Сұхбат • 04 Қаңтар, 2024

12 жылдық мектеп – уақыт талабы

358 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Еліміз егемендік алғаннан бері білім сапасын көтеру мақсатында қыруар жұмыс атқарылып, қажетті жағдайлар жасалды. Соған қарамастан білім сапасы әлі де төмен. Оны халықаралық зерттеу нәтижелері де көрсетіп отыр. Еліміздің орта білім беру сапасын қалай көтеруге болады? Осы мәселе төңірегінде Педагогикалық ғылымдар академиясының басшысы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВПЕН әңгімелескен едік.

12 жылдық мектеп – уақыт талабы

– Асқарбек Қабыкенұлы, орта білім беру сапасын көтеру бағытында 30 жылдан астам уақыт бойы зерттеу жүргізіп келесіз. Қандай қорытындыға келдіңіз? Түйген ойларыңызды тар­қата отырсаңыз...

– Орта білім беру жүйесі – аса күрделі жүйе. Оның да жүйе құраушылары болады. Біз оның 8-ін анықтадық: оқу­шы­лардың білім сапасы; білім стандарт­тары мен оқу бағдарламаларының сапасы; ­оқу әдебиетінің сапасы; педагог кадр­лар­дың кәсіби біліктілігінің сапасы; білім ­мониторинг сапасы; ру­ха­ни-адамгершілік және патриоттық тәр­бие беру сапасы; ғылыми-зерттеу жұ­мыстарының сапасы; басқару жүйесінің сапасы; материалдық-техникалық база сапасы. Әр жүйе құраушының сапасын көтеру үшін қыруар іс атқару керек. Академик А.Н.Колмогоров «Бір жақсы оқулық жазудың қиындығы бір реактивті ұшақ құрастырумен бірдей» деген екен. Жүйе құраушылардың сапасын көтеру үшін де жүйелі жұмыс қажет. Демек еліміздің 7,5 мың мектебінде оқып жатқан 3,5 млн баланың білім сапасын көтеру қиындығын әртүрлі 8 реактивті ұшақ жасаумен салыстыруға болады. Әлемнің барлық елінде осы жүйе құраушылардың сапасын көтеру мақсатында жұмыстар жүргізіледі. Бұл жұмыстар ғылыми негізде жүйелі түрде жүргізілген елдерде ғана сапа жоғары.

– Жүйе құраушылардың сапасын көтеру үшін не істеу керек?

– Білім стандарттары мен оқу бағдар­ламаларының сапасын көтеру проблемасын 3 аспектіде қарастыру керек. Бірінші – орта білім беру моделі (білім бергенде балалардың психологиялық-фи­зиология­лық даму ерекшеліктері ес­керіле ме?). Екін­ші – оқушылардың жас ерек­шеліктері­не байланысты оқытылатын пәндер (не оқытамыз?). Үшінші – оқы­тылатын пән­дердің көлемі және олар­дың нәтижеге бағытталуы (қалай оқы­тамыз?). Орта білім беру моделін анық­тау мақсатында 2003-2022 жылдар ара­лығындағы PISA зерттеулерін саралай отырып, білім сапасы озық елдерді анықтадық. Олардың қатарына Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай (провинциялары), Эстония, Канада, Финляндия, Польша және басқалары кіреді. Бұл елдерде 6+3+3 моделі негізінде жұмыс істейтін 12 жылдық орта білім беру жүйесі бар. 6-11 жас аралығындағы балалар 6 жылдық бастауыш мектепте оқиды. Бұл кезеңде олардың әртүрлі ғылымның негізін меңгеру үшін қажетті қабілеттері қалыптаса бастайды. 12-14 жаста 3 жылдық орта мектепте оқиды. Олардың оқу іс-әрекеті жаңа деңгейге көтеріліп, теориялық білімдерді меңгере алады. 15-17 жаста 3 жылдық орта мектептің жоғарғы сатысында оқиды – қалаған білімін терең меңгеруге, зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізуге талпыныс жасайды. Бұл модельдің әр сатысында оқушылардың психологиялық-физиологиялық даму ерекшеліктеріне сәйкес келетін және олар еркін меңгере алатын білім беріледі, 10-12 сыныптарда олардың қабілетін дамытуға жағдай жасалады. Өкінішке қарай, бізде бұлай болмай тұр. Қазақстанда 11 жылдық мектеп 4+5+2 моделі негізінде жұмыс істейді. Балалар 6-9 жаста бастауыш мектепте, 10-14 жаста орта мектепте, 15-16 жаста жоғары сыныптарда оқи­ды. 10 жастағы балаға орта мектепте оқы­тылатын теориялық білімнің негізін мең­геру қиынға соғады, ал 10-11 сынып­тарда балаларға қалаған білімін терең мең­геруге мүмкіндік жоқ. Әлемнің бір­де-бір елінде 4+5+2 моделі негізінде білім берілмейді. Сондықтан 6+3+3 моде­лімен оқытатын 12 жылдық білім беру жү­йесіне көшуіміз керек. Бұл модель өзі­нің нәтижелілігін толық дәлелдеп отыр.

