Спорт • 14 Қаңтар, 2024

Дубайды дүбірлеткен дүлдүл

1475 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

12 қаңтарда Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен беделді бәйгеде отандық тұлпар топ жарды. Дубайды дүбірлеткен дүлдүлдің ныспысы – «Кәбірхан».

Дубайды дүбірлеткен дүлдүл

2 мың метрлік қашықтыққа қатысқан 13 жылқының ішінен шабандоз Пэт Доббс мінген «Кәбірхан» мәре сызығын бірінші болып кесті. Жанкүйерлер әлеуметтік желілерге сәйгүліктің жеңіске жеткен сәтінен видео жариялады. «Қазақстандық жылқы – «Кәбірхан» Дубайда өткен әлемдік турнирде алғаш рет жеңіске жетті. Бұл – сенсация», деп жазды видео авторы.

Дүлдүлдің иесі Тілек Мұхам­бет­қалиевтің ат спортымен айналысып келе жатқанына бес жылдан асыпты. «Дубайда жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Қуаны­шымызға ел тұр­­ған­дары ғана емес, еу­ропалықтар да ортақ­тасып жатыр. Бұл Қазақстанның ат спорты тарихындағы үлкен жетістік. Дода бас­талардан үш күн бұрын бук­ме­керлер біздің сәйгүлік үшінші орын алады деп болжам жасады. Бірақ жарыс басталар сәтте бәрі де өзгеріп сала берді – «Кәбірхан» фаворит атанды», дейді ол.

Белгілі болғандай, «Кәбірхан» АҚШ-та туған. 2021 жылы иесі 12 мың долларға сатып әкеліпті. Тұқы­мы – таза ағылшын. Ол Дубайдағы тарихи жеңісіне дейін Қазақстан мен Ресейдегі түрлі додаларда топ жар­ған. Иесі оны алдағы уақытта АҚШ пен Ұлыбританияда өтетін жарыс­тарға апаруды жоспарлап отыр.

Айтпақшы, сәйгүлік екі апталық де­малыстан кейін Al Maktoum Challenge додасының екінші кезеңіне қа­тысады.