Су ресурстарын басқару тиімділігі жөнінде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Наталья Годунова баяндама жасады. Оның айтуынша, 2013-2022 жылдары орталықтандырылған сумен қамтамасыз етуге триллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.
«Бүгінде елді мекендердің 78 пайызы орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген. 2019 жылдан бастап суармалы егіншілік көлемі 78 мың гектарға ұлғайтылды. Сонымен қатар су ресурстарын басқару тиімділігі өте төмен күйде қалып отыр. Бұл ауыл шаруашылығына қажетті судың тапшылығын, тұрғындарға, әсіресе ауылда тұратындарға орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету проблемаларын тудырады. 2018 жылы Есеп комитеті Су шаруашылығы саласындағы су ресурстары мен активтердің басқарылу тиімділігіне аудит жүргізді. 2022 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Оңтүстік өңірді су ресурстарымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың іске асырылуын тексерді.
Биыл «Қазсушар» РМК-ның халықаралық қарыздарды пайдалану бойынша қаржы-шаруашылық қызметінің тиімділігіне аудит жасалды. БҰҰ Даму бағдарламасының ақпаратына сүйенсек, Қазақстандағы су ресурстарының көлемі 2030 жылға қарай жылына 75 текше шақырымға дейін қысқаруы мүмкін. Біздің көрші мемлекеттерге трансшекаралық өзендер арқылы суға тәуелділігіміз кері әсерін тигізіп отыр. Сырттан келетін су ағыны да азайып келеді», деді Н.Годунова.
Баяндамашының айтуынша, елімізде суды үнемдейтін технологиялар іс жүзінде жиі қолданылмайды. Ескі каналдар мен тозған желілердегі судың шығыны орасан зор. Мысалы, 2022 жылы ауыл шаруашылығында ғана су шығыны 5,2 текше шақырымды (жалпы алынатын судың 45 пайызы), ал трансшекаралық өзендердің сыртқы ағынының тапшылығы 0,8 текше шақырымды құраған.
«2022 жылы жүргізілген аудит барысында оңтүстік өңірде су үнемдеу технологиялары тек 68 мың гектарға немесе барлық суармалы алқаптың 5 пайызына ғана енгізілгені анықталды. Тіпті осының өзі жылына 0,2 текше шақырым үнемдеуге мүмкіндік берді. Су ресурстары комитетінде және «Қазсушар» РМК-да жүргізілген аудит шеңберінде шамамен 68 млрд теңге бюджет қаражаты және 693 млрд теңге активтер қамтылды. 3 млрд 300 млн теңге қаржылық бұзушылықтар, 56 млрд теңге бюджет және қарыз қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану, сондай-ақ 2,5 млрд теңге экономикалық шығын мен түспеген пайда анықталды.
Қазіргі таңда бюджетке 1 млрд 700 млн теңге (51 пайыз) өтелді және қалпына келтірілді. Әкімшілік айыппұлдар салынды. 4 материал құқық қорғау органдарына берілді. Бір материалға қатысты 5 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі сот үкімі шығарылды. Қомақты бюджет қаражаты бөлінгеніне қарамастан, барлық проблема су ресурстарын басқару жүйесінің өзін тиімді ұйымдастырмау салдарынан орын алып отыр», деді Н.Годунова.
Бұдан кейін Жоғары аудиторлық палатаның аудиттері анықтаған су ресурстарын басқарудың жүйелі проблемалары мен кемшіліктері туралы әңгіме қозғалды. Біріншіден, су шаруашылығы құрылыстары әбден тозған, кейбірі тіпті апатты жағдайда. Технологиялық жағынан ескірген суару жүйелері қолданылады. Гидротехникалық құрылыстардың 25 пайыздан астамы қанағаттанарлықсыз және апатты жағдайда тұр.
«Осыған қарамастан, каналдарды ескірген технологиялар бойынша жобалап, салып жатыр. Мысалы, Жамбыл облысында 16 жер каналын реконструкциялау жобасы сапасыз жобалау, сондай-ақ судың түбі мен беткейлерінің шайылуы себебінен тоқтатылды. Бұл жобаға түзетулер енгізіліп, оның қымбаттауына әкеп соқтырды. Салдарынан 1,1 млрд теңге сомасына орындалған жұмыстардың 50 пайызы «далаға кетті».
