Ақсу қаласындағы электр стансасы өзінің 55 жылдығын атап өтті. Мерейтойға орай шаһар тұрғындарына ерекше сый тарту етуді ойға алған кәсіпорын ең әуелі өз қызметкерлерінің мәртебесін ескерсе керек. Мерейлі мамандық иелерінің бейнесін үлкен көшелердің біріндегі көпқабатты үйдің қабырғасына түсіруді ойға алған. Мұралды салу идеясын жергілікті сәулет және қала құрылысы бөлімінің мамандары бірден қолдап, қолайлы орын ұсынған. «Әуезов көшесі, 55 мекенжайы қалаға кіре беріс айналма жол бойында орналасқан. Орталық көше болғандықтан өте әдемі көрінеді», дейді мемлекеттік мекеме басшысы Кирилл Ефремов. Мұралдағы бейненің өзі жасанды интеллектінің көмегімен жасалыпты.
Ақсудағы еңбек адамына деген құрметті білдіретін алғашқы мұрал көпшіліктің көңілінен шықты. Тұрғындар үйлеріне жарық пен жылу беріп отырған мамандық иелерінің бейнесі қалаға сән қосып тұрғанын айтады.
– Энергетиктердің жұмысы көзге көрінбейді. Үйімізге келіп тұрған электр жарығы мен жылудың артында қаншама адамның ерен еңбегі тұр. Біз осы мұрал арқылы энергетик мамандығының маңызын қоғамға көрсеткіміз келді. Еліміздегі энергетика саласының дамуы да осы жандардың қолында, – дейді «ЕЭК» АҚ Ақсу электр стансасының операциялық директоры-бас инженері Данияр Шабанбаев.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы