Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Үздіктердің үлгісі – баршаға ортақ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жаңа экономиканы құру үшін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілетін арттыру маңызды. Кейінгі уақытта елімізде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашыла бастады. 2025 жылға дейін елімізде беделді шетел университеттерінің кем дегенде 5 филиалын ашу қажет деп санаймын. Бұл ретте еліміздің батысында техникалық университеттердің екі филиалы ашылуға тиіс», деген болатын. Президенттің тапсырмасына сәйкес, жоғары білім саласында бірқатар келісімшарт жасалып, тиімді серіктестік орнады.
Қазіргі кезде ел экономикасын дамытуда ғылымның үлесі зор. Сол себепті ел Президенті саланы ілгерілетуге баса мән беру керек екенін ескертіп, Ғылым және жоғары білім министрлігіне тиісті тапсырмалар бергені есімізде. Солардың бірі – академиялық білімді жетілдіру мақсатында елімізде алдыңғы қатарлы шетелдік университеттердің филиалын ашу.
Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Мәселен, Петропавлда University of Arizona филиалы ашылды. Онда студенттер IT, инженерия, агротехнология және білім беру бағыттары бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде оқиды. Сондай-ақ С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ашылып, 100 грант бөлінді. Білім алушылар «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» дайындық бағдарламалары бойынша оқиды. Ал Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында Мәскеу инженерлік-физикалық институты Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы құрылды. Оған бастапқыда 100 грант бөлініп, қосымша ақылы оқуға түсуге мүмкіндік қарастырылды. Студенттер «Элементар бөлшектер физикасы және космофизика» (бакалавриат) және «Қорғалған жоғары өнімді есептеу жүйелері» (бакалавриат, магистратура) бағдарламалары бойынша білім алып жатыр.
– Филиалдың құрылуы саланы «Ядролық энергетика және технологиялар», «Информатика және есептеу техникасы» мамандықтары бойынша білікті кадрлармен қамтамасыз ете отырып, елде ядролық энергетиканың дамуына жаңа серпін береді. Филиал түлектері еліміздің стратегиялық саласын дамытуға елеулі үлес қосарына сенімдіміз. Студенттер сапалы инженерлік білім алады. Олар ғылыммен айналысады, қажетті дағдыларға ие болады, заманауи ғылыми зертханаларда тағылымдамадан өтеді, – дейді Ұлттық университеттің басшысы Жансейіт Түймебаев.
Ал биыл шетелдік 8 жетекші жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Олардың қатарында ең ірі әрі рейтингте ең жоғары тұрғаны – Қ.Жұбанов университетінің базасында орналасқан Ақтөбе қаласындағы Heriot-Watt университетінің филиалы. Бұл қатарға Yessenov University базасындағы Неміс инженерлік институтын да жатқызуға болады. Сондай-ақ Қызылорда университетінде Сеул ұлттық ғылым және технология университетімен серіктестікте Жасанды интеллект ғылыми мектебі қызмет атқарып жатыр.
– Мемлекет басшысының ғылым мен білімге ерекше назар аударуының нәтижесінде, алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатып, көптеген мүмкіндікке қол жеткізіп жатырмыз. Атап айтқанда, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті базасындағы Heriot-Watt университетінің (Шотландия) филиалы, Шәкәрім университеті базасындағы Экономика университетінің (Польша) филиалы, Ш.Есенов университетінің базасында Неміс инженерлік институты құрылды. Бұл бүгінгі таңда жоғары білім сапасының әлемдік деңгейде зор жетістікке жетіп келе жатқанының дәлелі. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде былтыр ашылған Аризона университетінің филиалы нәтижелі жұмыс істеп жатыр. Онда 500 студент қосдипломды бағдарлама бойынша оқиды. Ал биылғы оқу жылында 500 студент 10 білім беру бағдарламасы бойынша грантта оқуды бастады, оның 5-уі қос диплом бағдарламасы арқылы білім алады. Сонымен қатар Liesl Folks-пен келіссөз нәтижелері бойынша Аризона университеті біліктілігін арттыру және ғылыми ынтымақтастықты дамыту үшін М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінен 30 отандық оқытушыны қабылдайтыны туралы уағдаластыққа қол жеткіздік. Сонымен қатар біз басқа да америкалық жоғары оқу орындарымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алға қойып отырған ендігі мақсатымыз – 2029 жылға қарай елімізде 12 шетелдік университеттің филиалын ашу, – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Бұған қоса Алматыда еліміздің Ғылым және жоғары білім министрлігінің бастамасымен Қ.Сәтбаев университеті жанынан QS рейтингі бойынша 70-орында тұрған әлемдегі ең үздік оқу орындарының бірі – Гонконг CityU қалалық университетінің филиалы ашылды. Министрдің пікірінше, CityU мен Қ.Сәтбаев университеті арасындағы ынтымақтастық жергілікті студенттер үшін жаңа перспективалар ашып, олардың білім алу тәжірибесін байытады және еліміздегі жасанды интеллект пен инженерия саласындағы инновациялар үшін қосымша мүмкіндіктер ұсынады. «Мемлекет басшысы атап өткендей, ұлттық экономиканы жаңғыртуда отандық ғылым авангард болуға тиіс. Бұған қол жеткізу үшін біз ғылымның ашық әрі озық үлгісін қалыптастырамыз, сонымен қатар академиялық еркіндіктің маңыздылығын жоғары бағалауымыз қажет. Өйткені бүгінде халықаралық деңгейдегі ынтымақтастық қалыптаспайынша, ғылымда бірде-бір елеулі жетістікке жету мүмкін емес», деді ол.
