Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Онлайн несиені беру талабына өзгерістер енгізу – осы күнге дейін көп талқыланған тақырыптардың бірі. Тіпті ақжемденіп кетті десе де болады. 2018 жылы болған қоғамдық талқылаулардың бірінде де Ұлттық банк осы саланы интернет нарықпен реттеу туралы ұсыныс айтты. Онлайн жүйеде қарыз алушылардың құқығын қорғау және бар олқылықтарды жою үшін Азаматтық кодекстің «Қарыз алушымен – жеке тұлғамен жасалған несиелік шарттың ерекшеліктері» бабымен толыққанын әлі ұмытқан жоқпыз. Несие шарты бойынша несие сомасын қайтару және (немесе) сыйақы төлеу міндеттемесін бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбының сомасы әрбір кешіктірілген күн үшін өтелмеген міндеттеме сомасының 0,5%-нан аспайтыны да 2018 жылы арнайы ережемен бекітілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген микроқаржы қызметін реттейтін заңнамаға енгізілген өзгерістер микроқаржы ұйымдарына жаңа қарыз капиталы нарығына қол жеткізуге мүмкіндік ашты – оларға облигациялар шығаруға рұқсат берілді.
Сарапшылар МҚҰ-ның есін жиюына сол ереже себеп болғанын күні бүгінге дейін айтады.
Жалпы, сарапшылар «Үкімет те, Ұлттық банк те МҚҰ еркелігіне көз жұмып қарайды» деген пікірді жиі айтатын. Тіпті кейбір МҚҰ-ның несиелік пайызы 200 пайыздан асып кеткен кезде де Ұлттық банк көз жұмып қарады, дәстүрлі банктердің қолы жетпей жатқан тұстарға МҚҰ-ның жетуіне мүмкіндік берді. Бірақ мұның бәрі уақытша екені, МҚҰ-ға ес жиып алуға берілген мүмкіндік екені кейін білінді.
Несие алушылардың жалпы санынан 516 мың адамның немесе 7 пайызының мерзімі өткен несиесі бар. Микроқаржы секторында 347 мың қарыз алушы 90 күннен астам 98 млрд теңге сомасында несие төлемдерін кешіктірген. Осы мәселеге байланысты Алматыда өткен дөңгелек үстелде мамандар проблемалық несие алушылардың жағдайын жақсарту үшін нені өзгерту керек, нені өзгертпеу керектігін талқылады.
МҚҰ-ның аяқасты «мұңайып» қалуының өзіндік сыры бар. Ұлттық банк пен Үкімет нарықты әлсіз ойыншылардан тазарту және ашықтықты арттыру үшін біраз шаруаның бетін қайырып тастады. Келер жылы елдегі МҚҰ-лардың бірі екінші деңгейлі банкке (ЕДБ-ге) айналады деген болжам батылырақ айтыла бастады. Бұл шағын қаржы ұйымдарының арасында бәсеке көрігін қыздырып жіберетіні анық. Ендігі жерде МҚҰ үшін сыйлықтың көкесі ЕДБ мандаты болғалы тұр. ЕДБ-да салымшының деректер базасын скорингтік және сараптамалық талдау мониторингі ақылы 10-15 минутта анықтап береді. Олардағы қазіргі жетістік – ұзақ жылғы дайындықтың жемісі. Ал МҚҰ-да мұндай мүмкіндік жоқ.
Осы басқосу тізгінін өз міндетіне алған FinTech қауымдастығының басқарма төрағасы Алексей Сидоров онлайн микрокредит нарығындағы өзгерістермен бөлісті.
Технологияның, соның ішінде финтех секторының қарқынды дамуына қарамастан, онлайн-несиелеудің дамуы барлық жерде өз ерекшеліктеріне ие. Мысалы, Ұлыбритания мен АҚШ-та бұл сектор ұзақ уақыт бойы табысты дамып келеді, технологиялар Шығыс Еуропада, Балтық жағалауы елдерінде және ТМД елдерінде енді даму үстінде. Халықтың несиеге батуына онлайн несиелер немесе МҚҰ кінәлі деп кесіп айтуға болмайды. Қаржыландырудың мұндай тетігі мемлекет пен мемлекет арасындағы конструктивті диалогке мүмкіндік береді. Басқаша айтқанда бизнестің ерекше түрі.
