Экономика өсім көрсетті
Экономикалық даму аясында 967,7 млрд теңгеге 210 инвестжоба басталды. Бұл өз кезегінде 20 мыңға жуық жұмыс орнын құрды. Ал машина жасау саласындағы өндіріс деңгейі 26,8 пайызға дейін артқан. Бұл рекордтық деңгей болып есептеледі. Тауарлар экспортының құны 65 млрд долларға жеткен, оның 21 млрд доллары өңделген тауарларға тиесілі екенін айта кетейік. Кәсіпкерлік субъектілеріне 2,3 трлн теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Соның ішінде шағын және орта бизнесті қолдау көрсеткіші 209 млрд-тан 288 млрд долларға дейін өсті.
«Жыл қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіп үлесі 13,4 пайызды немесе 30,2 млрд долларды құрады. Ауыр тиген 2022 жыл (+3,2 экономикалық өсім) сәтті 2023 жылға ауысты. Биыл біз жағдайға біршама икемделдік және 5 пайызға дейін өсеміз деп ойлаймын. Біз үшін 5 пайыз деңгейіндегі экономикалық өсім – қосымша 40 млрд доллар деген сөз. Негізгі капиталға салынған инвестиция 2022-2023 жылдары 60 млрд долларға жуықтады», дейді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
Үкімет есебінде жыл соңына дейін шикізаттық емес секторда жалпы құны 1,6 трлн теңге болатын 291 жобаның пайдалануға берілетіні айтылған. Келер жылы 4,6 трлн теңгеге 400 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Экономист Қайырбек Арыстанбековтің айтуынша, биыл қол жеткізілген ІЖӨ деңгейі 70 пайыз қазақстандықтың қажеттілігін жабады.
«Бүкіл халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін біз ІЖӨ қарқынын 7,1 пайыздан кем ұстамауымыз керек. Өйткені экономикамыз 5 құрылымдаушы секторға бөлінген, жалпы қосылған құн ағыны кезінде олардың арасында құрылымдық теңсіздік пен диспропорция пайда болады. Жиынтығында олар экономика үшін құрылымдық дағдарыс үшін негіз қалыптастырады. Биыл ел экономикасы бірқатар қиындықпен ұшырасты және оларды сыртқы, ішкі деп бөлуге болады. Ішкі қиындықтар – Үкіметтің экономикалық саясаты сапасының жеткіліксіз деңгейі, макроэкономикалық саясат бойынша мемлекеттік органдар арасындағы келісімнің болмауы, экономиканың біраз саласында монополия компоненттерінің сақталып отырғаны. Мысалы, банктердің ұлттық экономикаға берген несиесі ІЖӨ-нің 9 пайызына дейін құлдырады. Бұл Үкімет пен Ұлттық банк арасындағы макроэкономикалық саясаттың дәйектілігін білдіреді», дейді сарапшы.
Инвестиция – игергенге игілік
Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция – 14,6 пайызға, 15,2 трлн теңгеге дейін көбейген. Инвестиция ағыны ақпарат пен байланыс саласында – 2,8 есе, транспорт және қоймалауда – 58 пайызға, саудада – 34 пайызға, білімде – 17 пайызға, ауыл шаруашылығында – 11 пайызға, өнеркәсіпте 8,5 пайызға, оның ішінде өңдеуші өнеркәсіпте 4,6 пайызға артқан.
Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша, осы жылдың бірінші жартыжылдығында тікелей шетелдік инвестицияның жалпы ағыны 13,3 млрд доллар болды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 87 пайызға артық (2,2 млрд долларға). Осы ретте биылғы қарашада Fitch және Standard&Poor's халықаралық рейтингтік агенттіктерінің де Қазақстанның егеменді кредиттік рейтингін «тұрақты» болжамымен растағанын, өз кезегінде Mood’s агенттігінің Қазақстанға қатысты болжамды «тұрақтыдан» «позитивтіге» жақсартқанын да айтып өтелік.
Министрлік өкілі ірі инвесторлар үшін экономиканың басым салаларында құны шамамен 50 млн доллар болатын жобаны іске асыру жөніндегі инвестициялар туралы келісімге қол қою кезінде ерекше жағдайлар мен салық салудан босату көзделгенін жеткізді.
«Ірі салық төлеушілерге қолдау көрсету үшін инвестициялық салық кредиті туралы келісім жасасу кезінде кейін кезең-кезеңімен төлеумен және 3 жылға дейінгі мерзімге кейінге қалдырумен салық бойынша төлемдерді 100 пайызға төмендету құқығы көзделген. Осылайша, корпоративті табыс салығы және мүлік салығы төленбейтін үш жылдық кезеңді босаған ақша қаражаты есебінен қаржылық жағдайын тұрақтандыруға және бизнесті дамытуға пайдалануға болады. Мұндай тетіктердің инвестициялар ағынын қамтамасыз ететіні, қосымша жұмыс орындарын ашатыны сөзсіз. Бүгінгі күні инвестициялық белсенділіктің жоғары деңгейін одан әрі арттыру үшін 32,4 трлн теңге сомасына 1011 жобадан тұратын жалпыұлттық пул қалыптастырылды және іске асырылып жатыр. Экспортқа және импортты алмастыруға бағытталған терең өңдеу кластерлерін дамыту үшін шамамен 15 ірі жобаның тізбесі қалыптастырылады», дейді Бауыржан Құдайбергенов.
