Халықтың көкейінен шықты
Спикерлер «Egemen Qazaqstan» газетіне берген осындай ақпараттық және мазмұнды сұхбаты үшін Мемлекет басшысына алғыстарын білдірді. Олар оны прогрессивті ұлтты дамыту мен нығайтудағы маңызды қадам деп таныды және сұхбаттарда айтылған, ұсынылған идеялар мен даму жолдарына қолдау білдірді. Қазақстан Азаматтық альянсының президенті Бану Нұрғазиеваның модераторлығымен өткен дөңгелек үстелде экономика, саясат, қоғамдық даму, ұлттық мәдениет және басқа да мәселелер мұқият қаралып, талқыланды.
«Мемлекет басшысының нақты да ашық жауаптары қоғамда кең қызығушылық тудырды. Әркім өзін мазалап жүрген сауалдарға жауап ала алды деп есептеймін. Бүгінгі дөңгелек үстеліміздің тақырыбы – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы және әділетті Қазақстан қағидаттарын іске асыру». Өздеріңізге мәлім, аталған тұжырымдама 2019 жылы алғаш рет жарияланды. Қазір бұл өз нәтижесін бере бастады.
Кейінгі бірнеше жылда елімізде түрлі жағдай болды. Мемлекет басшысы сұхбатында бұл мәселелерге де ерекше тоқталып өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев Президент міндетін атқаруға кіріскен алғашқы күннен бастап қарапайым азаматтардың құқығын қорғауға басымдық берді. Халықты толғандырып жүрген мәселелерді көтерді. Соның ішінде, жемқорлықпен күресуге айрықша мән беріп, биліктің шоғырлануы, санаулы адамның ғана байып, халықтың негізгі бөлігінің кедейлікке ұшырауына тосқауыл қоюға тырысты. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында қамтылған», деді жиынды ашқан Б.Нұрғазиева.
Спикердің айтуынша, Мемлекет басшысы өз сұхбатында Қаңтар оқиғасына себеп болған мәселелерге ерекше тоқталған. Осы орайда, альянс басшысы қасіретті кезең елдің түбегейлі өзгеруіне ықпал еткенін атап өтті.
«Бүкіл әлеуметтік, экономикалық ахуал түбегейлі өзгерді. Қоғамымыздың да алға қадам басқанына куә болып отырмыз. Халқымыз Мемлекет басшысына сенеді. Азаматтық альянс басшысы ретінде күн сайын қоғам өкілдері тарапынан осындай пікірлерді естимін. Әлі де атқаратын жұмыс шашетектен. Мемлекеттік мекемелер жүйесі аталған тұжырымдаманың іргетасына айналуға тиіс», деді Б.Нұрғазиева.
Бұдан кейін сөзді Мәжіліс депутаты Марат Башимов алды. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы ел тізгінін қолға алғалы бері азаматтық қоғамға иек артып келеді. Бұған дәлел ретінде спикер Ұлттық кеңестің құрылуын алға тартты.
«Сұхбатта Президент елдегі екі билік туралы айтуы мен үшін маңызды. Қазақстанда Конституция үстемдігі бірінші орында тұр. Онда бәрі анық жазылған. Биліктің үш тармағы бар, оның үстінде Мемлекет басшысы өзінің құзыреті аясында Қауіпсіздік кеңесін құрады. Яғни бұл консультативті мекеме ғана болуға тиіс. Осы орайда, күштік құрылымдар Конституция бойынша Президентке бағынуы керек. Ал олар әрлі-берлі жүгіріп жүрді. Қаңтар оқиғасының орын алуына бір себеп те осы. Елімізде Конституция бірінші орында тұрғанда ғана Президент өз құзыретін орындайды. Басқа мемлекеттік мекемелер өз міндетін атқарады. Сонда ғана әділетті Қазақстан қағидаты жүзеге асады», деді М.Башимов.
Депутат өз сөзінде азаматтық қоғамның өзгеріп келе жатқанына назар аударды. Мәселен, қазіргі таңда YouTube желісінде көп канал ашылып, қоғам пікірі ашық талқыланады.
«Қазіргі таңда Парламенттің рөлі түбегейлі өзгерді. Тиімді бақылау құралы ретінде қызмет етеді. Мен халықаралық құқық бойынша маманмын. Сөйте тұра, күн сайын құқықтық саланың басқа 30 бағыты бойынша терең ізденуге тура келеді. Күн сайын жаңа нәрсе үйренеміз. Себебі жауапкершілікті сезінеміз. Өйткені заң қабылданғанда оның мүлтіксіздігіне мән беруге тиіспіз. Осы уақытқа дейін олигархтарды қорғап, қарапайым жұмысшының құқығын бұзатын заң нормалары талай мәрте қабылданды», деді М.Башимов.
