Кино • 16 Желтоқсан, 2023

«Бастау» – дебюттік қолтаңба

85 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда XI халықаралық «Бастау» студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі басталды. Фестивальды Tanaris Production және A-Team кинокомпаниялары жыл сайын дәстүрлі түрде Алматы қаласы әкімдігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырады.

«Бастау» – дебюттік қолтаңба

Талантты жастардың шығарма­шы­лығын таныстыруға арналған кино бәйге салтанаты Абай атын­дағы Ұлттық опера және балет театрында режиссер Елдар Қапаровтың «Соғыс тұтқыны» тарихи дра­масының премьерасымен ашылды. Фильмде Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестің тұтқынында болған жа­пондық жас жігіт, императорлық мек­тептің курсанты Ахико Тецуроның шынайы тарихы мен тағдыры баяндалады. Тұтқиылдан қолға түскен жапонның жас жігіті лагерьде жүріп, от пен оқтың ортасында шыңдалған нағыз шайқас батыры, Кеңес армиясында қызмет етіп, Берлинге шабуыл жасауға қатысқан қазақ жауынгері Ақажанды кездестіреді. Қан майданның ішінен аман шыққан Ақажан кейін Жапон соғысына жіберіліп, онда ауыр жарақат алып, қапыда жау қолына түседі. Жазасын өтеп, қайтып оралғанымен, саяси сенімсіздікке ұшыраған Ақажанға «сатқын», «халық жауы» деген үкім кесіліп, сотталып кете барады.

Фильмді продюсерлер Борис Шыр­дабаев пен Әлия Убалжанова бастаған халықаралық шығар­машылық топ тү­сірген. Шағын ғана жапон аралында шыр етіп дүниеге келіп, кең-байтақ қа­зақ топырағын бақиға аттанып кеткенше атақонысым деп та­ныған Ахиконың талайлы тағ­ды­рына арналған фильмге Жа­пония жағынан Сано Синдзю, Шуичи Есимура қатысқан. Басты кейіпкерлердің рөлдерін белгілі театр және кино әртісі Сырым Қашқабаев пен жапон актері Эйсаку Огасавара сомдаған.

«Бастау» фестиваліне қатысуға ниет білдіргендердің биылғы қарасы қа­лың. Испания, Франция, Румыния, Поль­ша, Иордания, Үн­дістан, Грузия, Өзбекстан, Қыр­ғызстан басқа да елдерден 700-ден аса өтінімнің келіп түсуі фестиваль танымалдылығы арта түскенінің айғағы болса керек.

Осы жылы Bastau DEBUTS толық­метрлі дебюттік көркем фильмдердің ха­лық­аралық бай­қауы дарынды жастарға қажет шығармашылық алаң ретінде ерекше сұранысқа ие, оған бүкіл әлем бойынша «А» класындағы ірі кинофес­тивальға қатысқан 10 кар­тина кірді. Мұн­да Берлин кинофестивалінде жүл­делі болған испандық «20 тысяч пород пчёл» картинасы және биылғы Канн фестивалінің қатысушылары – «Если бы только я мог впасть в спячку» (Моңғолия, Франция, Швейцария, Қатар), сондай-ақ «Иншаллах мальчик» (Иордания, Қатар, Сауд Арабиясы, Франция) фильмдері бар. Сонымен бірге әлемдік премьерасы Берлиналеде өткен ресейлік «Клетка ищет птицу» фильмі, Өзбекстан режиссері Шокир Холиковтің көптеген халықаралық кино­фестиваль жеңімпазы атанған «Жек­сенбі» киносы да қатысады. Ал еліміздің атынан бірден екі туынды – Максим Ак­баров­­тың «Дала» және Дәулетжан Мах­мұттың «Глобус» атты фильмдері сынға түседі.

Конкурстан тыс бағдарлама­лардың да мазмұны бай. Фести­валь кезінде қыс­қа­метрлі көр­кем және деректі фильм жо­­балары режиссерлеріне ар­налған Almaty Film Lab шеберханасы ұйымдас­тыры­лады. Жеңімпаздар 7 млн теңге мөлше­ріндегі ақшалай сыйлыққа ие болады.

Биылғы фестивальдың қадірлі қонақ­тарының бірі – әйгілі бри­тандық продюсер Пол Бретт. Танымал продюсер 30-дан аса түрлі жанрдағы толықметрлі фильмдер өндірісіне қатысқан. Олардың ішіндегі ең танымалы – режиссер Том Хупердің «Оскар» сыйлығын жеңіп алған «Король говорит» картинасы, онда Пол фильмнің атқарушы продюсері болған. Пол фес­тиваль аясында «Фильміңізді әлемге қалай танытуға болады?» тақы­рыбында шеберлік сабағын өткізеді.

Сонымен қатар әйгілі амери­калық сце­нарист, продюсер және жазушы Джеймс В.Харттың сценарий шеберлігі бо­йын­ша жүргізетін онлайн сабағы да жас режис­сер­лерді қазірден қызықтырып отыр.

Сондай-ақ биылғы фестивальға алғаш рет Францияның Қазақ­стандағы ел­шілігі өз қолдауын білдіріп отыр. Осы ын­ты­мақ­­тас­тық шеңберінде la Ciné­Fabrique киномектебінің және DOCMONDE қа­уым­дастығының бірқатар шебер­лік сынып­тары мен тұсаукесерлері, RUBIKA анимациялық мектебі (Франция) мен Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ ұлттық өнер академиясы және «Қазанимация» арасында ме­морандумға қол қойылады.

 

АЛМАТЫ