын алатыны мәлім. «Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бұзылған телімдерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, апаттар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек. «Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде объективті әрі түсінікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді», деген Үкімет басшысы өңір әкімдіктеріне жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуді тапсырды. Оған қоса «Қазақстан темір жолы» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компанияларынан бірінші кезекте жылу стансалары мен қазандықтарға отынның уақытылы жеткізілуін қамтамасыз етуді талап етті.
Экономикалық тұрақтылық – Үкіметтің басты міндеті
Үкімет отырысында биылғы қаңтар-қараша айларында еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы да күн тәртібіне шықты. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде ел экономикасының өсу қарқыны 4,9%-ға жеткенін баяндады. Нақты сектордағы оң динамика 3,5%-ды, қызмет көрсету саласында – 5,6%-ды құраған. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 14,6%-ға тұрақтап, инвестициялар ағыны ақпарат және байланыста – 2,8 есеге, көлік және қоймалауда – 58%-ға, саудада – 34%-ға, білім беруде – 17%-ға, ауыл шаруашылығында – 11%-ға, өнеркәсіпте – 8,5%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде 4,6%-ға өскен.
Алдын ала жасалған қорытындыларға сәйкес қаңтар-қазан айларында сыртқы сауда айналымы 2,6%-ға көтеріліп, 114 млрд доллардан асты. Экспорт шамамен 65 млрд доллар деңгейінде тұр. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты шамамен 21 млрд долларға жуықтады, тауарлар импорты 49 млрд доллардан асты. Жалпы, республиканың оң сауда балансы 15 млрд доллардан асып жығылады. Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың айтуынша, мемлекеттік бюджетке шамамен 18,2 трлн теңге кіріс түскен, жоспар 98,6%-ға орындалып отыр. Мәселен, республикалық бюджетке – 12,6 трлн теңгеге жуық қаражатпен, ал жергілікті бюджет кірістері 5,7 трлн теңгеге толықты. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет шығыстары 96,5%-ға орындалды.
Премьер-министр 11 айдың қорытындысы бойынша экономиканың барлық секторлары оң өсу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Машина жасау саласы шамамен 27%-ға өскен. Ал жеңіл өнеркәсіпте 12%-ға жуық жоғары өсім тіркелген. Минералды өнімдер өндірісі – 4%-дан, пластмасса бұйымдарын өндіруде – 5%-ға, тамақ өнімдерін шығаруда 2%-ға жуық өсім қалыптасты. Тау-кен өнеркәсібі мұнай мен табиғи газды өндіру есебінен 5%-дан астам өсті. Сонымен қатар құрылыс секторында 12% жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. 15 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.
Үкімет басшысы атап өткендей, инвестицияларды белсенді тарту – экономика өсімінің негізгі факторы. «Шикізаттық емес салаларда, ең алдымен, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, көлікте, логистикада, IT және туризмде инвестициялық жобаларды іске асыруға баса назар аудару қажет. Жалпы, инвестициялық саясат шетелдік және ішкі инвестициялар сапасын арттыруға, инвесторларға арналған инфрақұрылымды жақсартуға бағытталуға тиіс», деді ол. Сөйтіп, аталған жұмыстың тиімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысы Инвестициялық штабқа ерекше өкілеттіктер беру туралы Жарлыққа қол қойғанын еске салды.
Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау шаралары жүйесін бәсекеге қабілетті, экспортқа бағдарланған және жоғары технологиялық компанияларға қарай қайта бағдарлау керек. «Таза парақтан реттеу» қағидатын толық енгізу және мемлекеттік бақылау мен қадағалау саласындағы Тәуекелдерді басқару жүйесін нақты іске қосу бизнесті дамытуға қосымша серпін беруге тиіс», деп сөзін жалғаған Үкімет басшысы, биылғы қараша айында инфляция 10,3%-ға дейін төмендегенін және мемлекеттік органдар инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенін сапалы орындауды қамтамасыз етуге тиіс екенін назарға алды.
«Келесі жылы экономиканың сапалы өсуін қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру керек. Тұрақты экономикалық өсуді кемінде 6% деңгейінде қамтамасыз ету – Үкіметтің ортамерзімді кезеңге арналған басты міндеті. Әрине, біз биік мақсат қойып отырмыз және ол бәрімізден нәтижелі жұмыс пен бірлескен күш-жігерді талап етеді. Бұл мақсатқа жету үшін бізде қажетті мүмкіндіктер бар», деді Ә.Смайылов.