Ал біздің елде МҚҰ-ның жалпы халықтық сипатқа ие бола алмауына тұтынушылықтың қолының қысқалығы, жұмыссыздардың көптігі себеп болып отыр. Бұл олардың айналымдағы капиталын арттыруға кедергі. Қазір қанша адамның жұмыссыз екенін БЖЗҚ салымшыларының санынан көреміз. Қазір шамамен 2,55 миллионға жуық адам ешқандай жарна аудармаған. Осынша адамды банктік скоринг несиеге бекітпейді дегенді білдіреді. Олар қаржылық мәселесін шешу үшін амалының жоқтығынан МҚҰ-ның көмегіне жүгінеді. Ал МҚҰ-лардың несие пайызы ЕДБ-ға қарағанда жоғары. Сондай-ақ сарапшы 2020 жылдан бастап нарық реттеле бастағанын, бұл қауымдастықтың өз бастамасымен қаржылық реттеушінің қолдауының арқасында мүмкін болғанын атап өтті. 2021 жылдан бастап клиенттер үшін міндетті биометрика енгізілді, борышкерлермен жағдайды сотқа дейін реттеу талаптары, МҚҰ өз балансында сақтай алатын үмітсіз берешектер бойынша лимиттер белгіленді, пайыздық мөлшерлемелер төмендетілді және өзгертулер енгізілді. Егер қарыз алушы 50 АЕК-ке дейін несие алып, мерзімін кешіктірсе, онда жаңа ережеге сәйкес ол ұзақ уақыт кешіктірілсе де несиенің 50 пайызын төлемейді. Қысқамерзімді несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемелер 30%-дан 15-20%-ға дейін төмендеді. Микронесиенің бизнес моделі банктік несиелерден ерекшеленеді, орташа есеппен 2 апта мерзімімен 60-70 мың теңгені құрайды. МҚҰ банктермен бірдей мөлшерлемелермен жұмыс істей алмайды, өйткені шағын сомаларды шығару шығындары кірістен айтарлықтай жоғары. Мысалы, жылдық мөлшерлемесі 56% болатын 100 мың теңгеден кіріс шамамен 4,7% немесе екі аптада 2 400 теңге шамасында болады, бұл операциялық шығындарды өтемейді. Бұл ретте тәуекелді бағалау, банктік несиені аудару және басқа да шығындар 8-10 мың теңгеге жетіп, несие беруді тиімсіз етіп, сектордың өмір сүруіне қауіп төндіреді.
Оның айтуынша, 2023 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша МҚҰ онлайн-режімінде ақшалай түрде берген несиелерінің үлесі жеке тұлғаларға банктер мен барлық МҚҰ берген несиелердің жалпы көлемінің 0,6 пайызынан аспайды. «Біз несие нарығының өте аз бөлігін құраймыз. Біздің ойымызша, билік азаматтардың қарыз ауыртпалығын талқылауда бізге тым көп көңіл бөледі. Біздің сектор банк өнімдері қолжетімді емес, қанағаттану деңгейі жоғары азаматтарға жоғары сапалы қызмет көрсетеді», дейді Алексей Сидоров.
Ол онлайн МҚҰ клиенттерінің басым көпшілігі – шамамен 70 пайызы – өңірлерде тұратынын, қарыз алушылардың 30 пайызы ғана Алматы мен Астанада орналасқанын атап өтті. Заң МҚҰ-ға берілетін ең жоғары несиені 50 айлық есептік көрсеткішпен (АЕК) шектейді, бұл 170 500 теңгеге тең, бірақ әдетте МҚҰ азырақ сомада несие береді. Орташа несие 63 мың теңге болса, банктің кепілсіз несиесі 1 миллион теңге шамасында.
Сарапшы 2020 жылдан бастап бұл саланы реттеу қатаңдай түскенін атап өтті. Реттеуші тұтынушыларды қорғауға бағытталған МҚҰ қызметіне шектеулер енгізілді: борыштық жүктеме коэффициентін есептеу, 60 күннен астам кешіктірілген жаңа несиелерге және комиссиялық төлемдерге тыйым салу. Кешіктірілген жағдайда артық төлем лимиті 50% мөлшерінде белгіленеді. 2021 жылы қосымша шаралар енгізілді: биометриялық сәйкестендіру, борышкерлерге қатысты жағдайларды сотқа дейін шешу міндеттемесі. Шекті сыйақы мөлшерлемесі 30%-дан 15-20%-ға дейін төмендетілді.
Сарапшы енгізілген ҚНДРА шаралары адекватты және қарыз алушыларды қорғауға ықпал ететініне сенімді. Дегенмен ол мөлшерлемелерді одан әрі төмендету сектордың жойылуына әкеледі деген пікір білдірді.
