Республикалық маңызы бар автожолдарды қысқы жағдайда күтіп-ұстау үшін үлкен күш жұмылдырылады. Жалпы ұзындығы 25 мың шақырымға жуықтайтын республикалық маңызы бар автожолдар қаһарлы қыс маусымындағы күтіммен толық қамтылған. Оның 21 мың шақырымын «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторы өз бақылауында ұстап отырса, 4 мың шақырымын мердігерлік ұйымдар ауыспалы қайта жаңарту және күрделі жөндеу нысандарында тиісті жұмыстарын күнделікті атқарып келеді.
Биылғы қыс айларына 515 өндірістік база дайындалған екен. Оның 121-і – төтенше жағдайлар туындаған кезде қажетті жұмыстарды ұйымдастыруға арналған жылыту пункттері. Бұлармен бірге 182 гараж бен автотұрақ, сондай-ақ 91 материалдық қойма толықтай дайындыққа келтірілген.
Өндірістік базаларда көктайғаққа қарсы материалдардың қажетті мөлшері бар. Олар аязды әрі боранды маусымға жеткілікті. Атап айтқанда, күн сайын күтіп-ұстау және көктайғаққа қарсы пайдаланылатын 94 мың текше метр құм, 26 мың тонна тұз, 33 мың текше метр себінді, 25 мың текше метр құм-тұз қоспасы және 800 тонна химиялық реагент пайдалануға дайын тұр.
Негізі автожолдарды қыста күтіп-ұстау үшін 1 114 бірлік қар тазалау техникасы дайын тұр. Мұнымен бірге күтпеген қиындықтар туып, төтенше жағдай орын алса, жалдау негізінде қосымша 118 бірлік техника тағы да қосымша тартылады.
Жолдың техника паркін мейлінше жарақтандыру үшін «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторымен 379 бірлік жаңа жол-пайдалану техникасы сатып алынды («ӨДҚ» АҚ кредиттеу есебінен 245 бірлік, амортизациялық аударымдар есебінен 109 бірлік және жол ақысы есебінен 25 бірлік), оның ішінде ағымдағы қысқы кезеңде іске қосылатын 346 қар тазалау техникасы бар.
Қар басатын учаскелердің жалпы ұзындығы – 2,7 мың шақырым. Қар ұстау мақсатында ең көп қар басатын учаскелерде 364 километрлік стационарлық қоршаулар орнатылды. Сонымен қатар қысқы күтім аясында 4 328 дана уақытша жол белгілері (тайғақ жол, максималды жылдамдықты шектеу) және қажетті тұстарға уақытша қар ұстайтын қалқандар тұрғызылған.
Қыс маусымы басталмай тұрып облыстық филиалдардың жауапты басшылары мен қызметкерлері («ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ және «ҚАЖсервис» ЖШС) және қажетті техника саны (шамамен 500 бірлік) бекітілгені белгілі. Ал орын алған жағдайды үнемі мониторингтеу және бағалау үшін Көлік министрлігінің тәулік бойғы ахуалдық орталығы және «ҚазАвтоЖол» ұлттық операторының 1 403 диспетчерлік қызметі жұмыс істеп тұр.
Штаттан тыс жағдайларда жедел әрекет ету үшін, жол пайдаланушыларының қатысуымен танымал мессенджерлерде, телеграм арналарында, Whatsapp топтары құрылған. Кез келген жағдайда қиындыққа тап болған әрбір азамат осынау тиімді қызметті пайдалана алады. Яғни 1403 жол қызметіне жүгінген кезде автокөлік құралдарына тиісті көмек көрсету бойынша дереу шаралар қабылданады.
Сондай-ақ ТЖД және әкімшілік полиция бөлімшелерімен үйлесімді өзара іс-қимыл қамтамасыз етілді және қозғалысты уақытша шектеу қағидаларына және төтенше жағдайлар кезіндегі өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес қолайсыз ауа райы жағдайларында бірлескен шаралар («ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ, ТЖД, ПД және «ҚАЖсервис» ЖШС филиалдары) қабылданып жатыр.
Астанада да қыс мезгілі көптеген қиындық туып жататыны мәлім. Әйтсе де сала мамандары төтеннен туындаған қиындықтарды дер кезінде еңсеріп келеді. Бүгінде салаға негізгі жауапты мекеме «Астана тазалық» қарды жинау және шығару жұмыстарын тәулік бойы жүргізіп жатыр.
Қысқы маусымда бір ауысымда мамандандырылған техниканың жалпы саны 400 бірліктен асатын көрінеді. Сондай-ақ қысқы мезгілде елорда жолдарында 540-тан астам жүргізуші мен 390-ның үстінде жұмысшы жұмыс атқарып жүр. Ал қалың қар жауған кезде мердігерлік ұйымдардың 250 бірлік дейін техникасы қосымша жұмысқа тартылады.
Сондай-ақ көктайғақтың алдын алу үшін 10 5003 құм-тұз қоспасы, 590 тонна көктайғаққа қарсы реагент, 3000 тонна техникалық тұз қолданылады.