Ол шетелдік компанияларды релокациялау жұмыстары жалғасып жатқанын, осы жылы 1,5 млрд доллар сомасына 39 компанияның көшіп келгенін де мәлімдеді.
Инфляциямен күрес: кім жеңді?
Бұл сауалға біржақты жауап беру қиын. Иә, жыл басында 20 пайыздан асып кеткен инфляция қарашада 10,3 пайызға дейін түсті. Бірақ бұл толыққанды жеңіс сипатын көрсетпейді, өйткені баға өсімі әлі де болса екітаңбалы мәннен ажыраған жоқ. Демек, тәуекел бар. Дегенмен жыл бойы атқарылған жұмыстар нәтижесінде баға өсімінің біршама тежелгенін де байқап отырмыз. 2022 жылдың соңы, 2023 жылдың басында инфляция тым қатты қарқын алғаннан кейін Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені көтеруге, сөйтіп жыл бойы қатаң монетарлық саясат жүргізуге мәжбүр болды және бұл жемісін берді де.
Ұлттық банк біраз уақыт бойы базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде ұстап отырды, сөйтіп нарыққа артық ақша ағынының келуіне тосқауыл қоюға тырысты.
Базалық мөлшерлеменің қымбаттауы 2022 жылдың қазанынан басталды. Сол кезде мөлшерлеме 14,5 пайыздан 16,0 пайызға жоғарылады. Сол жылы желтоқсанда бекітілген 16,75 пайыз 2023 жылдың 10 шілдесіне дейін сақталды. Пайыздық мөлшерлеме тек тамыз айында ғана 16,75-тен 16,50 пайызға дейін, 25 пайыздық тармаққа ғана төмендетілді. Тамыз қорытындысы бойынша, инфляция 13,1 пайыз болды. Ұлттық банк барлық жоспардың ойдағыдай жүзеге асып келе жатқанын бағамдап, қазанда базалық мөлшерлемені 16,0 пайыз, одан кейін 15,75 пайыз етіп белгіледі және осы оныншы айда инфляция тағы да бәсеңдеп, 10,8 пайыз маңайында тұрақтады.
Инфляцияның бәсеңдеуіне Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме құралын қолдануынан бөлек әсер еткен факторлар да бар. Мысалы, геосаяси жағдайдың сәл де болса тұрақтала бастауы, жаһандық жеткізу тізбектерінің біртіндеп қалпына келуі, мұнай бағасының тұрақтылығы және оның қымбаттауы отандық нарыққа сырттан келетін қысымды азайтып, ішкі тұрақтылыққа себеп болды.
Жеке тұлға банкроттығы
Биыл наурыз айында жеке тұлғалардың банкрот атануына мүмкіндік беретін заң қабылданып, күшіне енді. Бұл – халықтың несие жүктемесін жеңілдетуге бағытталған бастама. Заңнама аясында банкроттықтың үш нұсқасы қарастырылған – соттан тыс банкроттық, сот арқылы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Егер азаматтың банк, микроқаржы ұйымы, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1 600 АЕК-тен аспаса (5 млн 520 мың теңге), жеке тұлға соттан тыс банкроттықты пайдалана алады. Ал сот банкроттығы рәсімін қарызы 1 600 АЕК-тен (5 млн 520 мың теңге) асатын азаматтар қолданады (кредитор алдындағы борыштың барлық түрі бойынша). Төлем қабілетін қалпына келтіру процедурасын таңдағандарға банкроттықтың салдары қатысты болмайды. Олар өз қарызын кезең-кезеңімен бөліп қайтаруға мүмкіндік алады.
Жақында Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов банкроттық рәсімін қолдану мүмкіндіктері кеңейтілетінін айтты.
«Жекелеген борышкерлер заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр. Қазір заңнамалық өзгерістер дайындап жатырмыз. Ол өзгерістердің қатарында біріншіден, соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту бар. Екіншіден, азаматтар қосымша құжаттарды қоса беру міндетінен босатылып, қажет мәліметтерді тиісті ұйымдардың дерекқорынан алу көзделген. Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау да жоспарланып отыр. Барлық өзгеріс жеке тұлғалардың құқығын қорғап, мүмкіндігін ұлғайтуға және осы үдеріске басқа да азаматтардың арыздарын қабылдауға мүмкіндік береді», деді вице-министр.
Қазірге дейін банкроттыққа 70 мыңнан астам өтініш түсіп, 6 мыңнан аса өтінім (қарыз көлемі 9 млрд теңгеден жоғары) ғана мақұлданған. 56 мыңнан аса өтінім кері қайтарылған. Банкрот атанған борышкердің ең үлкені 79-да болса, ең жасы – 20-да. Сонымен қатар әйелдерге қарағанда банкрот атанған ерлер саны басымырақ (58 және 42 пайыз).
