Қоғам • 11 Қаңтар, 2024

Ауру малдың етін сату – қылмыс

102 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өткен жылғы жазда «сібір жарасы» дертінің ушығып кеткенін, салдарынан 32 адам сырқаттанғанын айтқан еді. Одан кейін де жағдай едәуір өзгерген еді. Дерекке жүгінсек, өткен жылдың он айында «сібір жарасының» расталған 37 дерек тіркеліпті. Тіпті қазан айында «сібір жарасын» жұқтырған бір азамат бақилық болған.

Ауру малдың етін сату – қылмыс

ФОТО: aqmeshit-aptalygy.kz

«Бір ерекшелігі «сібір жарасы» адамнан адамға жұқпайды. Бұл – зоноздық инфекция, ол табиғатта бұрыннан бар. Жалпы, жануарлар түрлі аурумен ауыр­мауы үшін олар жыл сайын вакцинациялануы керек. Барлық дерт жеке шаруашылықта тір­келді. Олардың мал-мүлкіне вак­ци­нация жасалмаған», деген министр­дің сөзінен көп дүниені аң­ғаруға болады. Төрт түлік ба­ғып отырған азаматтардың мал­ға дер кезінде екпе салдыруға келгенде кежегесі кейін тар­туының салдарынан адамдар зар­дап шегіп жатыр.

Айдың күннің аманында кәсіпкер ауру мал сатады деп кім ойлаған? Өкінішке қарай, мұн­дай дерек тіркеліп отыр. Иә, Жам­был облысында «сібір жарасы» дертіне шалдыққан малдың еті сатылған. Салдарынан ауру мал­дың етін тұтынған азамат сыр­қаттанып қалған. Бұл ақпаратты облыстық сот та растады.

Шыны керек, «сібір жарасы» дертінің ошағы жылда анықталып жатады. Өткен жылдың жаз мезгілінде Талас ауданына қарасты Тамды ауылы екі аптаға карантинге жабылып, жауапты мекемелер тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілген болатын.

Жуалы ауданына қарасты Көлтоған ауылының азаматы қа­уіпті дертті жұқтырғаны мәлім болған. Қатерлі кесел айнал­дырған бірнеше адам аурухана төсегіне таңылып, олармен бай­ланыста болған ондаған жан мамандардың қатысуымен тексеруден өткен еді.

Нақты дерекке көз жүгіртсек, кәсіпкер өткен жылдың тамыз айында «сібір жарасы» дер­ті­мен ауырған малдың етін тұ­тынушыға өткерген көрінеді. Ал ауру малдың етін жеген азамат зардабын тартқан.

Облыстық соттың ресми сайтындағы хабарламаға көз жүгіртсек, таластық жеке кәсіп­керге қатысты әкімшілік іс қа­ралыпты. Ауру малдың етін сат­қан ер-азаматқа ӘҚБтК-нің 425-бабының 2-бөлігі «Ха­лықтың сантариялық-эпи­де­миологиялық саламат­тылығы саласындағы заңнама талаптарын бұзу» дерегі бойынша айып тағылған. Кәсіпкер сот залында өз кінәсін толықтай мойындаған.

«Талас аудандық сотымен ӘҚБтК-нің 425-бабы 2-бөлігі бо­йын­ша жеке кәсіпкер С-ға қатысты әкімшілік іс қаралды. Сотта С. өз кінәсін толығымен мойындады. Сот қаулысымен кәсіпкер С. ӘҚБтК-нің 425-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 1 млн теңгеден аса сомада айыппұл салынды», делінген ресми хабарламада.

Ресми дерек өткен жыл­дың он айында 37 дерек тір­келгенін алға тартса, оның 19-ы Жамбыл облысында анық­талыпты.

«Сібір жарасы» кеселі жам­былдықтардың талай жыл­дан бергі бас ауруына айналғаны бел­гілі. Өкінішке қарай, тір­кел­­ген деректер саны азаяр емес. Министрдің өзі қауіпті ке­­­селдің жеке шаруа­шы­лық­тар­да тіркелгенін, малдың вак­ци­на­цияланбағанын жайып сал­ғаны күні кеше ғана. Керек дерекке көз жүгірту арқылы ау­дан­дар­дағы жергілікті атқа­рушы би­ліктің жеке шаруашылықтарға толыққанды бақылау орната алмай отырғанын аңғаруға болатын секілді. Олай болмаған жағдайда ауру мал сойылып, оның еті сатылмас еді ғой.

 

Жамбыл облысы