Арман Шаққалиев бүгінде министрліктің жұмысы үш негізгі бағыт – ішкі сауда, сауда-экономикалық интеграция және экспортты қолдау бойынша жүргізіліп жатқанын айтты. Әлеуметтік бағыт бойынша сауда саласы бірінші орында, ішкі жалпы өнім экономикалық үлес бойынша екінші орында тұр.
«Барлық шағын және орта бизнес субъектілерінің 36 пайызы саудамен айналысады. Әлеуметтік бағыт бойынша сауда саласы бірінші орында тұр, 1,5 миллионнан астам адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Биыл 11 айда саудаға тартылған инвестиция көлемі 410,6 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41,3 пайызға жоғары.
Ішкі тауар айналым 21,1 пайызға өсіп, 53,6 трлн теңгеге жетті. Сауданың нақты көлем индексі 111,3 пайызға жуықтады. Сыртқы сауда қызметінде де оң динамика байқалады. 2023 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 114,1 млрд долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6 пайызға артты», деді А.Шаққалиев.
Министрдің сөзіне сүйенсек, елімізде заманауи сауда форматтарының үлесі 31 пайызды құрайды. Сауда алаңымен қамтамасыз ету халықаралық деңгейден төмен. Сала басшысы мемлекеттік қолдау құралдары арқылы 2027 жылға қарай сауданың қазіргі заманғы форматтарының үлесін 56 пайызға дейін арттыру екенін атап өтті.
«Бизнестің жол картасында құрылыс салуға, қайта құруға немесе жабдықты сатып алуға кредит алатын сауда нысандары үшін сыйақы мөлшерлемесін төмендету қарастырылған. Осындай функцияны іске асыру үшін нормативтік базаны қалыптастырамыз. Сауда-саттықтың ұйымдастырылған және көп форматты қағидатын дамыту, сауда базарларын жаңғырту бағыттары бойынша шаралар қабылданады.
Қазіргі уақытта барлық сауда нысанын зерттеп жатырмыз. Зерттелген ақпарат сауда нысандарының интерактивті цифрлық картасында көрсетіледі. Сауда-саттыққа қолайлы жағдай жасау үшін әкімдіктермен бірлесіп сауда алаңдарымен қамтамасыз етудің облыстық нормативтерін қабылдаймыз. Жәрмеңкелер, көше саудасы, жеткізу саудасы, көрмелер, «үй жанындағы» дүкендер секілді көп форматты сауда-саттықты дамытуға ерекше назар аударылады. Бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп ұлттық стандарттар әзірленеді, қосымша ойыншылар тартылады, франшиза элементтері енгізіледі.
Біз кооперативтік дүкендерді және «үй жанындағы дүкендер» кооперациясын құруды пысықтап жатырмыз. Бұл шағын дүкендерге бірлескен көтерме сатып алуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Болашақта біз оларды ауыл шаруашылығының өнімді сақтау, іріктеу сияқты орталықтарымен байланыстырамыз. Бұл өнімдеріміздің ішкі нарығын молайтуға жақсы әсер етеді», деді А.Шаққалиев.
Сала басшысы сауда базарларының маңызды екеніне тоқталды. Оның айтуынша, бәрі бірдей қала құрылысы, өрт және санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді. Сондықтан бизнеспен бірге базарларды жаңартуды қажет ететін нысандар анықталған.
«Қазіргі таңда 460 универсалды базардың 195-ін заман талабына сай өзгерту қажет болған, олардың 121-і жаңартылды. Қалған 74-і бойынша әкімдіктермен және базарлардың меншік иелерімен бірлесіп 2025 жылға дейінгі жол картасы бекітілді. Жаңартуды аяқтаудың әртүрлі мерзімі белгіленді. Облыстар үшін – 2025 жыл, ал астана мен республикалық маңызы бар қалалар үшін – 2023 жыл.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударылады. Жұмыс Ауыл шаруашылығы министрлігі, монополияға қарсы орган, әкімдіктер, Азық-түлік корпорациясы және тұрақтандыру қорларымен бірлесіп кешенді сипатта жүргізіліп жатыр. Жалпы, бұл Президенттің инфляция деңгейін 2 есе төмендету жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған», деді А.Шаққалиев.
Министр келтірген деректерге сүйенсек, электронды шот-фактураларды пайдалана отырып, 3,5 мыңға жуық баға белгілеу тізбегіне талдау жасалған. Бизнес субъектілеріне бармай-ақ бұзушылықтардың 500-ге жуық тәуекелі анықталды. Барлық факт бойынша материалдарға шара қабылдау үшін тиісті органдарға жолданыпты.
«Қабылданған шаралардың нәтижесі Әлеуметтік тауарлар бағасының индексі 5,5 есеге төмендеп, 3,4 пайызды құрады. Жалпы, жылдық инфляция 10,3 пайыз деңгейінде қалыптасты. Соның ішінде ақылы көрсетілетін қызметтер – 12 пайыз, азық-түлік емес инфляция – 9,9 пайыз, азық-түлік инфляциясы – 9,2 пайыз.
