Парламент • 28 Желтоқсан, 2023

Нәтижеге бағытталған бюджет кодексі

123 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында жаңа бюджет кодексі қаралды. Бұдан бөлек, бірнеше заң жобасы талқыланып, тиісті мемлекеттік мекемелер басшыларына депутаттық сауал жолданды.

Нәтижеге бағытталған бюджет кодексі

Отырыс кезінде Ерлан Қошанов Палатаның биылғы жұмысын қоры­тындылады. Мә­жіліс спи­керінің ай­туынша, осы жыл ел Пар­ламентінің нағыз жаңару кезеңі болды.

«Көктемгі сайлау қоры­тын­дысы бойынша депутаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Мәжіліске алты саяси партия мен бірмандатты округтерден сайланған депутаттар келді. Бүгінде Мәжіліс түрлі көзқарас пен саяси пікірлер тоғыс­қан алаңға айналды. Бұл Прези­денті­міздің саяси бағдарын жүзеге асы­ру жолындағы айтулы қадам болды. Мұның бәрі жұмысымызға тың серпін берді», деді Мәжіліс спикері.

Мәжілісте сессия басталғалы бері Палатаның жұмысында барлы­ғы 106 заң жобасы болды. 35 заң қа­был­данып, Сенатқа жіберілді. Мем­лекет басшысы 26 заңға қол қойды.

«Заң шығару жұмысында біз Президенттің сайлауалды бағдар­ламасын іске асыруға, жыл сайынғы Жолдауларында ай­тылған тапсырмаларын орын­дау­ға бар күш-жі­гері­мізді салдық. Әді­летті Қазақ­станның негізі – сапалы әрі қоғамға қажетті заңдар. Соның бірі – заңсыз шығарылған ак­тивтерді мемлекетке қайтару. Осы заңның арқасында елге 1 трлн теңге көлемін­де актив­тер қай­­тарылды», деді Е.Қошанов.

Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – бала­ларға» заңы қабылданды. Депу­тат­тардың бастамасымен жер қой­науы туралы заңнамаға түзету­лер енгізілді. Енді жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орын­дары­ның 50 пайыз үлесі міндетті түр­де мемлекеттің меншігінде болады.

«Бұл заң Президенттің «Қазақ­­станның бүкіл табиғи байлы­ғы халыққа тиесілі» деген конститу­циялық бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Зиян­ды жұмыс жағдайларында еңбек ететін азаматтарды әлеу­меттік қолдау мәселесі шешілді. Сонымен қатар бизнеске үлкен қолдау болатын заңды бүгін қа­былдап отырмыз», деді Мәжі­ліс төрағасы.

Е.Қошановтың пікірінше, биыл барлық фракцияның депу­тат­тары өз сайлаушыларымен ты­ғыз байланыста болып, ерекше қарқынмен жұмыс атқар­ды. Мәжілісте тұрғын­дар­дың көкейінде жүрген өзекті мәсе­ле­лердің бәрі қаралды.

«Бұл министрлерге қойылған сұрақтарда да, заң жобаларын талқылау кезінде де, депутаттық сауалдарда да анық байқалды. Прези­дентіміз айтқандай, пікірталас, дискуссия көшеде емес, Парламентте болуы керек. Сол бастама іске асып жатыр», деді Палата спикері.

Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы сессия барысында барлығы 233 депутаттық сауал жолданғанын атап өтті. Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы келесі жылдың басынан бастап депутаттардың сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге баратынын айтты.

«Парламенттік талқылаудың, депутаттық сауалдың мазмұны мен деңгейі жаңа сатыға көтеріл­ді. Осылайша, бәріміз жаңа сая­си мәдениет қалыптастыруға атсалыстық. Биыл депутаттар Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын іске асыруға белсенді үлес қосты. Келер жылы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру және халықтың мүддесін қорғау бойынша жұрт­шылық­пен тығыз қарым-қаты­настағы жұмысты жалғас­тыра­мыз», деді Е.Қошанов.