Суару жүйелерінің тозуы және ескі құрылыс технологияларын қолдану себебінен болатын судың шығыны су алу көлемінің 50 пайызын құрайды. Жер каналдарында судың 40 пайызы жай жерге сіңіп кетеді. Тағы 10 пайызы ыстық пен желдің әсерінен буланады. Ең сорақысы, уәкілетті мемлекеттік орган – Су ресурстары комитеті мұны норма ретінде қабылдап, жыл сайын «Қазсушарға» су шығынының жоспарлы көрсеткіштерін 40 пайыздан 70 пайызға дейін келісіп отырған. Мысалы, судың 70 пайыз жоспарлы шығыны РМК филиалы – Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналына келісілген», деді Н.Годунова.
Тағы бір мәселе, гидротехникалық құрылыстар дайын болмаса да, 2009 жылдан бастап Қазсушар құны 422 млн теңге болатын Су ресурстарын басқарудың бірыңғай ақпараттық автоматтандырылған жүйесін әзірлеу және енгізу жөніндегі жобаны іске асырып келеді. Аудит кезінде 14 жылдың ішінде іс жүзінде бір пайызы ғана автоматтандырылғаны анықталды.
«Екіншіден, орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету проблемалары бар. Биыл жазда елорда тұрғындары да су проблемаларын бастан кешіргені естеріңізде болар. Жақында Атырау мен Теміртауда да осындай жағдай орын алды. Ал ауылдағы ахуал қалай? Мысалы, Жоғары аудиторлық палатаның аудиті Ақмола облысының Талапкер және Қажымұқан ауылдары тұрғындарының (13,5 мың адам) 2021 жылы салынған тарату желілері болғанмен, орталықтандырылған сумен жабдықтауға қол жеткізе алмай отырғанын анықтады», деді Н.Годунова.
Үшіншіден, тарифтік саясат жетілмеген. Бүгінде жан басына шаққандағы тұтынылатын су көлемі бойынша Қазақстан Global Water Use мониторингіне енгізілген 179 елдің ішінен әлемде 11-орында тұр.
«Сарапшылар мұны тарифтердің төмендігімен және тұтынушылардың суды үнемдеуге деген ынтасының жоқтығымен байланыстырады. Уәкілетті орган «Қазсушар» үшін мәлімделгеннен екі есе төмен бекіткен 2018-2023 жылдарға арналған төмен тариф кәсіпорынның қаржылық жай-күйінің нашарлауына және шығындарының жинақталуына айтарлықтай әсер етті. Мұндай жағдай жаңа инфрақұрылымның құрылысына инвестиция салу былай тұрсын, қолда бар инфрақұрылымды тиісті жағдайда күтіп-ұстауға, сондай-ақ саладан кетуге мәжбүр өндірістік жұмыскерлердің жалақысын көтеруге мүмкіндік бермейді. Тарифтерді қайта қарамаса, жағдай нашарлап кетті», деді Н.Годунова.
Төртіншіден, білікті кадрлар тапшы, техникалық мамандар жаппай жұмыстан кетіп жатыр. Палата төрағасының айтуынша, су саласындағы кадрларды қолданыстағы оқу бағдарламасымен даярлау қазіргі заманға сай, қажетті білімді бермейді. Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстарды жобалау және пайдалану саласында мамандар – инженер-гидротехниктер, инженер-гидромелиораторлар жетіспейді.
«Жаңадан құрылған Министрлік кадрларға деген нақты қажеттілікке әлі талдау жасамаған. Бұған дейін де Экология министрлігі мен Ауыл шарушылығы министрлігінде ахуал осылай болған. Ауызша ақпаратқа қарағанда, саладағы тапшылық 500-ге жуық білікті мамандарды құрайды. Алайда қай өңірге қанша керек екенін ешкім білмейді. 2018 жылы мемлекеттік аудит жүргізілгеннен кейін ғана «Су шаруашылығы» мамандығын ашу жұмыстары басталып, 2020 жылдан бері осы саладағы инженерлік және құрылыс бейіні бойынша кадрлар даярлана бастады. Сондықтан осы мамандық бойынша түлектер әлі жоқ», деді Н.Годунова.