Оқушылардың жас ерекшеліктері­не байланысты қандай пәндерді оқыту дұрыс екенін анықтау үшін Қазақстан, Жапония, Оңтүстік Корея, Финлян­­дия, Канада елдерінің оқу жоспарларына салыстырмалы түрде талдау жа­садық. Оқу жүктемелерін 2 топқа бөліп қарастырдық. І топ – нақты ғылым са­лаларына қатысты пәндер: Тіл мен әдебиет; Математика және информатика; Жа­ратылыстану; Адам және қоғам. ІІ топ – технология және өнер; денешынықты­ру салаларына қатысты пәндер. 1-4-сыныптарда біздің оқушылар І топтағы пәндерді жоғарыда аталған елдердің оқушыла­ры­на қарағанда көп оқиды, ал ІІ топтағы пәндерді, керісінше аз оқиды. Бұл елдерде Ана тілін оқытуға, тәрбие беруге көп көңіл бөлінеді. Орта білім беру саласында сапалы білім берумен бірге саналы тәрбие беру мақсаты да қойылады. Әлемдік тәжірибе ұлттық рухани-адамгершілік тәрбие ана тілінде берілген жағдайда ғана бала жақсы тәрбие алатынын көрсетіп отыр. Ол үшін балалар ана тілін жетік білуі керек. 7-9-сыныптарда Жапония­да, Оңтүстік Кореяда, Финляндия мен Канада елдерінде І топқа кіретін 4-6 пән, ал Қазақстанда 7-8-сыныптарда 12 пән, ал 9-сыныпта 13 пән оқытылады. Бізде бұл елдерде оқытылатын ІІ топқа кіре­тін Музыка, Дін/Этика, Үй экономикасы, Арнайы іс-шаралар, Зерттеу жүргізу пәндері оқытылмайды. 10-11-сыныптарда бізде оқушыларға жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гума­нитарлық бағыттар бойынша білім беру қарастырылған. Оларда 78-89 пайыз көлемінде бірдей пәндер оқытылады. Бұл елдерде 10-12-сыныптардың басты мақсаты – оқушылардың болашақта таңдаған мамандықтарын университеттерде жақсы меңгеруіне қажетті білім беру. Алда тұрған үлкен мақсаттың бірі – Қазақстанды ғылымы мен техникасы дамыған елге айналдыру. Өкінішке қарай, отандық инженерлер осы уақытқа дейін бірде-бір қарапайым кір жуатын машина жасай алған жоқ. Ащы да болса, шындық осы. Қарапайым техникалық құрыл­ғы­ны немесе машинаны іргелі теориялық білім алған инженер ғалымдар ғана жасай алады. Бізде бірде бір техникалық университет инженер ғалымдарды даяр­ламайды. Себебі институтқа түскен жастар жоғары сыныптарда инженерлік мамандықты мең­геруге керекті пәндерді 3 жыл бойы те­реңдетіп оқымағандықтан, олар универ­ситетте терең білім алмайды. Сол се­бепті біз дамыған елдерден инженер кадр­лар даярлауда бір саты төмен тұр­мыз. 12 жыл­дық мектепке өткенде бала­ларға арна­йы бағдарлы білім беретін 3 жыл­дық жоғары білім сатысын енгізу қажет.

Оқытылатын пәндердің көлемі және олардың нәтижеге бағытталуын анықтау үшін де салыстырмалы зерттеулер жүр­гіздік. Оқушылардың құзыреттілігін қа­лыптастыратын нәтижеге бағдарлан­ған білім берудің ерекшелігін Қазақстан мен Ұлыбританияда жаратылыстану пәндерінің оқытылуына салыстырмалы талдау жүргізе отырып қарастыра­йық. Мысал ретінде Биология пәнінің «Тыныс алу» бөлімін оқытуды алайық. Қазақстанда 11 тақырып берілген, ал Ұлыбританияда 3 тақырып оқытылады. Бізде әр тақырыпты оқығанда көп көлемде ақпарат беріледі және олар ғылыми сипатта болады, ал Ұлыбританияда кө­лемді ақпарат берілмейді, әр тақы­рып тәжірибеге бағытталып, өмірлік жағ­даяттармен байланыстырылып оқы­тылады. Оларды меңгерудің оқушының алдағы өмірінде қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді. Басқа пәндерді оқытқанда да осындай өзгешеліктерді байқадық. 12 жылдық мектептің білім беру стандарттары мен оқу бағдарламаларын, яғни білім беру мазмұнын жасағанда дамыған елдер жаратылыстану және басқа да пәндерді оқытқанда неге мән беретінін, қалай оқытатынын салыстырмалы түрде зерттеп, қажетті шешім қабылдау қажет.