Теңіз порттары арқылы жүк тасымалы артады
Кезекті отырыста су көлігін дамыту мәселелері де қаралды. Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, Ақтау мен Құрық теңіз порттарының жалпы өткізу қабілеті бүгінде 21 млн тоннаны құрайды. Олар мұнай құю, астық және басқа да жүктерді ауыстырып-тиеуді қамтамасыз етеді. Сауда флоты танкерлерді, құрғақ жүктерді және контейнерлік кемелерді қамтитын 20 кемеден тұрады. 11 айда теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі 6,5 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 10%-ға артық. Қазіргі уақытта еуропалық елдер бағытында қазақстандық жүктерді экспорттық тасымалдау – басым.
Транскаспий халықаралық көлік бағытына келетін болсақ, өткен жылмен салыстырғанда мұнда тасымалдау көлемі 2 есеге өсіп, 2,5 млн тоннаны құрады. Оның ішінде ТХКБ бойынша біздің өнімнің экспорты 3 есеге артты. Сонымен қатар импорттық жүк ағынының өсуі байқалады – бұл еуропалық компаниялардың осы бағытқа қызығушылығын көрсетеді. Қазір Қазақстан көршілес мемлекеттердің уәкілетті органдарымен және компанияларымен ТХКБ бағдарына экспортты тарту бойынша келіссөздер жүргізуде. Жалпы, Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалдау көлемін 5 есеге арттыру міндетін қойды. Ол үшін Әзербайжан, Грузия және Түркиямен тиісті жол карталарына қол қойылды. Оларды іске асыру аясында әр ел көлік инфрақұрылымын синхронды дамыту жөнінде шаралар қабылдап жатыр.
Тасымалдардың серпінді өсуін ескере отырып, Көлік министрлігі теңіз порттарының акваториясын тереңдетуге, терминалдық қуаттарды және порттарға қолайлы теміржол инфрақұрылымын дамытуға, көлік дәліздерін цифрландыруға, сауда флотын дамытуға және навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге басымдық береді. Премьер-министр әлемде су көлігі ең үлкен сұранысқа ие болып отырғанын айтты. Жаһандық жүк айналымының 60%-дан астамы, бүкіл сауданың 80%-ы осы су көлігіне тиесілі. «Қазақстанның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ, сондықтан біз барлық көлік түрін дамытып келеміз. Оның үстіне жаһандық геосаяси жағдайларға және дәстүрлі сауда жолдарының үзіліп қалуына байланысты балама маршруттарды іздеу қажеттілігі туындап отыр. Транскаспий халықаралық көлік маршруты – осының нақты мысалы», деді Ә.Смайылов.
Ол порттарды жан-жақты дамыту үшін келесі жылдың соңына дейін Құрықта, 2025 жылы Ақтауда теңіз түбін тереңдету жұмыстары аяқталатынын айтты. Бұл ірі тоннажды кеме қатынастарына мүмкіндік береді. «Теңіз порттарымыздың әлеуеті өте жоғары. Олар арқылы қазіргіден 3 есе көп жүкті ауыстырып-тиеуге болады. Сондықтан елдегі инфрақұрылымның мүмкіндігін барынша тиімді пайдалану үшін талапқа сай келмейтін жерлердің бәрін ретке келтіру қажет», деді Премьер-министр.
Алдағы жылы Қазақстанның тапсырысымен алғашқы паромдардың құрылысы басталады. 2027 жылы олардың санын төртке жеткізу жоспарланып отыр. Оған қоса Ә.Смайылов кеме жасайтын зауыт салу мәселесін тездетіп қарау керектігін айтты. Оның сөзінше, бүгінде теміржол тораптары мен порттарға дейінгі кірме жолдарды кеңейту мәселесі өзекті болып отыр, сондай-ақ жүктерді рәсімдеуге қатысты сұрақтар бар. «Сондай-ақ Ертіс өзені арқылы жүк тасымалын 2,5 есеге дейін ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Ол үшін қолданыстағы инфрақұрылымды жақсартып, кемелердің санын көбейту қажет. Жалпы, су көлігін дамыту көлік жүйесінің, транзит пен сауда саласының өсуіне мультипликативті әсер береді», деді ол. 2024 жылғы қаңтар айының соңына дейін Теңіз инфрақұрылымын дамытудың кешенді шараларын әзірлеуді тапсырды. Олар сауда флотын, порт қуаттарын және жүктерді ауыстырып-тиеу көлемін ұлғайтуды қамтуға тиіс. «Көлік министрлігі Ертіс өзенінің сауда әлеуетін дамыту бойынша нақты іс-шараларды әзірлеуі керек. Өзен көлігін пайдалану және транзитті ұлғайтудың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру қажет», деді Үкімет басшысы.
«ҚТЖ» компаниясы Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерімен, Шекара қызметімен бірлесіп, жүктерді рәсімдеу кезіндегі әкімшілік кедергілерді азайту үшін ақпараттық жүйелердің интеграциясын қамтамасыз етуі шарт.