Қоғам • 14 Желтоқсан, 2023

Бір жыл ішінде іздеуде жүрген 2 500 қылмыскер ұсталды – полиция

91 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Ішкі істер министрлігінің криминалдық полиция қызметкерлері іздеуде жүрген 2500 қылмыскерді ұстады, деп хабарлайды Egemen.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бір жыл ішінде іздеуде жүрген 2 500 қылмыскер ұсталды – полиция

Фото: polisia.kz

Жедел уәкілдер бір жыл ішінде ұстаған қылмыскерлердің арасында 34 кісі өлтіруші, 17 қарақшы, 84 тонаушы, 10 бопсалаушы, 11 зорлық көрсетуші, 87 есірткі қылмыскері бар.

«Осы жылдың шілде айында Шымкентте өткен жедел-іздестіру іс-шаралары барысында біздің қызметкерлер 2018 жылы Дубайда кісі өлтіргені үшін іздеуде жүрген ер адамды ұстады. Сондай-ақ Таразда 2022 жылдың қараша айынан бастап Қарағанды облысының полиция департаментімен кісі өлтіруге оқталғаны үшін іздеуде жүрген екі азамат құрықталды», деді ІІМ криминалдық полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Полиция қызметкерлері тек ел ішінен іздеумен шектелмей, өзге мемлекеттермен де тізе қосып, қылмыскерді ұстау операциясын жүзеге асырады. Интерполдың Ұлттық орталық бюросының көмегі көп тиетіні айтылды. ТМД-ға мүше елдердің аумағында бір жылда екі мәрте «Іздестіру» операциясы жүргізіледі. Шет мемлекеттерде жүргізген операцияның нәтижесінде 70 қылмыскер ұсталып, іздеуде жүрген 36 адам анықталған. Олар АҚШ, Швеция, Германия, Түркия, сондай-ақ өзге де алыс-жақын елдерден табылған. Қазақстан аумағында басқа мемлекеттердің құқық қорғау органдары іздеу салған 374 қылмыскер ұсталған.