Жалпы отырыста депутаттар жаңа Бюджет кодексінің жобасы мен оған ілеспе бюджет заңнамасын жетілдіру және «Концессиялар туралы» заңның күші жойылды деп тану мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.

Аталған құжат жөнінде Ұлт­тық экономика министрі Әлі­бек Қуантыров баяндама жаса­ды. Сала басшысының айтуынша, Бюджет кодексін әзір­леместен бұрын қолда­ныстағы Кодекске бағалау жүргізілген. Халықаралық валюта қорының сарапшылары оған «жоғары деңгей» деген баға беріпті.

«Жаңа Бюджет кодексі бір­неше маңызды міндеттерді шешуге бағытталған. Біріншіден, бұл бюджеттік үдерістерді жеңіл­дету. Екіншісі – блоктік бюд­жеттің эле­менттерін енгізу. Үшінші мін­дет – мемлекеттік қаржыны шоғыр­ландырылған басқару үшін заңнамалық негіз құру. Төртінші – бюджетаралық қатынастарды жетілдіру. Бесінші – нәтижеге бағытталған бюджет қағидаттарын күшейту және нәтижелерді басқару құралдарын жетілдіру», деді Ә.Қуантыров.

Бюджеттік үдерісті жеңілдету мақсатында Кодекс жобасында бюджет үдерісін екі есе қыс­қартуға және жеңілдетуге мүм­кіндік беретін бірқатар норма қарастырылған. Осылайша, мем­органдар мен өңір­лердің даму жоспарларын 3 жыл­да бір рет әзірлеу және бекіту көзделіп отыр. Даму жоспарының бір мақсаты­на қол жеткізуге кезекті бюджет­тік бағдарламаны ашуға тіке­лей тыйым салынады. Уәкілетті органдармен келісу және бюджеттік бағдарламаларды бекіту рәсімдері алып тасталады. Бюджеттік бағ­дар­ламаны және бюджеттік өті­німді уәкілетті органдарға бір мез­гілде енгізе отырып, бір құжатқа біріктіріледі. Келесі қаржы жылында бюджет қаражатын пайдалану рәсімін оңайлату қарастырылған.

«Блоктік бюджетті енгізуге қатысты. Мұндай тәсіл тек Синга­пурда ғана қолданылады. Мемле­кет­тік басқару жүйесінің конте­ксінде нәтижеге бағдарланған бюд­жеттеу тұжырымдамасы сақтал­ған. Сингапур тәжірибесі мен Қа­зақ­станның мемлекеттік бас­қару жүйесінің ерекшеліктерін ескере отырып, блоктік бюджет бюд­жеттік рәсімдерді оңай­лату, бюджеттің икемділігін және бюджеттік бағдарлама­лар әкімшілерінің дербестігін арттыру шеңберінде енгізіледі. 3 жылға тұрақты сипаттағы базалық шығыстар блогін белгілеу ұсынылады. Мұн­да меморгандардың ағым­дағы әкім­шілік шығындары және жылдан-жылға қайталанатын мемле­кеттік қыз­меттер, зейнетақылар, жәр­дем­ақы­лар, субсидиялар сияқты басқа да шығындар болады. Бұл шы­ғын­дар жыл сайын толы­ғырақ қарас­тырылмайды. База­лық шығыстар бюджеттің жалпы көлемінің шамамен 50-60 пайызды құрайтынын ескерсек, бұл бюд­жеттік бағдар­ламалар әкімшілерін де, уәкілетті органдардың да жұмыс­тарын айтарлықтай жеңіл­детеді. Құжат айналымы, келісу рәсім­дері, құжаттама көлемі азаяды. Мем­лекеттік органдарға бюджет қара­жатын басқаруда көбірек еркіндік беріледі, тиісінше жауапкершілікте артады», деді Ә.Қуантыров.