– Педагог кадрлардың кәсіби білік­тілігінің сапасын көтеру де маңызды ғой. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

– Педагог кадрлардың сапасын көте­ру жұмыстары екі бағытта жүргізілуі керек. Бірінші бағыт – болашақ ұстаздарға сапалы білім беруді, яғни ұстаздық мамандыққа лайықты адамдардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету; екінші – мектептерде еңбек етіп жүрген мұғалімдердің кәсіби құзыретін көтеру. Қазақстанда және білім сапасы озық елдерде педагог кадрлар даярлауда 6 айырмашылық бар. Біздің елде педагогикалық жоғары оқу орындары мен колледждерге мектепті орташа аяқтаған түлектер барады; жо­ғары оқу орындарында тәжірибеге бағыт­тай отырып, білім беруге жеткілікті көңіл бөлінбейді; жас мұғалімдерге таға­йындалған тәлімгерлер нәтижелі жұ­мыс істемейді. Ал дамыған елдерде педа­гогикалық оқу орындарына мектепті жақ­сы бітірген түлектер қабылданады; оқуға түсер алдында олар педагогикалық мамандыққа бейімділігін анықтайтын ар­найы емтихан тапсырады; оқу орындарында білім тәжірибеге бағытталып беріледі; бакалавр курсын жақсы аяқта­ған түлектер магистратураға қабылданады; магистр-мұғалімдер мектепке жұмысқа келгенде қоғамдық комиссия алдында күрделі сынақтан өтеді; жұмысқа қа­былданған жас магистр-мұғалімдерге тәлімгер (коучер) бекітіледі. Бұл жұ­мыс олардың жүктемелерінде көрсе­тіледі және оның нәтижесі мұқият қада­ғаланады. MсKinsеy&Company ғалым­дары оқушылардың білім сапасының мұғалімдердің құзыреттілігіне тәуел­ділігін анықтау мақсатында АҚШ-тың 3 штатында көлемді зерттеу жүргізген. Нәти­жесінде, 8-11 жас аралығында кә­сіби құзыреті жоғары және төмен мұға­лімдерден білім алған оқушылардың білім сапасының айырмашылығы 53 пайызды құраған. Әрі қарай жүргізілген зерттеудің нәтижесінде 11 жаста үлгерімі нашар болған оқушылардың тек 25 па­йызы ғана 14 жасқа толғанда меңге­ру­ге қажетті стандарт талаптарына сай бі­лім ала алатыны, ал 75 пайызы ондай дең­гейде білім ала алмайтыны анық­талған. Бізде бастауыш сыныптарда колледж түлектері немесе бакалаврлар сабақ береді, ал дамыған елдерде магистрлер ғана сабақ бере алады. Алдағы уақытта педагог кадрлар даярлау жұмыстары­на жіті көңіл бөліп, бастауыш сыныптарда тек қана бакалаврлардың сабақ беруіне қол жеткізу керек, әрі бұл іске магистрлерді де көптеп тарту қажет.

– Саладағы нақты картинаға көз жеткізу үшін білім мониторингінің сапасын да арттыру керек пе?

– Әлбетте. Алдыңғы қатарлы елдерде білім беру жүйесін дамытуға қан­шалықты көңіл бөлінсе, білім беру сапасын анықтауға да соншалықты назар аударылады. Себебі бағалау жоқ жерде – білімде сапа болмайды. Қазіргі уақытта педагогтердің аттестация мәселесі кең көлемде талқыланып жатыр. Олардың аттестацияда көрсеткен біліктілік деңгейіне байланысты үстемеақы тағайындалады. Бұған барлық мұғалім мүдделі болып отыр. Біз аттестация кезінде мұғалімдерге тиісті біліктілік деңгейін беру туралы шешім қабылдағанда, бас­ты көрсеткіш ретінде олар оқытқан оқушылардың алған білімінің сапасын ескеру керек деп есептейміз. Адамды қозғаушы бас­ты күш – оның өз мүддесі екенін әсте естен шығармаған абзал. Аттестациядан өтудегі негізгі көрсеткіш өзі оқытқан оқушылардың білім сапасы болса, онда әр мұғалім осы мақсатта еңбек етеді. Біріншіден, ол өзінің кәсіби құзыретін көтеру жолдарын іздейді және сол ба­ғытта жұмыс істейді. Екіншіден, білім беру­дің сан алуан жаңа тәсілін меңгеруге ынталанады. Аттестация қой­ған осындай талап негізінде мектеп­тегі барлық мұғалімнің кәсіби құзыреті көтеріледі, әрі оқушылардың білім сапасы артады. Яғни осылай өткізілген ат­тес­тация білім беру жүйесін дамытуға жаңа серпін бере алады.

