Фото: gov.kz
«Егер жүк көлігі иелері заңнама талаптарын сақтаса, дұрыс болар еді. Алайда, талаптар жиі бұзылып тұрады. Нәтижесінде бюджетке орасан зиян келтіреді. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында жолдың құрылысына кірістірілген ауыр жүк көліктері жаңа жолдарды қалай бұзғанын көріп отырмыз», деді көлік саласына жауапты министр.
Қордаланған мәселені шешу үшін министрлік 2024 жылы қалалардың кіріс және шығыс бөліктеріне бейнекамералар орнатуды бастамақ. Олар автоматты түрде артық салмақ үшін айыппұл салады. Сонымен бірге 220 камераны «Сергек» бейнебақылау жүйесімен біріктіру жоспарға алынған.
Сондай-ақ бөлінбейтін ірі көлемді жүктерді тасымалдауға ресми арнайы рұқсаттар беру және самосвалдардың жолдармен қозғалысын шектеу тетіктері пысықталып жатыр.
«Әлемнің кез келген жерінде карьерлік ауыр жүк көліктерінің жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдармен жүруіне тыйым салынады. Қазақстан, бәлкім, мұндайға жол берген жалғыз ел. Біз аталған шектеулерді 2023 жылдан бастап іске қосқымыз келді. Дей тұрғанмен, нарық қатысушылары аз да болса уақыт беруді сұраған болатын. Сондықтан ауыр карьерлік жүк көліктеріне 2025 жылдың аяғы мен 2026 жылдың басында Қазақстанның жалпыға ортақ пайдаланылатын автожолдарымен жүруіне тыйым салынады», деп атап өтті Марат Қарабаев.
Сонымен қатар егер министрліктің ұсынысы Үкімет пен Парламентте қолдау тапса, тасымалдаушылар төлеуге тиісті арнайы рұқсаты болған кезде белгілі бір шегіне дейін артық жүктерді тасымалдауға мүмкіндік беретін норма енгізіледі. Аталған шешім жергілікті жерлерде орын алуы мүмкін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюды көздейді.