Цифрлық теңге енгізілді
Мұны да отандық қаржы нарығының іргелі жаңалығы деп айта аламыз. Ұлттық банк цифрлы валютаның тұсауын 15 қараша күні – Қаржыгерлер конгресінде кесті. Цифрлық теңге – орталық банктің типтік цифрлық валютасы, қолма-қол және қолма-қол ақшасыз формалардан басқа ұлттық валютаның үшінші нысаны.
2021 жылы басталған цифрлық валюта жобасын дамыту үдерісі 2025 жылға дейін жалғасады. Алдағы жоспар – нарық қатысушыларының жүйелерімен интеграцияны сынақтан өткізу. Ұлттық банк басшыларының айтуынша, CBDC жобаларының аса маңызды драйвері қаржы нарығының қатысушыларымен тиімді байланыс орнату болды.
Цифрлық валютаның ерекшелігі – төлем жасау барысында цифрлық теңге шотындағы қаражат бірден дәстүрлі теңгеге ауыстырылып, әлемнің кез келген нүктесінде картамен төлеуге қолжетімді болды.
ЦТ-дағы банк картасы бірқатар артықшылыққа ие:
- Картаны тұтынушының смартфонында, сағатында немесе физикалық әмиянында сақтауға болады;
- Бизнес үшін жеңілдіктер инфрақұрылымды жаңартуды қажет етпей-ақ қабылданған төлем әдістерін одан да кең таңдауды қамтиды;
- Қауіпсіздік маңызды фактор: карта ұстаушылар алаяқтықтан қорғайтын және қауіпсіздікке кепілдік беретін озық технологиялар мен Mastercard артықшылықтарымен қамтамасыз етіледі;
- Ақша Ұлттық банктегі цифрлық шотта сақталады және оған, мысалы, кепілдендірілген сомаға нормативтік шектеулер бар қарапайым карталардан, ағымдағы шоттардан және депозиттерден айырмашылығы, мемлекет толық кепілдік береді.
Жалпы, цифрлық теңгенің және оған қатысты қаржылық қызметтердің Қазақстанда да, шетелде де болашағы зор дейді сарапшылар. Халықаралық институттардың болжамдары бойынша, 2030 жылға қарай айналымда 15 бөлшек және 9 көтерме CBDС болуы мүмкін. Бүгінгі таңда әлемдік ІЖӨ-нің 98 пайызын құрайтын 130 мемлекет қандай да бір жолмен CBDС құру мүмкіндігін зерттеп, қарастырып жатыр.
7-20-25
Биыл тұрғын үй нарығында айтарлықтай дүмпу болған жоқ. Бірақ «7-20-25» бағдарламасының 100 млрд теңгемен шектелуі көпшілікті біраз дүрліктірді. Әрине, тоқсан сайын бөлінетін 25 млрд теңге баспаналы болғысы келген халықтың жұмырына жұқ болмайды.
2018 жылдан 2022 жылдың желтоқсанына дейін бағдарлама аясында 852,2 млрд теңге сомаға 64 146 жеңілдетілген займ берілген. Қазір бұл бағдарлама жалғасып жатыр, бірақ қаражаты аз болған соң, үміттілер қатарына кіру қиын. Бағдарлама бойынша өтінімдерді бірнеше банк қабылдайды. «Банк ЦентрКредит» пен Freedom Bank өтінімдерді онлайн қабылдайды. Ал РБК Банк, Altyn Bank және «Еуразиялық банк» сайт арқылы өтінім қабылдап, кейін операторлар клиентке қоңырау соғады. Forte Bank өтінім қабылдауды тоқтатқан. Halyk Bank арқылы тіркелу үшін міндетті түрде банк бөлімшесіне бару қажет.
Qarmet қайтарылды
Биыл жыл соңында «Арселор Миттал Теміртауда» болған алапат апаттан кейін мемлекет кәсіпорынды өз меншігіне қайтару қамына кіріскен еді. Үкімет пен ArcelorMittal арасында жүргізілген келіссөз нәтижесінде комбинат Қазақстан меншігіне қайтарылды және ол Qarmet деп аталатын болды. Меншік иесінің ауысуымен кәсіпорынға бірінші кезеңде шамамен 1,3 млрд доллар жеке инвестиция салынады. Бұл қаражат құрал-жабдықтарды жаңғыртуға, заманауи өндірістік технологияларды енгізуге және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын жақсартуға бағытталады.
Сонымен қатар Үкімет шартты бұзған жер қойнауын пайдаланушылардың келісімшарттары мен лицензияларын қайта қарау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл 54 келісімшарт тоқтатылып, қатты пайдалы қазбаларды барлауға берілген 96 лицензия қайтарылған. Міндеттемелерді бұзғаны үшін 6,4 млрд теңге айыппұл салыныпты. Нәтижесінде, алтын, көмір, темір, мыс, көмірсутек, боксит, полиметалл және басқа да кен орындары мемлекеттік қорға қайтарылды, олар кейіннен жаңа инвесторларға беру үшін ашық аукционға қойылады. Бұл жер қойнауын пайдалану секторына қосымша инвестиция ағынын қамтамасыз етеді.