Экология • 08 Қаңтар, 2024

Аралды құтқарудың бүгінгі амалы

263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2024 жылдан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақ еліне өтті. Алдағы үш жыл бойы еліміз аталған ұйымды басқарады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды.

Аралды құтқарудың бүгінгі амалы

Құрамына Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан кіретін Ха­лық­аралық Аралды құтқару қоры Арал теңізін сақтауға және өңір­дің экологиялық жағдайын жақ­сар­туға, сондай-ақ жалпы әлеуметтік-экологиялық проблемаларды шешуге бағытталған бірлескен мемле­кетаралық экологиялық және ғы­лыми-практикалық бағдарламалар мен жобаларды іске асырумен айналысады.

«Біз Орталық Азия мемле­кет­терімен, сондай-ақ басқа да халық­аралық ұйымдармен және қаржы инс­титуттарымен ынтымақтастық­ты арт­тыруды көздейміз. Биыл біз Дүниежүзілік банкпен бірге жүзеге асырылып жатқан Солтүстік Аралды сақтау жобасының екінші кезеңін бастауды жоспарлап отырмыз. Арал теңізін құтқару – ХАҚҚ-ға қа­тысушы барлық елдің бірлескен күш-жігері арқылы ғана орындалатын міндет. Алдағы үш жылда біз осы бағытта маңызды нәтижелерге қол жеткі­зу­ге ниеттіміз», деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

1993 жылдың 26 наурызында ХАҚҚ құрылтайшылары – Орта­лық Азия елдерінің басшылары Қы­зыл­орда қаласында саммитте бас қосып, Арал теңізі және оның ма­ңын­дағы экологиялық аймақтың әлеу­меттік-экономикалық дамуын қам­тамасыз ету мәселелерін шешуде бірлесе қызмет ету туралы мәлімдеме қабылдады. Арал дағдарысы салдарларымен күресті Халықаралық Аралды құтқару қоры үйлестіріп отырады. БҰҰ-ның Даму бағдарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік банк, Азия даму банкі, ТАСИС ұйымдарымен, сонымен қатар Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, АҚШ, Швейцария, Швеция және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге оты­рып, ХАҚҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді.