Әлем • 15 Қаңтар, 2024

Тайвань тағына талас

189 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен сенбі күні Тайваньда Президент сайлауы өтті. Елдегі саяси додаға үш үміткер қатысты. Қай-қайсы да билік тізгінін қолына алуға барын салды. Тартысқа толы сайлауда Лай Циндэ көпшілік дауыспен жеңіске жетті.

Тайвань тағына талас

ФОТО: stan.kz

Тайваньның бұған дейінгі президенті Цай Инвэнь осыған дейін екі рет сайланғандықтан, биылғы додаға қатыса алған жоқ. Сол себепті Цай ханым өзінің орнын «Демократиялық прог­рес­сивті партиядағы» жақ­­­тасы, вице-президент Лай Циндэге берді. Дауыс беру нәти­жесінде, Лай мырза 40 па­йыздан астам дауыс жинады. Ол 2023 жылы партия төрағасы міндетіне кіріс­кен-ді. Енді ел тізгінін қолына ұстап отыр. Осы орайда айта кет­кен жөн. Тайвань 1996 жылы демократиялық жолды таң­да­ған­нан кейін алғаш рет елде бір партия өкілі қатарынан үшін­ші рет президент лауазымына кірісіп отыр.

Бұдан бөлек, сайлауға Кэ Вэньчжэ (Тайвань ұлттық пар­­тия­сы) мен Хоу Юи (Го­миньдан) қатысты. Тиісінше, олар 33,49 және 26,46 па­йыз дауыс жинады. Хоу Юи же­ңіл­генін мойындап, Лайды жеңі­сі­мен құттықтады. Сондай-ақ жақтастарынан Демо­кра­тия­лық прогрессивті партияға тос­қауыл бола алмағаны үшін ке­шірім сұрады. Ко Вэньчжэ де жеңілгенін мәлімдеді.

«Мен Тайвань халқына де­мо­кра­тиямыздың жаңа тарауын жазғаны үшін алғыс айтқым ке­леді», деді Лай Циндэ жеңіске жет­кені белгілі болғаннан кейін. Сондай-ақ қарсыластарын же­ңіліске ұшырағанын мойын­дағанына ризалығын біл­дірді. «Біз халықаралық қоғам­дас­тық­­қа демократия мен авто­ри­та­ризмнің ішінен алғаш­қы­сын таң­дағанымызды ашық мәлім­дей­мін», деді.

Қытаймен сындарлы және конструктивті диалог жүр­гізуден үміттенетінін жет­кіз­ді. Тарап­тар­дың қадір-қасиет пен теңдік ұстанымын қол­дай отырып, келіссөздер жүр­гізгісі келетінін қайталады. Де­генмен Қытайдың қыты­ғына тиетін сөз айтып қал­ды. Мәселен, халықтың сырт­қы күштердің ықпалына ұшыра­ма­ғанын, лайық қарсылық таныта білгеніне назар аударды. Бейбітшілікті жақтайтынын және Бейжіңмен шартты түрде ара­ла­су­ға ашық екенін, сонымен б­ірге елдің қорғанысын күшей­туге уәде берді.

Естеріңізге сала кетсек, Тай­вань – БҰҰ тарапынан мо­йын­дал­маған мемлекет. Заң жүзін­де Қытайдың меншігі саналады, бірақ іс жүзінде тәуелсіз ел. Қы­тай билігі әлі күнге дейін Тай­ваньды өз аймағы санайды. Сол себепті «бір ел – екі жүйе» бастамасын қолдауды көздейді. Бірақ тайваньдықтар мұндай жобаға мүлдем қарсы.

Жер-жаһандағы небәрі 15 ел ғана Тайваньнның тәуелсіздігін мойындаған. Оның көбі – Тувалу, Па­лау секілді Тынық мұхи­­тын­­­дағы аралдарда орна­лас­қан шағын мемлекеттер. Әлемдік аре­нада ықпалы бар бірде-бір ел Тайваньнның егемендігін таны­ған жоқ. Тіпті, аталған елдің тағ­­дырына алаңдайтын АҚШ та оларды азат ел деп есептеген емес. Тайвань мәселесін жиі кө­те­­ретін Еуропалық одақ елде­рі де оны тәуелсіз ел деп санамай­ды.

Лай мырзаның сайлауда жеңіске жетуіне қатысты пі­кір білдірген Қытайдың Ұлы­британиядағы елшілігі Тайвань­дағы сайлау жергілікті және өз елінің ішкі істері екенін жет­кізді. «Нәтижеге қарамастан, Тайвань – Қытайдың бір бөлігі болып қала береді. Әлемде бір ғана Қытай бар деген негізгі фактіні өзгертпейді», деді елші­лік­тің баспасөз хатшысы.