Сондай-ақ 2018-2022 жылдары ауыл шаруашылығы саласындағы «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығы бойынша оқуын аяқтаған 1 300 түлектің 80 пайызы өз мамандығымен жұмыс істеп жүргенін атап өтті. Кадр тапшылығының тағы бір себебі – жалақының төмендігі (орта есеппен – 172 мың теңге).
«Бесінші, халықаралық қарыздар жобаларын іске асыру әрдайым тиімді бола бермейді. Еуропалық қайта құру және даму банкі мен Ислам даму банкінің қарыздары шеңберінде «Қазсушар» 2017 жылдан бері 317 миллион доллар сомасына 61 жобаны қаржыландырған. Жоғары аудиторлық палата аудит жүргізу кезінде 5 жылда тек 18 жоба тапсырылғанын, 37-і іске асырылып жатқанын, 6 жобаның жұмыстары тіпті әлі басталмағанын анықтады. Себептері сол баяғыдағыдай – сапасыз жобалау және жосықсыз мердігерлер.
Жобаларды іске асыру мерзімдерін кешіктіру «Қазсушар» шотында 6,5 миллиард теңгенің жинақталуына әкелді. Бюджет оларды резервке қойғаны үшін қосымша 1,7 миллиард теңге төледі. Сонымен қатар ұлттық валюта бағамы төмендеген жағдайда қабылданған міндеттемелердің ұлғаю қаупі бар, өйткені қарыздар доллармен алынған», деді Н.Годунова.
Сонымен қатар Жоғарғы аудиторлық палата төрағасы сатып алынған жабдықтар мен салынған инфрақұрылым мақсатына сай пайдаланылмайтыны анықталғанын жеткізді. Соның салдарынан, жоспарланған 4 мың гектарға жуық суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымына енгізілмеген.
«Жалпы Гидротехникалық құрылыстардың физикалық тозу деңгейін есептеу әдістемесі мүлдем жоқ. «Қазсушардың» мамандары гидротехникалық құрылыстардың тозғанын көзбен шолу арқылы анықтайды. Бұл жөндеуге жататын объектілерді, соның ішінде апатқа дейінгі объектілерді жөндеу кезектілігін дұрыс анықтамауға әкелуі мүмкін.
Соңғысы, тіпті ең маңыздысы – бағдарламалық құжат жоқ және су саласын дамытатын нормативтік-құқықтық база жетілдірілмеген. Су ресурстарын басқарудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту созылып кетті. Енді 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама жобасы әзірленді. Осы жылдың 8 желтоқсанында Үкімет жанындағы Су кеңесінің отырысында тиісті Кешенді жоспардың жобасы таныстырылды.
Жаңа «Су кодексінде» де жағдай осындай. Мемлекет басшысының 2022 жылғы ақпанда берген тапсырмасына қарамастан, кодекс осы уақытқа дейін қабылданбаған. Осы екеуі де – негізгі құжат. Бұл құжаттар жоқ. Соның салдарынан саланы жүйелі түрде мақсатты дамытудың орнына біз су шаруашылығының инфрақұрылымында да, кадрлар, жаңа су үнемдеу технологияларын енгізу, тарифтер және тағы да басқа жүйелі мәселелерді шешуде де «тесіктерді жамауға» мәжбүр боламыз», деді Н.Годунова.
Бұдан бөлек, Мәжіліс 2022 жылы 15 желтоқсанда Астанада қол қойылған Қазақстан мен Эстония үкіметтері арасындағы адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялады. Құжат екі елдің құзыретті органдарының реадмиссия мәселелері бойынша ынтымақтастығын құқықтық тұрғыда реттейді.
Келісім Қазақстан мен Эстония азаматтарын, сондай-ақ осы елдердің аумағына келу, болу немесе тұру шарттарын орындамаған немесе орындауды тоқтатқан үшінші елдің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарды анықтау және қайтаруды ұйымдастыру рәсімдерін жеделдетеді.
Сонымен қатар Мәжіліс депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарындағы қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына Сенат енгізген өзгерістермен келісті.
Мәжіліс комитеттері жаңа заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында несие беру кезіндегі тәуекелдерді азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түзетулер бар. Жалпы отырыс соңында депутаттар тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына сауалдарын жолдады.