Үкімет • 21 Желтоқсан, 2023

Ынсап сайын – береке

114 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында Жоғары аудиторлық палата су ресурстарын басқару тиімділігі жөніндегі есеп берді. Сондай-ақ отырыс соңын­­да депутаттар сауалдарын жолдады.

Ынсап сайын – береке

Су ресурстарын басқару тиім­ді­лігі жөнінде Жоғары аудитор­лық пала­та­ның төрағасы Наталья Го­дунова баяндама жасады. Оның ай­туын­ша, 2013-2022 жылдары ор­талық­тандырылған сумен қамтамасыз етуге триллион тең­геден астам қаражат жұмсалған.

«Бүгінде елді мекендердің 78 па­йызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2019 жылдан бас­тап суармалы егіншілік көлемі 78 мың гектарға ұлғайтылды. Сонымен қатар су ресурстарын басқару тиімділігі өте төмен күйде қалып отыр. Бұл ауыл шар­уа­шылығына қажетті судың тапшы­лы­­ғын, тұрғындарға, әсіресе ауылда тұра­тын­дарға орталықтандырылған сумен қам­тамасыз ету проблемаларын туды­ра­ды. 2018 жылы Есеп комитеті Су ша­руа­шылығы саласындағы су ресурстары мен активтердің басқарылу тиімділігіне аудит жүргізді. 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оңтүстік өңірді су ресурс­тарымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың іске асырылуын тексерді.

Биыл «Қазсушар» РМК-ның халық­аралық қарыздарды пайдалану бойынша қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне аудит жасалды. БҰҰ Даму бағдарламасының ақпаратына сүйенсек, Қазақстан­дағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 75 текше шақырым­ға дейін қысқаруы мүмкін. Біздің көр­ші мемлекеттерге трансшекара­лық өзендер арқылы суға тәуелділігі­міз кері әсерін тигізіп отыр. Сырттан келетін су ағыны да азайып келеді», деді Н.Годунова.

Баяндамашының айтуынша, елімізде суды үнемдейтін технологиялар іс жүзін­де жиі қолданылмайды. Ескі каналдар мен тозған желілердегі судың шы­ғыны орасан зор. Мысалы, 2022 жылы ауыл шаруашылығында ғана су шы­ғыны 5,2 текше шақырымды (жал­пы алынатын судың 45 пайызы), ал транс­шекаралық өзендердің сырт­қы ағынының тапшылығы 0,8 текше шақырымды құраған.

«2022 жылы жүргізілген аудит барысында оңтүстік өңірде су үнемдеу технологиялары тек 68 мың гектар­ға не­месе барлық суармалы алқаптың 5 па­йызына ғана енгізілгені анық­тал­ды. Тіпті осының өзі жылына 0,2 текше шақырым үнемдеуге мүмкін­дік берді. Су ресурстары комитетінде және «Қазсушар» РМК-да жүргізілген аудит шеңберінде шамамен 68 млрд теңге бюджет қаражаты және 693 млрд теңге активтер қамтылды. 3 млрд 300 млн теңге қаржылық бұзушылықтар, 56 млрд теңге бюджет және қарыз қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 2,5 млрд теңге экономикалық шығын мен түспеген пайда анықталды.

Қазіргі таңда бюджетке 1 млрд 700 млн теңге (51 пайыз) өтелді және қалпына келтірілді. Әкімшілік айыппұлдар салынды. 4 материал құқық қорғау органдарына берілді. Бір материалға қатыс­ты 5 жыл бас бостандығынан айы­ру түріндегі сот үкімі шығарылды. Қомақ­ты бюджет қаражаты бөлінгеніне қара­мастан, барлық проблема су ресурс­тарын басқару жүйесінің өзін тиімді ұйым­дастырмау салдарынан орын алып отыр», деді Н.Годунова.

Бұдан кейін Жоғары аудиторлық палатаның аудиттері анықтаған су ресурстарын басқарудың жүйелі проблемалары мен кемшіліктері туралы әңгіме қозғалды. Біріншіден, су шаруашылығы құрылыстары әбден тозған, кейбірі тіпті апатты жағдайда. Технологиялық жағы­нан ескірген суару жүйелері қол­да­ны­лады. Гидротехникалық құрылыс­тардың 25 пайыздан астамы қанағат­та­нарлықсыз және апатты жағдайда тұр.