Тауарларды бақылаудың Ұлттық жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерден тұтынушыға дейінгі Әлеуметтік тауарлардың сатылу үдерісінің «электрондық ашықтығы». Жүйенің негізгі контурлары көрмеде ұсынылған.
Сонымен қатар Президенттің әлеуметтік тауарлар бағасын мемлекеттік реттеуден кезең-кезеңімен бас тарту жөніндегі тапсырмасын орындай бастадық. Оның орнына атаулы әлеуметтік көмек алатын топтарға қолдау басқаша көрсетіледі», деді А.Шаққалиев.
Келесі маңызды бағыт – тұтынушылардың құқығын қорғау. Министрдің айтуынша, басты мақсат – тұтынушылардың құқығын қорғаудың тиімділігін арттыру. Сондай-ақ 2023 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазақстанда жасалған» таңбалау белгісі» және «Қазақстанда жасалған» таңбалау белгісін қолдану тәртібі» атты екі ұлттық стандарт қолданысқа енгізілді.
Министрлік жұмысының үшінші негізгі бағыты – шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету. Сонымен қатар әлемдік трендтерді ескере отырып, нарықтарда тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша ортамерзімді тәсілдер әзірленген.
«Ең алдымен, Қытаймен өзара сауданы 40 млрд долларға дейін жеткізу жөнінде жұмыс істеліп жатыр. Қазір Хубэй, Сычуань провинцияларымен май өнеркәсібі, астық өңдеу саласындағы жобалар белсенді пысықталуда. Орталық Азия елдерімен өзара іс-қимыл жалғасады. Өзбекстанмен шекарада «Орталық Азия» Халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығының құқықтық шеңбері айқындалды. Бұл жаңа өндірістерді ашуға, қайта өңдеуді жолға қоюға, тауарларды тасымалдау үшін логистикалық қызметтерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Еуразиялық интеграция шеңберінде елдер экспортты қолдаудың, атап айтқанда, 2023 жылғы 22 қарашада құрылған Еуразиялық қайта сақтандыру компаниясының алаңында бірлескен шараларын қолданады. Оңтүстік Азия мен Таяу Шығыс нарықтарына, Үнді мұхитының порттарына шығу мақсатында сауда-экономикалық бағыттарды әртараптандыру жоспарлары іске асырылып келеді.
«Ашық аспан» режімі жүк тиеу арқылы тікелей коммерциялық рейстермен тұрақты әуе тасымалын жолға қою перспективаларын ашады. Қазіргі уақытта БАӘ (Дубай), Қатар (Доха), Вьетнам (Начанг), Қытай (Сиань), Иран (Тегеран) – перспективалы бағыттар», деді А.Шаққалиев.
Министр биыл бизнестің жол картасында құрылыс салуға, қайта құруға немесе жабдықты сатып алуға кредит алатын сауда нысандары үшін сыйақы мөлшерлемесін төмендету қарастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ 2024 жылдың бірінші жартыжылдығынан бастап 100 пайыз отандық өндіріс (тұз, ұн, рожки, қарақұмық жармасы, күріш, нан, сүт, картоп, жұмыртқа) 9 тауарға шекті және шекті рұқсат етілген бағаларды белгілеуден бас тарту ұсынылады.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Нұртай Сабильянов жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 13-інің (нан, ет, жұмыртқа, сүт, май, т.б.) бағасы көтерілгенін айтты.
Оның сөзіне қарағанда, тауарды өткізу ортасын құру, ішкі нарықты қорғау, отандық тауар өндірушілердің әлеуетін пайдалану, қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығарудағы кедергілерді жою және өнім қауіпсіздігін қамтамасыз ету де түйткілді мәселе.
Нұртай Сабильянов әлемдік трендтерді ескере отырып, электронды сауданы дамыту қажеттігін атап өтті. Осыған байланысты салықтар да, тауарлар мен қызметтердің айналымы да ел экономикасына жұмыс істеуі үшін отандық электронды платформаларды белсенді дамыту қажет. Мәжілісменнің айтуынша, бұл жалпы тауар айналымындағы электронды коммерция үлесін ұлғайтып, бәсекелестікті арттырады, сондай-ақ бағаны тұрақтандыруға оң әсер етеді.
Отырыс барысында депутаттар тақырыпқа қатысты шешімін табу қажет басқа да мәселелерді ортаға салды. Айтылған ұсыныстар ұсынымдарда жинақталып, Үкіметке жолданады.
Үкімет сағаты аясында ғимаратта Сауда және интеграция министрлігі ұйымдастырған отандық тауарлар мен қызметтерді экспорттаушылардың қатысуымен тақырыптық көрме өтті. Депутаттарға инновациялық өнімдер мен технологиялар, өнеркәсіп өнімдері, сондай-ақ отандық азық-түлік өнімдері көрсетілді.