Үшінші бағыт бойынша жаңа Бюджет кодексінде «Мем­лекеттік қаржыны бас­қару» жаңа бөлім пайда болмақ. Бюджет саясатына, мемлекеттік қаржыға, мемлекеттік қар­жы­ның тұрақтылығына анық­тама берілді, уәкілетті орган ай­қын­далған. Министрдің айтуынша, мемлекеттік қаржының тұрақ­ты­лығын қамтамасыз ету үшін уәкі­летті органдардың құзыреті нақты бөлінген. Мемлекеттік қаржы туралы ақпаратты шоғыр­ландыру көзделген.

Келесі блок – бюджетаралық қатынас­тар. Жергілікті бюджет­тер­дің шығыстарын жоспарлау сапасын арттыру бойынша бірнеше ұсыныс берілген. Мәселен, әкім қызметінің бір базалық құжатын өңірді дамыту жоспарын айқындау ұсынылады. Тек даму жоспары негізінде бюджет бөлінуі керек.

«2026 жылдан бастап базалық инфрақұрылым нормативтері негізінде даму жоспарын қалып­тас­тыру ұсынылады. Халық­тың базалық игіліктер мен қыз­ме­т­терге тең қол жеткізуін қам­тама­сыз ету үшін инженерлік-ком­му­ни­кациялық, көліктік және өзге де инфрақұрылым секілді ең төменгі базалық нормативтер және ең төмен әлеуметтік стан­дарттар бойынша нормалар бел­гіленеді. Есептеулер ұлт­тық экономика және қаржы ми­нистр­ліктерімен бірле­сіп әзір­ленген мемлекеттік орган­дар­дың салалық әдістемелеріне негізделеді.

Нысаналы даму трансферт­тері тек аса маңызды инфра­құры­лымды және жалпыелдік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағыт­талады. Жалпы сипаттағы транс­ферттерді жоспарлау тәрті­бі нақтыланады. Бұрын нысана­лы трансферттермен қаржылан­дырылған шығыстардың нысаналы мақсатын жоғалтпау үшін, біз жалпы сипаттағы трансферттер құрамында нысаналы субвенция­ларды бөлеміз. Оларды қаржы министрлігімен бірлесіп бюджет­тік бағдарламалардың салалық әкімшілері толығымен жоспарлайды», деді Ә.Қуантыров.

Ұсынылып отырған тағы да бір шара – жергілікті атқару­шы органдардың республи­калық ақшаны пайдалануына, оның ішінде жалпы сипат­тағы трансферттер түрінде бө­л­і­не­тін, сондай-ақ тексеру комиссияларын күшейту есебінен мониторингті күшейту.

Бесінші бағыт бойынша жаңа Бюджет кодексінде барлық бюджет үдерісіне жалпы талаптар енгізілмек. Осылай­ша, нәтижеге бағ­дар­ланған бюд­жеттің қағидат­тарын күшейтуге бағыттал­ған «Қазақстан Республикасының бюджеттеу негіздері» атты жаңа бөлім пайда болды.

«Бюджет ақпаратының ашық­тығы және халық алдында есеп беру – нәтижеге бағдарланған бюджетке көшудің тағы бір шарты. Сондықтан біз қолданыстағы Кодекстің ере­же­лері мен жаңа нормаларды «Есеп беру және транспаренттілік» деген жеке тарауға құрылымдадық. Есеп­тілік пен транспаренттілікті бюд­жет құжаттамасын жария­лау мен талқылау арқылы іске асырылады. Лауазымды тұлға­лар мен бю­д­жеттік үдеріс­тің қатысушыларының жауап­кер­шілік аймақтары бөлінген. Енді жариялануға жататын барлық құжаттардың тізбесін және бюд­жет заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершіліктің барлық түр­лерін тиісті баптардан көруге болады», деді Ә.Қуантыров.