«Осыған қарамастан, каналдарды ескірген технологиялар бойынша жобалап, салып жатыр. Мысалы, Жамбыл облысында 16 жер каналын реконструкциялау жобасы сапасыз жобалау, сондай-ақ судың түбі мен бет­кей­лерінің шайылуы себебінен тоқ­та­тылды. Бұл жобаға түзетулер енгізіліп, оның қымбаттауына әкеп соқтырды. Салдарынан 1,1 млрд теңге сомасына орындалған жұмыстардың 50 пайызы «далаға кетті».

Суару жүйелерінің тозуы және ескі құрылыс технологияларын қолдану себебінен болатын судың шығыны су алу көлемінің 50 пайызын құрайды. Жер каналдарында судың 40 пайызы жай жерге сіңіп кетеді. Тағы 10 пайызы ыстық пен желдің әсерінен буланады. Ең сорақысы, уәкілетті мемлекеттік орган – Су ресурстары комитеті мұны норма ретінде қабылдап, жыл сайын «Қазсушарға» су шығынының жос­парлы көрсеткіштерін 40 пайыздан 70 пайызға дейін келісіп отырған. Мысалы, судың 70 пайыз жоспарлы шығыны РМК филиалы –  Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналына келісілген», деді Н.Годунова.

Тағы бір мәселе, гидротехникалық құрылыстар дайын болмаса да, 2009 жылдан бастап Қазсушар құны 422 млн теңге болатын Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жөніндегі жобаны іске асырып келеді. Аудит кезінде 14 жылдың ішінде іс жүзінде бір пайызы ғана автоматтандырылғаны анықталды.

«Екіншіден, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету проблемалары бар. Биыл жазда елорда тұрғындары да су проблемаларын бастан кешіргені естеріңізде болар. Жақында Атырау мен Теміртауда да осындай жағдай орын алды. Ал ауылдағы ахуал қалай? Мысалы, Жоғары аудиторлық палата­ның аудиті Ақмола облысының Талап­­кер және Қажымұқан ауылдары тұр­ғын­дарының (13,5 мың адам) 2021 жылы салынған тарату желілері болған­мен, орталықтандырылған сумен жаб­дықтауға қол жеткізе алмай отырғанын анықтады», деді Н.Годунова.

Үшіншіден, тарифтік саясат жетіл­меген. Бүгінде жан басына шаққан­дағы тұтынылатын су көлемі бойын­ша Қазақстан Global Water Use монито­рингіне енгізілген 179 елдің ішінен әлемде 11-орында тұр.

«Сарапшылар мұны тарифтердің төмендігімен және тұтынушылардың суды үнемдеуге деген ынтасының жоқ­тығымен байланыстырады. Уәкілетті ор­ган «Қазсушар» үшін мәлімдел­ген­нен екі есе төмен бекіткен 2018-2023 жыл­дарға арналған төмен тариф кәсіпорын­ның қаржылық жай-күйінің нашарлауына және шығындарының жинақ­талуы­на айтарлықтай әсер етті. Мұн­дай жағ­дай жаңа инфрақұрылымның құрылысы­на ин­вестиция салу былай тұрсын,  қол­да бар инфрақұрылымды тиісті жағ­дай­да күтіп-ұстауға, сондай-ақ саладан кетуге мәжбүр өндірістік жұ­мыс­керлердің жалақысын көтеруге мүм­кін­дік бермейді. Тарифтерді қайта қара­маса, жағдай нашарлап кетті», деді Н.Годунова.

Төртіншіден, білікті кадрлар тапшы, техникалық мамандар жап­пай жұмыстан кетіп жатыр. Палата төр­ағасының айтуынша, су сала­сындағы кадрларды қолданыстағы оқу бағ­дарламасымен даярлау қазіргі заманға сай, қажетті білімді бермейді. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстарды жобалау және пайдалану саласында мамандар – инженер-гидротехниктер, инженер-гидромелиораторлар жетіспейді.

«Жаңадан құрылған Министрлік кадрларға деген нақты қажеттілікке әлі талдау жасамаған. Бұған дейін де Экология министрлігі мен Ауыл шарушылығы министрлігінде ахуал осылай болған. Ауызша ақпаратқа қарағанда, саладағы тапшылық 500-ге жуық білікті мамандарды құрайды. Алайда қай өңірге қанша керек екенін ешкім білмейді. 2018 жылы мемлекеттік аудит жүргізілгеннен кейін ғана «Су шаруашылығы» мамандығын ашу жұмыстары басталып, 2020 жылдан бері осы саладағы инженерлік және құрылыс бейіні бойынша кадрлар даярлана бастады. Сондықтан осы мамандық бойынша түлектер әлі жоқ», деді Н.Годунова.

