Ғылым • 05 Қаңтар, 2024

Тауық саңғырығы – тыңайтқыш

128 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экологияның ластануы, топырақтың құнар­сыздануы мамандар түгілі студенттерді де тол­ғандыра бастады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті Ұлжан Қанатбек ізденіс ізіне түсіп, жаңа тыңайтқыш ойлап тапты. Айтуынша, су жаңа «экотыңайтқыш» топырақтың тығыздығын үстемелейді. Ең бас­тысы, тауықтың саңғырығынан жасалған өнім химиялық қоспадан ада екен.

Тауық саңғырығы – тыңайтқыш

Жалпы, жаһан ғалымдары экологияның бүлінуіне айрықша назар аударып отырғаны мәлім. Таразда да жердің тозуына байланысты ғылыми ізденістің ізіне түскен жастар аз емес. Олардың бір­қатары шекара асып, Еуропа жерін басып, тәжірибесін толықтырып, білімін жетілдіріп үлгерді. Бұған дейін жергілікті жұрт «жер дәрігері» атап кеткен жас ғалым Дәулет Егембердиевтің жаңа жобасы туралы жазған болатынбыз. Әрине, Дәулеттің жөні бөлек қой. Ол өз ісін біраз жыл бұрын бастап кеткен. Ал Ұлжанның жөні бір басқа. Экология мәселесі төртінші курста оқи­тын шынашақтай қызды толғандырып, ізденуге итермелегені бізді де қуантып отыр.

Ұ.Қанатбектің айтуынша, бірнеше ай бұрын орга­никалық тыңайтқыш жасау мәселесіне айрықша ден қоя бастаған. Бастапқыда технологиясын меңгеруге ерекше басымдық берген. Әуелі шикізатты 300 гра­дусқа дейін ыситын муфельді пеште күйдіріп, тәжірибе жасауға бел буған. Нәтижесі көңілінен шыққан.

Қолға алған ісі бойындағы қызығушылығын арттыра түссе керек. Кейіннен өсімдіктерді отырғызу арқылы топырақтың физикалық қасиеттерін зерделеп, ғылыми ізденісін жалғастыруды жөн деп тауыпты. Нәтиже көп күттірген жоқ. Топырақтың тығыздығы артып, бойына ылғалды ойдағыдай сақтайтыны айқындалыпты.

Топырақтың тозуы жанын ауыртқан студент күн-түн демей жаңа тыңайтқышты ойлап табудың қамына кіріседі. Бар ынта-шынтасымен өз жобасын жетілдіруді ойлайды. Білімсіз қолға алған істің нәтиже бермесін білген ол, жан-жақты ізденіп, білімін толықтырады. Ұлжан бірінші кезекте химиялық қоспасыз дүние жасап шығаруды мақсат тұтады. Түптің түбінде өзі ойлаған жаңа тыңайтқышты дүниеге әкелді.

«Топырақтың құнарсыздануы бүгінде бәрімізді толғандыратыны жасырын емес. Өткір мәселеге әлем елдерінің білгірлері де ден қойып, жаңа жобалар жасап жатқаны белгілі. Біз жаһан елдерінен бөлектене алмаймыз. Себебі біз де әлемнің бір бөлшегіміз. Жалпыға ортақ өзекті проблема Қазақстанда да туындап отырғаны баршаға аян. Бұл мәселе өзіміз құралпылас жастарды да алаңдататыны анық. Сол олқылықтың орнын толтыру – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан да осы «экотыңайтқышты» ойлап таптық. Тыңайтқышты күйдірудің берер пайдасы мол. Оны іс жүзінде байқап та көрдік. Ол топырақтың құрамын дымқылдандырады. Сондай-ақ дәрумендері арқылы оның құнарлылығын арттыра түседі. Ғылыми негізге сүйенсек, құс шаруашылығындағы және мал шаруашылығындағы қалдықтардың пайдасы зор. Одан тек «экотыңайтқыш» қана емес, белсендірілген көміртегін алуға да болады. Сондықтан да осы жобаға мықтап кірістім. Қолға алған ісім өзімді шынында да шабыттандырады», деді Ұ.Қанатбек.

Ғылымға шындап бет бұрған Ұлжан кейінгі уақыт­та «Ауыл шаруашылығы қалдықтарынан және табиғи саздан мембраналы сүзгі дайындау» жобасын жетілдіру мақсатында зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Таяуда ғана М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері Астана қаласында өткен республикалық инновациялық идея­лар байқауына қатысып, 1-орынды жеңіп алды. Сол байқауға команданы жас ғалым Ұ.Қанатбек капитан ретінде бастап барған болатын.

Ғұмырын ғылыммен байланыстырған Ұлжанның жобасына қызығушылар аз емес. Ғылымға ден қой­ғандар тарапынан қолдау болса, студенттің алар асуы алда екеніне ешкім күмәнданбайды. Өйткені оның мақ­саты анық. Жаңа тыңайтқыш арқылы топырақтың тозуын қолдан келгенше тоқтатқысы келеді.

 

ТАРАЗ