Сондай-ақ жалпы отырыс­та 2014 жылғы 29 мамырдағы ЕАЭО туралы шартқа электрондық нысанда қызметтер көрсету кезін­­де жа­нама салықтар алу тәртібін ай­қын­дау туралы хаттама рати­­фи­ка­­ция­­ланды. Құжат 2022 жыл­­ғы 9 жел­тоқ­санда Бішкекте жа­сал­­ды. Онда негіз­гі шартқа «элек­трон­дық нысан­дағы қызметтер» деген термин енгізу, электрон­дық қызметтерді көрсететін са­лық төлеушілерді оңайлатылған са­лық есебіне қою және электрон­дық қызметтерге қосылған құн са­лы­­ғын төлеу бөлігінде ұлт­ты­қ­тан жо­ғары тетік енгізу көзделген.

«Қазіргі уақытта Салық кодексін­де Қазақстан Респуб­лика­сының аумағында тауарлармен электрондық сауданы жүзеге асыратын шетелдік компаниялардан қосылған құн салығын алу тетігі мен тәртібі көзделген. Алайда жаһандық тенденцияларға байланыс­ты резидент еместер көрсететін көптеген қызметтер электронды түрде көрсетіледі де оларды жүзеге асыру орнына байланыс­ты емес.

Мұның бәрі қызмет көрсету орнын және ҚҚС қай жерде есеп­телу керектігін анықтауды қиын­датады. Осыған байланысты хаттама­мен бірқатар тың нормалар ұсы­нылады. «Электрондық қыз­мет­тер» ұғымы енгізілді. Мұн­­дай қыз­меттерге ақпараттық-телеком­муни­кациялық желі арқылы көрсетілген қызметтер жатады. Қызметтер тізімі нақ­тыланды. Атап айтсақ, 14 қызмет анық­талды. Мысалы, билеттерді, қонақ­үйлерді брондау, бағдар­ла­маларды ұсынылады. Элек­т­рондық қызмет көрсету орны анықталды», деді құжат жөнінде баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Хаттама депозитарий дипло­матиялық арналар арқылы мүше мемлекеттердің оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күшіне енеді.

Жалпы отырыста жайылымдарды пайдалану мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтыру­лар енгізу туралы заң қабыл­дан­ды. Түзетулерде жайылым­ға қажетті ауылшаруашылық жа­нуарларының санын жүктеме нормасын 20 пайыздан 50 пайызға дейін ұлғайту арқылы жер пайдаланбау факті­лерінің критерийін қатайту көздел­ген. Жайылым­дық жерлердің 20 млн га жуығы қайтарылуға тиіс.

Мәжіліс кәсіпкерлік мәсе­лелері бойынша түзетулерді екін­ші оқылымда қабылдады. Заң жобасы кәсіпкерлік белсенділікті арттыру мақсатында әзірленіп, 10 кодекс пен 109 заңға өз­геріс­тер мен толықтырулар енгі­зілді. Құжат­ты әзірлеу барысын­да депутат­тар өңдеуші кәсіп­орын­дарды отан­дық шикізатпен қамтамасыз ету, әлеу­меттік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемеақысы мөл­шерінің сақ­талуына мем­лекеттік бақы­лауды күшейту, қалаларда атмо­с­фералық ауаны қорғауды мемле­кеттік реттеу­дің қосым­ша құ­ралдарын енгізу, өңір­лерде қалдықтармен жұмыс істеу қызметін реттеу және ұйым­дастыру және т.б. өзгерістер енгізді. Сонымен қатар әкімшілік кедергілер мен артық талаптарды қысқарту мақсатымен кәсіпкерлік қызметті жаңадан реттеу енгізіледі.

Бұдан бөлек, төменгі Палата депу­таттары «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының кейбір заңнамалық акті­леріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толық­ты­рулар ен­гізу туралы» заңға Сенат енгізген тү­зету­лермен келісті. Мәжіліс 4 жаңа заң жобасын жұмысқа алды. Жиын соңында депутаттар тиісті мем­лекеттік мекемелер басшылары­на сауалдарын жолдады.