Шетелдік білім, отандық тәжірибе
Елімізде филиалдар ашудың негізгі мақсаты отандық жоғары білім беру жүйесін дамыту, үздік халықаралық тәжірибелер арқылы оның сапасын арттыру болғандықтан, келіссөз жүргізуге алдыңғы қатардағы жетекші университеттер таңдалып алынатыны сөзсіз. Мысалы, елімізде филиалдары ашылған Ресейдің жоғары оқу орындарын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуеті жоғары әрі сұранысқа ие университеттер ретінде бағалады. Әсіресе техникалық мамандықтарды оқытуда Ресей тәжірибесі маңызды. Мысалы, Мәскеу инженерлік-физикалық институты Ұлттық ядролық зерттеу университеті «Times Higher Education» рейтингінде 401-500-ші және QS рейтингінде 461-орында тұр. Университет «Росатом» мемлекеттік атом энергиясы корпорациясымен және халықаралық атом энергиясы агенттігімен тығыз байланыста. Аталған оқу орнында Нобель сыйлығының лауреаттары Н.Басов, Н.Семенов, П.Черенков, Э.Тамм, А.Сахаров, М.Франк оқып, жұмыс істеген. Үкіметтің қаулысымен филиал ашылғаннан кейін оның қызметін жүзеге асыруға 100 грант бөлінді (70 бакалавр дәрежесі және 30 магистр дәрежесі). Ресми мәлімет бойынша, 2022-2023 оқу жылында 32 бакалавр мен 12 магистрант оқуды сәтті аяқтаған.
И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті «Times Higher Education» рейтингінде 1501-орынды иеленген. Оның еліміздегі филиалының жұмысына бакалавриат бағдарламалары бойынша оқуға 100 грант бөлінген. Оқу құны 2 млн теңгені құрайды.
Ал АҚШ-тағы жетекші зерттеу университеттерінің бірі, 1885 жылы құрылған Аризона университеті 1 мыңнан аса күндізгі оқу бағдарламасын және 80-ге жуық қашықтан оқыту бағдарламасын ұсынады. Карнеги классификациясына сәйкес, Аризона университеті зерттеу белсенділігі өте жоғары R1 докторлық университеттеріне жатады. Университет халықаралық рейтингтерде, атап айтқанда, ARWU рейтингінде 151-200-орында, «Times Higher Education» рейтингінде 180-орында, ал QS WUR рейтингінде 285-орында тұр. Филиал қызметіне 1200 грант бөлінген. Бірлескен білім беру бағдарламалары үшін грант құны 2,5 млн теңгені, қос диплом бағдарламасы үшін 4,8 млн теңгені құрайды. 2022-2023 оқу жылында 155 студент 2 білім беру бағдарламасы (биотехнология және ақпараттық технологиялар) бойынша, оның ішінде 44-і қос диплом бағдарламасы бойынша білім алған. Ал 2023-2024 оқу жылында 434 студент қабылданып, оқыту 10 білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатыр.
– Мұнда оқу, әрине, өте қиын. Бірақ мен жақсы оқуға тырысамын. Бізде оқыту тілі аралас, бірақ сабақтар негізінен ағылшын тілінде өткізіледі. Елден алыс кетпей-ақ шетелдік бағдарлама бойынша білім алуға осындай мүмкіндік туғанына өте қуаныштымын, – дейді Жоғары математика мен физика білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатқан студент Денис Митянин.