Қытайдың Тайвань істері кеңсесінің өкілі Чен Бинхуа Синьхуа мемлекеттік ақпарат агенттігіне берген сұхбатында Тайвань Қытайға тиесілі екенін мәлімдеген. «Тайвань мәселесін шешуге, «біріктіруді» жүзеге асыруға қатысты ұстанымымыз тұрақты. Шешіміміз берік», де­лінген хабарламада. Мәлім­демеде Қытайдың бір Қытай принципін ұстанатыны және «Тайвань тәуелсіздігіне» бағыт­тал­ған сепаратистік әрекеттерге, сондай-ақ «шетелдік араласуға» табанды түрде қарсы тұратыны жа­зылған.

Сарапшылардың айтуынша, Лай Циндэ мырзаның президент болып сайлануы Тайваньдағы ахуалды ушықтыруы мүмкін. Біріншіден, Бейжің билігі оны мүлдем жақтырмайды. Мәселен, Лай Циндэні азаттықты а­ңсай­тын саясаткер санайтынын талай мәрте ымдап та, тікелей де жет­­­кізген. Қытайдың мұн­дай пікір білдіруі бекер емес. Жаңа сайланған президент 2017 жыл­ғы сөздерінің бірінде Тай­вань азаттығын ұран еткенін ашық айтқан-ды. Бұл сөз Бейжің билі­гі­нің қытығына тигені анық. Тіпті, Қытай басшысы Си Цзинь­пин 2021 жылы оның есімін атамаса да, әбден сынға алды.

Екіншіден, Л.Циндэнің ұлық­тау рәсімі 20 мамырға бел­­гі­ленген. Са­рапшылар алда­ғы төрт айда аралдағы саяси градус көтеріліп кетуі мүмкін екенін алға тартады. Сайлау алдында Қытай тарапы Тайваньға шпион­­дық әуе шарларын жі­бер­ген көрінеді. Сондай-ақ сау­да мәселесінде де Бейжің ай­тар­­лықтай қысым көрсетуге көшті. Тайвань билігінің мәлі­метіне сүйенсек, елдің Қытай мен Гонконгқа экспорты былтыр 2022 жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға төмендеген.  Ке­рісінше, Тайваньнның АҚШ пен Еуропаға экспорты 1,6 пайызға және 2,9 пайызға өсіп, рекордтық деңгейге жетті. Қытайдың қи­саюы билікті жаңа­дан қолына алған­дарға ұнауы екіталай. Ендігі мәселе жаңа президенттің қандай қадам жасайтынына байланысты.

Үшіншіден, президент сайлауымен бірге Тайваньда жалпы сайлау да өтті. «Демократиялық про­грессивті партия» мемлекет басшысын анықтауда оза шап­қанымен, депутаттарды анық­тауда есе жіберіп қойды. Нә­ти­жесінде, «Құқықтық Юань­да» небәрі 51 мандат иелен­ді. «Гоминьданға» 52 орын бұйыр­ды. «Тайвань ұлттық партиясы» 8 депутатпен шектелді.

Парламентті жеке-дара бас­қару үшін кез келген партияға көп­шілік 57 мандат керек. Бірақ додаға түскендердің бірде-бірі бұл межеден аспағандықтан, коалиция құрылатыны түсінікті. Ендеше, Қытайға бүйрегі бұра­тын «Тайвань ұлттық партиясы» азаттықты аңсайтын «Демо­кра­тия­лық прогрессивті партиямен» тізе қосуы екіталай. Демек, Л.Циндэні алда үлкен сынақ күтіп тұр.

«Парламенттің бөлінуі қор­ғаныс саласына жағымсыз әсер етуі мүмкін. «Гоминьдан» қор­ға­ныс шығындарын бұғаттай алатынын бұған дейін дәлелдеп үлгерді. «Тайвань ұлттық партиясы» да бұған күш салып, демократ әріптестеріне барынша кедергі келтіруге тырысып, ахуа­лы күр­де­лендіруге қауқарлы», дейді Азия-Тынық мұхиты тұ­рақ­­тылық және инновациялар орталығы төра­ғасы Сяру Ширли Лин.

Тайваньда батысшыл демо­краттың билікке келуі Қытай мен АҚШ арасына қайтадан сына қағуы да ықтимал. Бұған дейін әлемнің екі алпауыт елі талай мәселеде сөзбен шекісіп, сау­да соғысын күшейткені мәлім. Бірақ Ақ үй тізгінін Джо Байден ұстағалы екіжақты қарым-қа­тынас біршама жақсарған-ды. Ендігі бүкіл мәселе жаңа прези­денттің қабылдайтын қадам­дарына байланысты.