Сондай-ақ 2018-2022 жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы «Су ресурс­тары және суды пайдалану» ма­ман­дығы бойынша оқуын аяқтаған 1 300 түлектің 80 пайызы өз мамандығымен жұмыс істеп жүргенін атап өтті. Кадр тап­шы­лығының тағы бір себебі – жалақы­ның төмендігі (орта есеппен – 172 мың теңге).

«Бесінші, халықаралық қарыздар жобаларын іске асыру әрдайым тиімді бола бермейді. Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкінің қарыздары шеңберінде «Қазсушар» 2017 жылдан бері 317 миллион доллар сомасына 61 жобаны қаржыландырған. Жоғары аудиторлық палата аудит жүргізу кезінде 5 жылда тек 18 жоба тапсырылғанын, 37-і іске асырылып жатқанын, 6 жобаның жұмыстары тіпті әлі басталмағанын анықтады. Себептері сол баяғыдағыдай – сапасыз жобалау және жосықсыз мердігерлер.

Жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіру «Қазсушар» шотында 6,5 миллиард теңгенің жинақталуына әкелді. Бюджет оларды резервке қойғаны үшін қосымша 1,7 миллиард теңге төледі. Сонымен қатар ұлттық валюта бағамы төмендеген жағдайда қабылданған міндеттемелердің ұлғаю қаупі бар, өйткені қарыздар доллармен алынған», деді Н.Годунова.

Сонымен қатар Жоғарғы аудитор­­лық палата төрағасы сатып алын­ған жабдықтар мен салынған инф­ра­құрылым мақсатына сай пайдала­ныл­майтыны анықталғанын жеткізді. Соның салдарынан, жоспарланған 4 мың гектарға жуық суармалы жер ауыл ша­руашылығы айналымына енгізілмеген.

«Жалпы Гидротехникалық құры­лыс­тардың физикалық тозу деңгейін есептеу әдістемесі мүлдем жоқ. «Қазсу­шардың» мамандары гидро­техни­ка­лық құрылыс­тардың тозға­нын көзбен шолу арқылы анықтайды. Бұл жөндеу­ге жататын объектілерді, соның ішін­де апатқа дейінгі объектілерді жөндеу кезектілігін дұрыс анықтамауға әкелуі мүмкін.

Соңғысы, тіпті ең маңыздысы – бағдарламалық құжат жоқ және су сала­сын дамытатын нормативтік-құқық­­тық база жетілдірілмеген. Су ресурс­тарын басқарудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту созылып кетті. Енді 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленді. Осы жылдың 8 жел­тоқ­­санында Үкімет жанындағы Су кеңе­сінің отырысында тиісті Кешенді жоспардың жобасы таныстырылды.

Жаңа «Су кодексінде» де жағдай осындай. Мемлекет басшысының 2022 жылғы ақпанда берген тапсырмасына қарамастан, кодекс осы уақытқа дейін қабылданбаған. Осы екеуі де – негіз­гі құжат. Бұл құжаттар жоқ. Соның сал­дарынан саланы жүйелі түрде мақсат­ты дамытудың орнына біз су шаруашы­лығының инфрақұрылымында да, кадрлар, жаңа су үнемдеу технология­ларын енгізу, тарифтер және тағы да басқа жүйелі мәселелерді шешуде де «тесіктерді жамауға» мәжбүр боламыз», деді Н.Годунова.

Бұдан бөлек, Мәжіліс 2022 жылы 15 желтоқсанда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Эстония үкіметтері арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялады. Құжат екі елдің құзыретті орган­дары­ның реад­миссия мәселелері бойынша ынты­мақ­тастығын құқықтық тұрғыда реттейді.

Келісім Қазақстан мен Эстония азаматтарын, сондай-ақ осы елдердің аумағына келу, болу немесе тұру шарттарын орындамаған немесе орындау­ды тоқтатқан үшінші елдің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және қайтаруды ұйымдастыру рәсімдерін жеделдетеді.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.

Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олар­дың қатарында несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушы­лардың құқықтарын қорғау мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер бар. Жалпы отырыс соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады. 

Соңғы жаңалықтар

Өңір және Жолдау жауапкершілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:15