Халық өте жиі қолданатын әлеуметтік желінің бірі WhatsApp-та «Дауыс беруге көмектесіңіз!» деген атаумен ашылған чатқа сұраусыз, ескертусіз қосып қойыпты. Қосқан сыйлы кісіден сұрап едім, «Осыдан екі-үш апта бұрын WhatsApp-қа кіре алмай қалдым. Маған таныстарым хабарласып, белгісіз чатқа қосуымның себебін сұрады. Содан WhatsApp-тың сервистік орталығына шағымдандым. 12 сағаттан соң ғана желіге кіріп, әлгі чаттың көзін жоя алдым. Қазір сондай алаяқтар көбейіп кетіпті», деген жауап алдым. Сізді мұндай чатқа нөміріңізді білетін адамның атынан қосады, яғни админ де – аляқтардың құрбаны. Мысалы, осы нұсқада жақыныңыз, танысыңыз дауыс беруді сұрады деп ойлайсыз да, ойланбастан чатқа кіріп, дауыс беру үшін сілтемеге өтесіз. Сілтемеге өткеніңіз – шотыңыздағы ақшадан түгел айырылғаныңыз. Полицей дәл осындай жолмен бірнеше адамның алданғанын айтты. Бұл – бір ғана учаскелік полицейдің тіркеген дерегі. Елімізде қаншама адамның сан соққанын нақты білу мүмкін емес. Өйткені біреу шағымданады, біреуі ақшасын құрбан болған адамнан қайтарып алғандықтан, құқық қорғау органдарына өтініш жазбайды. Көрдіңіз бе, алаяқтар сізді шығынға батырумен шектелмей, таныс-туысыңызды тонап, нөмірін, желісін бұзып, атынан ақша сұрап, ақырында оны «алаяқ» етіп, қарым-қатынасыңызға сызат түсіріп кетеді.
Алаяқтықтың мұндай жолы – олар ойлап тапқан жүздеген жобаның бірі ғана. Әр жоба мыңдаған адамды сан соқтырып, отбасындағы жанжалға, дағдарысқа, кейбірі тіпті суицидке апарып жатыр. Жаңалықтардан да алаяқтарға алданған қаншама жанның қиналғанын, көмек сұрап шырылдап жылағанын көріп жүрміз. Сонда да алданып қалуға бейімбіз. Неге? Кейінгі кездері алаяқтар неліктен көбейіп кетті? Біздіңше, мұның себебін еліміздегі киберқауіпсіздік саласының әлсіздігімен байланыстыруға болады. Ал тағы бір себебін «алаяқтың» өзінен естідік. Отандық киногерлер 12 бөлімнен тұратын «Мошенники» дейтін фильм түсіріпті. Жас актер Олжас Нұрбайдың режиссерлігімен түсірілген осы сериалдың басты кейіпкері Д. есімді алаяқ фильмнің басында «Қазір неге алаяқтар көбейді, білесіңдер ме? Өйткені соншалықты сенгіш, ақымақ адам көп. Алаяқтар күн сайын жүздеген адамды алдайды. Оның себебі – олардың ақылдылығында емес, сіздердің ақымақтығыңызда», дейді. Басты алаяқ жұртты алдап ақша табатын қызметкер-алаяқтарына ең бастысы сенімге кіру екенін үнемі ескертіп отырады. Фильмде көрсетілетін ең көп таралған интернет алаяқтықтың біріндегі мәтін мазмұны мынадай: «Сәлеметсіз бе? Бұл – банктің қауіпсіздік қызметінен Пәленше. Шотыңыздан жаңа ғана 900 мың теңге аударылды, сол аударымды сіз жасадыңыз ба? Сіз болмасаңыз, алаяқтар екені анық. Шотыңызды бұғаттау үшін қазір телефоныңызға келетін 4 цифрлы кодты айтыңыз». 4 санды айттыңыз ба? Онда алаяқтардың құрбанысыз. Аталған фильм детектив, криминал бағытында болғанымен, танымдық жағын да жоққа шығаруға болмайды. Бір қызығы, жас режиссердің өзі де алаяқтардың құрбаны болған, шетелден келетін керемет кәсіпкердің өтпейтін тренингіне ақша аударыпты.
Айтайын дегеніміз, алаяқтықтың түрі өте көп. Аңғал адамның сеніп қалу қаупі тым жоғары. Сол себепті асқан сақтықпен әрекет жасамасқа болмайды. Себебі алаяқтар заманның ағымына, адамдардың күнделікті әрекетіне, қандай ресурсты жиі қолданатынына, кімге, қандай жағдайда сенетініне қарай түрлі қитұрқылықты ойлап тауып жатыр. Олар шығарған, жасаған «жобалардың» мінсіздігі сонша, ұстатпай кетеді. Миллиардтаған ақшамен ізін суытады, бітті.
Шыны керек, кейде өзін алаяққа жатқызбайтын жандар да көзге көрінбейтін «куәгерді» ұмытып, өзімен қоса әлдекімді алдап, арбап пайда тапқанын «Жемқорлар да жымқырып жатыр ғой, менікі әшейін» деп ақтап алғансиды. Мәселен, тексеруші көрмей тұр деп қоғамдық көлікте жолақысын әдейі төлемеу де осыған ұқсайды. Бірақ түптің-түбінде әр адам өз әрекеті үшін өзі ғана жауап береді, жоғарыдағыдай ақталып, жаман әрекетті әдетіне айналдырғандардың ісіне ойындағы жемқорлар жауап бермейді.