Архив • 27 Желтоқсан, 2023

Кеше мен бүгіннің айнасы

139 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарих парақтарын көзінің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманат ететін мамандардың еселі еңбегін ел тани бастаған. Елдің өткенінен сыр шертетін ақпарат-деректерді іздеп тауып, шаң басқан сөрелерге көз майын тауысып тарихты қаттап жатқан архившілер қауымының арқасында қаншама ақтаңдақтарымыз танылып жатыр. Ақсудағы мемлекеттік архивте бұл тарапта аз шаруа атқарылмаған.

Кеше мен бүгіннің айнасы

Павлодар облысының мемлекеттік архиві Ақсу филиалының басшысы Үрметгүл Жиленбетованың мұрағат саласындағы еселі еңбегіне 20 жылға жуықтапты. Үрметгүл Рахметқызы – Өзбекстанның Науаи облысынан көшіп келген қандасымыз. Негізгі мамандығы ұлттық мектеп­тердегі орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі бола тұра, көнеге деген қызы­ғушылық мұрағатқа алып келді дейді.

«Қазіргі күні Ақсу филиалын­дағы 255 қорда шоғырланған 85 мыңға жуық құжат бар. Мұнда өңірімізге қарасты аумақтың 1933 жылдан бергі тарихы қатталып жатыр. Қала мен оған қарасты елді мекендердегі түрлі мекемелердің жай-күйі, құжаттамалары осында жиналуымен бірге, еңбек ұйымдарындағы мұрағаттың дұрыс жүргізілуіне, ескі құжаттарды қалпына келтіруге, азаматтардың әлеуметтік сұраныстарын уақтылы өтеуге жауап­тымыз. Көпшілік бізді шаң басқан сөрелерден шықпайтын маман иелері деп ойлайтыны рас. Әр құжатты електен өткізіп, оны тізімге енгізу, өңдеу, сақтау, цифрлы форматқа ауыстыру секілді машақат жұмыстардан бөлек, еңбек ұйымдарында түрлі семинарлар, мектептерде жас ұрпаққа тарихтың маңыздылығын түсіндіру мақсатында кездесулер ұйымдастыру – шаруаларымыздың ең маңыздысы. Кеңес дәуірінен қалған көп құжат бар. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша қыруар шаруа атқа­рылып, арнайы жинақ шығарылды. Кезінде біздің Ақсу әуелі Каганович ауданы, кейін 1957 жылы Ермак ауда­ны, ал 1992 жылы Ақсу ауданы болып аталғанын қазіргі жастар біле бермеуі мүмкін. Ал ауданымыз 1997 жылы таратылып, Ақсудың өзі жеке қала мәртебесін иеленді. Бұл өзгерістерді айтып отырғаным, дерек, құжат іздегенде аумақтық-тарихи ерекшеліктер ескерілуі керек. Кеңес өкіметі алғаш құрылған жылдары орын алған сұмдық жайттардың көбі архив деректерінде тіркелген», деп әңгімеледі Ү.Рахметқызы.

вап

Ақсу архивінде сақталып тұр­ған жергілікті тұрғын Нұржамал Сем­­баева­­ның жеке қорындағы жазба­ла­рынан 1932 жылғы аштық зоба­лаңы туралы көп мәлімет алуға бола­ды. Онда балалық шағында көрген сұм­дықтары, елдің жаппай аштыққа ұры­нуы сипатталып жазылған. Енді бір дерек­терде жеке тұлғалар Михаил Оли­фер мен Николай Мальцев кәме­лет жасы­на толмаған балалардың Екін­ші дүниежүзілік соғыс жылдары Германиядағы концлагерьлердегі тірлігін баян етеді. Бұл азаматтар балалық шағында неміс жеріндегі концлагерьлерде тұтқында болыпты.

«Архив құжаттарында Каганович ауданында тұрған әлдебір поляк аза­маты кеңес төлқұжатынан бас тарт­қаны себепті 7 жылға сотталғаны ту­ралы жазбалар, жергілікті молда-имам­дардың сол тұста айрықша бақылауға алынғанын айғақтайтын деректер кез­деседі. Молдалардың қанша адамға уағыз айтқаны, не айтқаны барлығы тізімделіп отырған», дейді маман.

Бүгінде Ақсу архивіндегі құжат­тар ғылыми-техникалық өңдеуден бө­лек, заманға сай цифрланып жатыр. Мұ­ра­ғатқа 2 арнайы сканер алы­нып, соңғы үш айда мұрағат қызметкер­лері 1478 сақтау бірлігіндегі 15 890 па­рақты цифрлы форматқа айналдырып үлгерген. Бұл архив саласын түсінетін адамға қыруар шаруа.

«Біздің филиалда жұмыс істейтін қызметкерлердің барлығы – өз саласына жан-тәнімен берілген жандар. Ирина Данилова – 35, Ғалия Кошеева – 26, Гүлайым Усканова – 27, Лариса Тимершина 11 жыл еңбек етіп келеді. Әрқайсысы өз ісіне тыңғылықты, жер­гілікті кәсіпорындармен, еңбек ұжым­дарымен тұрақты араласып тұрамыз. Кәсіпорын-мекемелердің әр 10, 5 жыл­да тапсыратын міндетті архивтік құ­жат­тары, енді бірінің жойылған жағ­дайда мұрағатқа өткізуге тиіс құ­жат­тамалары болады. Осылардың бар­лығын електен өткізіп, сұрыптап, кем-кетігін толтырып отырады. Жыл басынан бері азаматтардың әлеуметтік-құқықтық сипаттағы 3471 сұранымын орындадық. Жоспарымыз 2500 еді. Адамдар мекемеге келіп немесе eGov арқылы өтінімдерін жолдап жатады», дейді архивші.

Үрметгүл Рахметқызы соңғы жылдары мұрағатшылардың мәртебесі өсіп қана қоймай, әлеуметтік жағ­дай­ларының дұрыстала түскенін, ке­йінгі үш жылда кезең-кезеңімен еңбек­­ақылары көтерілгенін, түптеп кел­­генде бұл өзгерістердің барлығы жұ­мыс­тарын ширата түсуге себеп болып отыр­ғанын қуанышпен жет­кізді. Үздік мамандарға берілетін «Архив саласының үздігі» төсбелгісі мем­лекеттік наградасы да кәсіп иеле­рінің мерейін өсіреді. Мұрағаттың мате­риал­дық-техникалық тұрғыдан жаңа­руына да көңіл толады.

Биыл еліміздегі «Ұлт­тық архив қоры және архивтер туралы» заңның қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Заңнама архив ісінің дамуы­на үлкен серпін беріп, нормативтік-құқықтық база қалыптастыру ісі жол­ға қойылды. Оның негізінде осы уақыт­қа дейін мекемелерде іс жүргізуді және мемлекеттік, ведомстволық архив­тер­дің жұмысын реттейтін 70-тен астам құжат әзірленіпті.

 

Павлодар облысы,

Ақсу қаласы