Экология • 09 Қаңтар, 2024

Табиғатты бүлдірушілерге тосқауыл керек

1172 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Атырау – табиғаты қатал, шөлейтті аймақтың бірі. Оның үстіне ауасы жиі ластанады. Тіпті қыста қар, табиғаттың өзге мезгілінде жаңбыр аз жауады. Аптап ыстығы тағы бар. Ал екпінді жел соқса далада да, ауыл мен қалада да ала дауыл жиі көтеріледі.

Табиғатты бүлдірушілерге тосқауыл керек

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Шындығында, мұнайлы шаһарды да, аудандарды да шаң басатын сәт жиілеп тұр. Мұның себебін жасыл желектің аз­дығынан іздеген жөн. Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұр­лан Жантоқовтың мәліметінше, елді ме­кен­дерді көгалдандыру мен жасыл бел­деу құрудың 2021-2025 жылдарға арнал­ған өңірлік жоспары жасақталған. Сол жос­парға сәйкес 275 гектар аумаққа 540 мың көшет егу көзделген. Биыл 54,7 гектарға 111 мың 42 көшет егу жоспарланғанымен, бұл межені бағындыру оңай болмай тұр. Бұған көктемгі маусымда 18 гектарға ­19 500 көшет егілгені дәлел.

«Арнайы жасақталған жоспар бойынша бес жылда 2 803 гектар орман алқабына 7 млн көшет егу көзделіп отыр. Биыл 573,5 гектар жерге 1 млн 439 мың көшет егу жоспарланған еді. Көктемгі мезгілде 361,5 гектар жерге 931 мың көшет егілді. Бұл жұмыс әлі жалғасын табады», дейді Н.Жантоқов.

Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиевтің пікірінше, экологияның на­шар­лауына мұнай-газ өнер­кәсібінің кең қанат жайғаны себеп болуы мүмкін. Қазір бұл салада өндіріс орындары көбейіп отыр. Бұл қоршаған ортаның ластануына әсерін тигізетіні даусыз.

«Өңір тұрғындарын қор­шаған ортаның жиі бүлі­не­тіні толғандырады. Ат­мос­­фералық ауаның ластан­ға­нына алаңдайды. Сол себеп­тен Атырау облысының эко­логиясын жақсарту мақ­са­тында бірқатар іс-шара қол­ға алынды. Оның ішінде кли­маттың өзгеру әсерін талдау және тұрақты стратегия­ларды құру жолдарын табу бар. Университеттердің рө­лін арттырып, қоршаған ортаны қорғауды насихаттау, тұрақты технологияларды да­мыту бағытын ұстанған білім беру мекемелеріне қол­­дау көр­сетіледі. Кли­мат­­­­тық инновация­лар бо­йын­­ша көміртегіні азайтуға кө­мек­те­сетін озық техноло­гия­­лар мен инновация­лық ше­­шім­дерді енгізу мәсе­ле­сі көз­делген», дейді Ж.Бисем­биев.

Оның айтуынша, Пре­зи­денттің көмір­тегі бейта­рап­тылығына қол жеткізу үшін 2030 жылға қарай парниктік газдардың шы­ғарындысын 15 пайызға азайту жө­нін­­дегі тапсырмасына сәйкес табиғи ре­сурс­­­тарды тиімді пайдалану мәселесіне тү­­бегейлі бет­бұрыс жасау көзделіп отыр. Осыған орай өңірдегі бірін­ші санат­ты ірі кәсіпорындар­мен бірлесіп, шығынды­лар­ды азайту жөнінде арнайы жос­­пар қа­былданыпты. Ен­ді алдағы жылы ар­найы авто­маттандырылған мониторинг жүйесі іске қосылады. Мо­ни­торинг ар­қылы кәсіп­орындардың қоршаған ортаға қан­дай зиянды шығарынды жіберетінін элек­тронды түр­де бақылауға болады. Бұл – қор­­шаған орта тазалығын жедел басқару түрі.

Алайда жаңа әдіс табиғат­қа ата жауын­дай тағылық жасайтын кәсіпорындарға тос­қа­уыл бола ала ма? Әрине, бұл әдістің тиімділігі жөнінде нақ­ты байлам жасауға ерте­рек болар. Бәріне уақыт төреші ­десек те, облыстық прокуратура мен экология департаментінің мамандары қоршаған орта­ны қорғау заңдылығын өрес­кел бұзатындарды әлсін-әл­сін анықтап отыр. Бір өкі­ніштісі, табиғатты мұнай қал­­дығымен, өзге де зиян­ды зат­тармен лас­тауды тоқ­тат­пағандар салынған айып­пұлды шыбын шаққан құр­лы көрер емес. Мәселен, Аты­рау облыстық прокура­турасы баспасөз қызметінің ақ­па­ратына қарағанда, жа­қында қауіпті қалдықтар ай­на­лымы саласындағы заң­­ды­лық­тың сақталуына талдау жүргізілген. Тал­дау нәти­жесімен «Oxygenator» ЖШС-ның «Сағыз» полиго­нында 13 мың 108 тонна мұ­най қалдығын рұқсатсыз жи­нақтағаны анықталып отыр.

«Бұл – Доссор кентінде тұратын 20 мыңнан аса тұр­ғынның денсаулығына тіке­лей әсер ететін өрескел дерек. Полигон аумағында мұ­най шламдарын қайта өңдеу бойынша тиісті жабдық болма­ған. Соған қарамастан, серіктес­тік 2022-2023 жылдары мұ­най компанияларына қыз­мет көр­сетуді жалғастырып келген. Осыған байланысты Атырау облысының прокуратурасы уәкілетті органға тексеру жүргізуді тапсырды. Тексерудің қорытындысы­мен серіктестікке Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бө­лігімен (Қоршаған ортаға жол берілетін антропоген­дік әсер ету нормативтерін бұзу) әкімшілік хаттама жа­сақталды. Аты­рау қаласы­ның әкімшілік құқық бұзу­­шы­лықтар жөніндегі маман­дан­дырылған сотының қаулы­сымен серіктестікке 37,4 млрд теңге көлемінде айыппұл са­лынды», деп ақпарат таратты прокуратураның баспасөз қызметі.

Қалай десек те, атырау­лықтар жұтар ауаның таза болғанын аңсайды. Бірақ тұрғындар көкейіндегі түйт­кілдің түйіні әзір тарқатылмай отыр. Ал оның тиімді тетігін кім ұсынады?

 

Атырау облысы