Күнкөріс деңгейі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, 2024 жылы елімізде айлық есептік көрсеткіш пен төменгі күнкөріс шегінің өзгеруіне байланысты әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған адамдар көбірек қаражат алады. Мәселен, 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болады. Ал ең төменгі күнкөріс шегі енді 43 407 теңгеге жетеді. Ал ең төменгі жалақы 85 000 теңгені құрайды.
Ерекше қажеттілігі бар адамдар алатын жәрдемақы мөлшері де өзгерді. Мәселен, І топтағылар – 95 495 теңге (2,20 күнкөріс деңгейі), ІІ топтағылар – 79 435 теңге (1,83 күнкөріс деңгейі), ІІІ топтағылар мен 7 жасқа толмаған мүгедектігі бар балалар 69 885 теңге (1,61 күнкөріс деңгейі) алады. 2023 жылы 1 қыркүйектегі есеп бойынша елімізде мүгедектігі бойынша 538 мың адамға әлеуметтік жәрдемақы тағайындалған еді.
Ал асыраушысынан айырылғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 7 пайыз өсті. Марқұмның асырауында бір адам қалған болса – 37 330 теңге (0,86 күнкөріс деңгейі), екі адам болған жағдайда – 64 676 теңге (1,49 күнкөріс деңгейі), үш адам болса – 80 303 теңге (1,85 күнкөріс деңгейі), төрт адам болса – 85 077 теңге (1,96 күнкөріс деңгейі), бес адам болса – 88 116 теңге (2,03 күнкөріс деңгейі); алты және одан да көп адам болса – 91 589 теңге (2,11 күнкөріс деңгейі) тағайындалды. Сонымен қатар тұл жетім қалған балалардың әрқайсысына 51 209 теңге (1,18 күнкөріс деңгейі) жәрдемақы беріледі. Ал жерлеуге арналған біржолғы төлем 52,4 АЕК немесе 193 460 теңге болды.
Жәрдемақы жайы
Биыл Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге 16 АЕК (59 072 теңге), басқа әскери іс-қимылдарға қатысқан ардагерлерге 4,8-ден 6,19 АЕК-ке дейін (17 722-ден 22 853 теңге), Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтарға 6,19 АЕК (22 853 теңге), Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне мүгедектік бойынша теңестірілген адамдарға 7,55 АЕК (27 875 теңге), Екінші дүниежүзілік соғыста көз жұмған немесе із-түссіз жоғалған жауынгерлердің жесірлеріне 4,48 АЕК (16 540 теңге) беріледі. Алайда бұл төлемдер шарт бойынша жесірлер қайтадан отбасы құрмаған жағдайда төленеді. Сонымен қатар Социалистік еңбек ерлері, үш дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлері, «Қазақстанның еңбек ері» атағын иеленген азаматтарға – 138,63 АЕК (511 822 теңге); «Халық қаһарманы» атанғандарға – 138,63 АЕК (511 822 теңге), Саяси қуғын-сүргін құрбандары мен одан зардап шеккен азаматтарға – 1,07 АЕК (3 950 теңге), Қазақстан Республикасына сіңірген еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдарға 1,07 АЕК (3 950 теңге) жәрдемақы тағайындалды.
Ана мен балаға қамқорлық
Бүгінгі таңда бала күтімімен отырған жұмыссыз аналарға отбасының табысына қарамастан 5 түрлі жәрдемақы беріледі:
– Міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қатысушысы болса, жұмыс істейтін аналарға жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлем төленеді;
– Бала тууға байланысты бір реттік мемлекеттік жәрдемақы 1-3 балаға – 38 АЕК (140 296 теңге), 4 және одан да көп балаға 63 АЕК (232 596 теңге) беріледі;
– Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне ай сайын жәрдемақы беріледі. Мәселен, жұмыссыз аналарға республикалық бюджеттен бірінші балаға 5,76 АЕК (21 265,92 теңге), екінші балаға 6,81 АЕК (25 142,52 теңге), үшінші балаға 7,85 АЕК (28 982,2 теңге), 4 және одан да көп балаға 8,90 АЕК (32 858,8 теңге) беріледі;
– Баласы бір жарым жасқа толғанға дейін анасы оның күтіміне байланысты кірісінен айырылған жағдайда әлеуметтік төлем алушылардың пайдасына қосымша белгіленген міндетті зейнетақы жарналары бюджет қаражаты есебінен субсидияланады;
– Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған күтушінің жәрдемақысы да өсті. Сонымен қатар кәмелетке толмаған төрт және одан да көп баласы бар аналарға жәрдемақы бала санына сәйкес беріледі. Мәселен, 4 баласы бар отбасына – 16,03 АЕК (58 182,76 теңге), 5 баласы бар отбасына – 20,04 АЕК (73 987,68 теңге), 6 баласы бар отбасына – 24,05 АЕК (88 792,6 теңге), 7 баласы бар отбасына – 28,06 АЕК (103 597,52 теңге), 8 және одан да көп балалардан әр балаға 4 АЕК тағайындалды.
Сонымен қатар алты және одан да көп баланы дүниеге әкелген аналар «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгісімен марапатталып, оларға ай сайын 7,4 АЕК (27 320,8 теңге) немесе 6,4 АЕК (23 628,8 теңге) көлемінде мемлекеттік жәрдемақы беріледі.
Зейнетақы өсімі
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2024 жылы зейнетақы мен жәрдемақы өсетінін мәлімдеді. «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі айқындаған инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрін 7%-ға арттыруды көздейді. Ынтымақты зейнетақы 9%-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға жоғарылайды», делінген хабарламада. Бюджеттен төленетін зейнетақының орташа жиынтық мөлшері (Бірыңғай зейнетақы қорынан төленетін төлемдерді есепке алмағанда) 2024 жылы 130 414 теңгені (2023 жылы – 120 838 теңге) құрайды.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 60 пайыздан 65 пайызға, ең жоғары мөлшері 100 пайыздан 105 пайызға дейін өсті. Сөйтіп, ең төменгі зейнетақы мөлшері 57 853 теңге, ең төменгі базалық зейнетақы төлемі 28 215 теңге болды. Жасы бойынша зейнетақы төлемдерінің ең жоғары мөлшері 152 295 теңгеге жетті. Бұған қоса мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі қарастырылған. Мұның ең жоғары мөлшері 2024 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 105 пайызын, яғни 45 578 теңге болды. Зейнетақы төлемдерінің жалпы сомасы 197 873 теңге болады.