Қаржы • 25 Желтоқсан, 2023

Республикалық бюджет: шығын көп, табыс аз

220 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылдың қаңтар-қыркүйегінде республикалық бюджеттің табысы 12,9 трлн теңге болды, бұл былтырғыдан 9,7 пайызға көп. Ал шығын 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 22,5 пайызға көбейіп, 15,3 трлн теңгеге жетіпті.

Республикалық бюджет: шығын көп, табыс аз

Finprom мәліметі бойынша, шы­ғын мен табыс арасындағы айыр­машылық – 2,4 трлн теңге, ара­қатынасы – 118,5 пайыз. Ал былтыр айырмашылық 720,9 млрд теңге, арақатынасы 106,1 пайыз болған. Соңғы жылдары шығын табыстан үнемі асып кетіп жүр.

Биыл қаңтар-қыркүйектегі респуб­ликалық бюджет табы­сының 69,1 пайызы салық тү­сім­дері есебінен қа­лыптасты. Жалпы, жыл басынан бері қазынаға 8,9 трлн теңге салық түскен, бұл былтырғы қаңтар-қыркүйекпен салыстырғанда бірден 23 пайызға артық. Ең көп бөлігін қосылған құн салығы (4,1 трлн теңге), корпоративтік табыс салығы (2,4 трлн теңге) және акциздер (116,6 млрд тең­ге) құрады.

Салықтық емес түсімдер – 245,7 млрд теңге (бір жылда 1,9 пайызға көбейген), негізгі капи­талды сатудан түскен табыс 401,3 млн теңге (69,2 пайызға азайған) болыпты. Ал трансферттер 3,7 трлн теңге, был­тырғыдан 12,4 пайызға аз.

Республикалық бюджет шы­ғы­нына келетін болсақ, биыл қаңтар-қыркүйек қоры­тын­дысы бойынша оның басым бөлігі әлеуметтік көмек пен әлеу­меттік қамсыздандыруға тиесілі болды: 3,5 трлн теңге, бір жылда 8,4 пайызға көбейген. Бұл – мемлекеттік бюджеттің бар­лық шығынының 22,8 пайы­зы.

Шығынның тағы 9,9 пайызы ден­сау­лық сақтау саласына жұмсалды: 1,5 трлн теңге – былтырғыдан 9,9 пайызға көп. Одан кейінгі орында 5,1 пайыз үлеспен қоғамдық тәртіпті, қауіп­сіздікті қамтамасыз ету, құқықтық, сот және қыл­мыс­тық-атқару қызметі са­ла­с­ына жұмсалған шығын тұр (жыл басынан бері 785,9 млрд теңге, 21,5 пайызға көбейген).

Қарызға қызмет көрсетуге бюд­жеттен 1,6 трлн теңге жұм­салған. 2022 жылы бұл ба­ғыт­тағы шығын 1,1 трлн теңге болған. Жылдық өсім – 42,5 пайыз.