Ақтөбеде ашылған Heriot-Watt университеті – Шотландияның Эдинбург қаласындағы мемлекеттік зерттеу университеті. Бұл Ұлыбританиядағы үлкендігі жағынан сегізінші орында тұрған университет. Оның құрамына 5 мектеп және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты – Эдинбург бизнес мектебі кіреді. «Heriot-Watt» халықаралық рейтингтерде, атап айтқанда, ARWU рейтингінде 901-1000-орында, «Times Higher Education» рейтингінде 501-600-орында, ал QS WUR рейтингінде 235-орында тұр. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінің баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023-2024 оқу жылында оқыту мұнай машинасын жасау, электр энергетикасы, компьютерлік инженерия білім беру бағдарламалары бойынша жүргізіліп жатыр. Биылғы оқу жылында 286 студент қабылданған. Оның ішінде мұнай-химия бағдарламалары бойынша 56, электр энергетикасы бағдарламалары бойынша 76 және компьютерлік инженерия бойынша 154 білім алушы бар.
– Студенттер Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университеті арқылы Heriot-Watt-қа түседі. Яғни екі білім беру бағдарламасын игеріп қос диплом алады. Біздің университет мемлекеттік стандартқа сәйкес жалпы білім беретін пәндер мен Heriot-Watt бағдарламасына сәйкес мамандандырылған пәндер базасын ұсынады. Сонымен қатар студент оқу кезеңінде Шотландияға, одан кейін Малайзияға немесе Дубайға барып оқуға мүмкіндік алады. Оқуды бітіргеннен кейін студенттер Қ.Жұбанов атындағы университеттің отандық дипломын және Heriot-Watt Шотландия университетінің дипломын алады, – дейді Қ.Жұбанов университетінің ректоры Лаура Қарабасова.
Жасанды интеллект – стратегиялық бағыт
Мемлекет басшысы Жолдауында: «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек», деп тапсырма берген еді. Осы міндеттерге сәйкес Қызылордадағы университет базасында жасанды интеллект және информатика жоғары мектебі жұмысын бастады. Мұндай мүмкіндік Қорқыт ата университеті мен Оңтүстік Кореядағы Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университеті арасындағы «Халықаралық ынтымақтастық бойынша жетекші университеттік жоба» аясында жүзеге асып отыр. Бұл – ынтымақтастықтың тек алғашқы кезеңі. Екінші кезеңде келер жылдың 4 қыркүйегінен бастап Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің филиалын құру жоспарланған.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларының дамуы ел болашағы үшін стратегиялық маңызды бағыт екенін атап өтті. Жасанды интеллект технологияларын қолданысқа енгізу ерекше назар аударуды қажет етеді. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігі осы бағыт бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыруға бірден кірісті. Қорқыт ата университетінде Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің жоғары жасанды интеллект мектебінің ашылуы IT технологиялар саласында адами капиталды қалыптастыруға, ғылыми зерттеу нәтижелері және өзара тәжірибе алмасуға, сондай-ақ Корея мен Қазақстан арасындағы жоғары білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі ілгерілетуге серпін береді. Жоғары мектеп жасанды интеллект, киберқауіпсіздік және информатика саласында жаһандық бәсекеге қабілетті кадрлар даярлайтын болады. Студенттер мен профессор-оқытушылар академиялық ұтқырлық және бірлескен білім беру бағдарламалары бойынша Сеул университетінде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өте алады. Ал кореялық ғалымдар өз тәжірибесімен бөлісу үшін Қызылордаға шақырылады. Жасанды интеллект және информатика жоғары мектебінің ашылуы облыстың дамуына, еліміздегі ІТ саланың білікті мамандармен толығуына жол ашады. Отанымыз ғана емес, алыс-жақын шетелдер үшін жасанды интеллект саласындағы бірегей кадрлардың даярлануына ықпал ете алады. Ал 2024 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде Сеул университетінің филиалы ашылады деп жоспарланып жатыр, – деді Саясат Нұрбек.
Жоба 2023-2030 жылдарға арналған. Оның аясында «Жасанды интеллект», «Киберқауіпсіздік», «Информатика» білім беру бағдарламаларының мазмұны әзірленетін болады. Студенттерді оқыту мемлекеттік грант есебінен және келісімшарт негізінде жүзеге асырылады. Жоғары мектептің зертханалық жабдықтары LUPIC жобасымен қамтамасыз етіледі. Қорқыт ата университетінде оқуды аяқтағаннан кейін бакалавр дәрежесі беріледі. Айта кетейік, аталған университет халықаралық рейтигте, дәлірек айтсақ «Times Higher Education» рейтингінде 1201-1800-орынға, ал QS WUR рейтингінде 1001-1200-орынға ие.
Жоғары білім саласындағы ынтымақтастық әлемдік деңгейдегі академиялық тәжірибеге қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл үрдіс әлі жалғасын таба береді. Жақында І.Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен Марке политехникалық университеті (Италия) арасында филиал құру туралы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің (ҚХР) филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. Алдағы уақытта аталған жоғары оқу орындарының филиалы жұмысын бастайтын болады.