– Қазір қоғамдағы өзекті мәселенің бірі – ауыл мектептерінің білім сапасын көтеру. Бұл мәселені қалай реттеуге болады?

– Жүргізілген ғылыми зерттеулер негізінде білім сапасын көтерудің 8 жүйе құраушысының ішінде білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының және оқу әдебиеті сапасын көтеруден басқа 6 құраушысының: педагог кадрлардың кәсіби біліктілігінің сапасын; білім беру сапасын бағалау; рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбие беру; ғылыми-зерттеу жұмыстарының; басқару жүйе­­сінің; материалдық-техникалық база­сының сапасын көтеру жұмыстарын, респуб­ликалық мекемелер деңгейінде атқары­ла­тын жұмыстармен бірге, мектеп, аудан және облыстық мекемелердің ішкі резервтерін пайдалана отырып көте­руге бо­латыны анықталды. Осы идея­ның дұрыс­тығын анықтау мақсатында Түркістан облысы мектептерінде көлемді эксперимент жүргізілді. Оған орта есеппен әр сыныптан 800-дей бала қатысты. Жүргізілген эксперимент негізінде идеяның дұрыстығы толық дәлелденді. Ішкі резервтерді пайдалана отырып білім сапасын көтеру жұмыстары 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейін ғылыми негізде жүйелі түрде жүргізілетін болса, онда оқушылардың білім сапасын орта есеппен 60-80 пайызға дейін көтере аламыз.

Орта білім беру сапасын көтеру үшін алдағы уақытта бірнеше бағытта жұмыс жүргізу керек. Алдымен 12 жылдық мектепке көшу мақсатында шамамен 15 жылға арналған көлемді білім беру реформасын жүзеге асырған абзал. Басты мақсат – «Білім – білік – дағды» парадигмасынан оқушылардың құзыреттілігін қалыптастыратын нәтижеге бағдарланған білім беру парадигмасына өту. Алдымен осы парадигма негізінде ұзақ жыл бойы нәтижелі жұмыс істеп жүрген елдердің тәжірибесін мұқият зерттеп, өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып, отандық білім беру мазмұнын жасау керек. Отандық ғалымдар мен ұстаздардың жаңа білім мазмұнын жасау тәжірибесінің жоқ екенін ескере отырып, кем дегенде үш елдің білім беру жүйесін мұқият зерттеу қажет. Жапония, Шанхай провинциясын және Балтық бойы елдерінің бірін қарастыруды ұсынамыз. Барлық зерттеу орта білім сапасын көтерудің 8 құраушысы бойынша жүргізілуі қажет. Осындай зерттеулер негізінде 12 жылдық мектептің тұжырымдамасы мен оған өтудің кешенді жұмыс жоспарын жасаған жөн. Бұл жұмыстың аса күрделі екенін ескере отырып, әр оқу жылында 12 жылдық мектеп бағдарламасы­на 1-сыныптан өтуді жоспарлаған дұ­рыс. Бұдан кейін Түркістан облысында жүргізілген экспериментті жалғастыру қажет. Оған қатысқан және қатыспа­ған сынып оқушыларының арасын­да­ғы білім сапасы 4,5 пайыздан 9,5 па­йыз­ға дейін көтерілді. Қазіргі уақыттағы негізгі мәселелердің бірі – мектептегі ұстаздардың кәсіби құзыретін көтеру. 2019 жылы Түркістан облысының мек­тептерінде 62 мыңнан астам мұғалім еңбек еткен, сол мұғалімдердің 60 па­йызы сырттай оқыған, 70 пайызы жеке­меншік оқу орындарында білім алған. Сонымен қатар педагогтер аттестациядан өткенде негізгі көрсеткіш ретінде олар оқытқан оқушылардың алған білімі­нің сапасын ескеру маңызды. Оқушылар­ға ұлттық рухани-адамгершілік тәрбие беру жұмыстарын жетілдіру де – уақыт күттірмейтін іс.

 

Әңгімелескен –

Фархат ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»