Капитал салығы бойынша міндеттемені есептеу механизмін өзгерту қарыздың шамадан тыс жүктелу мәселесін шешпейді.
Парламенттік тыңдаулар барысында ҚНДРА 2020 жылы енгізілген, банктер мен микроқаржы ұйымдарын қарыз алушының ай сайынғы ең жоғары төлемдерін оның кірісінің 50%-ына дейін шектейтін борыштық жүктеме коэффициентін есептеуге міндеттейтін талап туралы еске салды. ҚНДРА қарыз алушының тұрақты кірісін анықтайтын он екі критерийдің төртеуін алып тастауды ұсынды.
Сарапшылар қосымша табыс салығын қатайтудың тиімділігіне күмән келтірді, өйткені енді МҚҰ оны тек расталған ресми кіріс негізінде есептеуі керек, ал МҚҰ клиенттерінің жартысы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен микрокәсіпкерлер болып табылады, олар көбінесе ресми кірісі мен несиелік тарихы жеткілікті емес. Бұл жаңа механизмде халықтың нақты табысы, әсіресе 50-60 мың теңге көлеміндегі шағын несиелер ескерілмеуі мүмкін деген сөз. Нәтижесінде, МҚҰ бұрын 3-5 жыл бойы сенімді клиент болған қарыз алушыларға да несие беруден бас тартуға мәжбүр.
Микроқаржы ұйымдарындағы «қайтарылуы күмәнді» несиелердің үлесі 9%-дан аспайды. Экономист Рахым Ошақбаев микронесие секторында 90 күннен астам мерзімі өткен төлемдер тұтынушылық несиелер портфелінің 9 пайызынан аспайтынын атап өтті – бұл 98 миллиард теңге. Барлығы 347 мың қарыз алушының мерзімі өткен берешегі бар. «Банктерде проблемалық қарыз деңгейі шамамен 14%-ды құрайды – бұл баланстан есептен шығарылған несиелерді есепке алмайды. 1 миллион 26 мың қарыз алушының проблемалық несиесі бар», деп атап көрсетеді сарапшы.
Рахым Ошақбаев Қазақстандағы қарызды өндіріп алу жүйесінің тиімсіздігіне тоқталып, қарыз алушылардың ұзақ уақыт бойы берешегі болып қала беретін жағдайларды атады. Оның атап өтуінше, көптеген ірі жұмыс берушілер қызметкерлердің есепшоттары ұсталғандықтан жалақыны «конвертте» төлеуді жиі сұрайтынына шағымданады.
Рахым Ошақбаев қарыздың шамадан тыс жүктелу мәселесін шешу банкроттық туралы тиімді заң болуы мүмкін деп есептейді, ол дәрменсіздерге құқықтық мәртебе беріп, қаржылық ұйымдарды жауапкершілікпен несиелеуге мәжбүр ететінін де қаперге салып өтті. Сарапшы осы жолы «бұл жаңалық банктерге «зиянды» қарыз алушылардан және соған байланысты шығындардан аулақ болуға мүмкіндік береді», дегенді ашық айтты.
Экономист «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылданғанымен, «банктік және коллекторлық лоббидің ықпалымен жасалғаны» анық деп есептейді. «Қыркүйек айының басында банкроттық туралы 67 мың өтініш түсіп, 4 мыңнан аз адам банкрот деп танылған – бұл 6 пайызға да жетпейді. Және бұл деректерді 90 күннен астам міндеттемелерін орындамаған 1,5 миллион қарыз алушымен салыстырыңыз. Менің ойымша, нарықтағы қарыз жүктемесін қарыз алушыларға төлем қабілетсіздігінің құқықтық мәртебесін ресімдеу құқығын беру арқылы ғана азайтуға болады. Ал қаржы институттары бизнес үлгісін өзгерте бастайды – қарыз алушының төлем қабілеттілігін бағалағанда қайтара алатындарға несие беру үшін тиімдірек балл жинайды», дейді экономист.
Бүгінде елімізде қарызы бар азаматтар тұтыну несиесін ала алады. Әдетте, берешек банктік несиелерден басталады, содан кейін қарыз алушылар шағын несие алуға өтініш береді. «Нақты қарыз проблемасы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңмен байланысты, ол дұрыс жұмыс істемейді», деп атап өтті Рахым Ошақбаев.
АЛМАТЫ