Марат Советұлының айтуынша, заң үстемдігіне қол жеткізу үшін азаматтық қоғам өкілдерінің көмегіне жүгіну қажет. Қоғамдық бақылау ғана мемлекеттің дамуына, алға жылжуына жол ашпақ.
Атқарылған жұмыстың есебі
Келесі кезекте сөзді Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы Зұлфұхар Ғаипов алды. Баяндамашының пайымдауынша, Мемлекет басшысының «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруінің мәні ерекше. Бұл Президенттің ел тізгінін қолға ұстағалы бес жылда атқарған жұмысының есебі іспетті екенін жеткізді.
«Президент 2019 жылдан бастап бәрін саралап шықты. Қазір әділетті қоғам туралы көп айтып жүр. Әділетті қоғам Қаңтар оқиғасынан кейін болған секілді көрінеді. Бірақ естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2019 жылғы сайлауалды бағдарламасында әділетті қоғам орнату туралы алғаш рет мәлімдеген-тұғын. Яғни бұл Қаңтар оқиғасынан кейін ғана шыққан жоқ. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, Президент сұхбатында келесі ұнамды тұсы мынау. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың бірінші және екінші отырысында сұхбатта айтылған бірқатар мәселені көтерген еді. Соның ішінде кадр мәселесіне де назар аударды. Ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге шақырды», деді З.Ғаипов.
Осы орайда спикер тағы бір маңызды жағдайға назар аударды. Бұған дейін ел басшысы Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтағанда қолына шарап ұстап тұратынына тоқталып, биыл гимн орындалғанына екпін берді.
«Мемлекет басшысы Түркістанда «Адал азамат» деген тұжырымдама ұсынды. Бұл – бұрын-соңды айтылмаған мәселе. Адал еңбек, әділетті қоғам, адал азамат – елді дамытатын үш триада. Әрқайсымыз ардың, Отанның, қоғамның алдында адал болсақ, міндетті түрде әділетті қоғам орнайды. Осы жағынан қарағанда, Президент сұхбатында адал азамат, әділетті қоғам тұжырымдамасына ерекше тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылыққа қатысты да ой қозғап, былай деді. «Жаңа жыл – әрине, күнтізбенің жаңа парағын ашатын маңызды меже. Осы сәтте өткен жылды қорытындылап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы», деді. Яғни Мемлекет басшысы осындай ұлттық құндылықтарға үлкен мән береді деп толық сеніммен айта аламыз», деді З.Ғаипов.
Қоғамдық кеңес төрағасы сонымен қатар Президенттің «обал» ұғымын да қолданғанына ерекше екпін қойды. Осы орайда, Қазақстанның әрбір азаматы обалды, адалдықты, әділетті түсініп өссе, алға қойған мақсатымызға жетуге мүмкіндік мол екенін жеткізді. Сондай-ақ өткен жыл еліміз үшін қиын болса да, мемлекетке 13 миллиард доллар инвестиция келгенін және бұл жаңа бастамаларға бағдар екеніне тоқталды.
«Президенттің «Мен қарапайым халыққа қызмет ететін менеджермін» деген сөзі бар. 2022 жылы наурыз айындағы Жолдауында «Мен жарқын болашақта осыдан 50 жылдан кейін емес, қазір бақытты өмір сүргенін қалаймын» деп ашық айтты. Осының бәрі Президентіміздің ішкі және сыртқы саясаттағы дипломатиялығын көрсетті», деді Зулфухар Гаипов.
«Астана қаласының Өзбек этномәдени орталығы» басшысы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов ұлттық мүдделер жолында жұдырықтай жұмылып, тірлік етуге шақырды. Сондай-ақ қазақтың ұлы тұлғаларының өмір жолын насихаттау арқылы өскелең ұрпақты отаншылдық рухта тәрбиелеудің маңызына тоқталды.
«Бүгін маңызды сұхбатты талқылауға жиналып отырмыз. Президентіміз «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында көптеген мәселені қозғады. Көкейдегі сауалдарымызға жауап берді. Соның ішінде ұлттық мүдде туралы айтылған әңгімесін ерекше қабылдадым. Шын мәнінде, ұлттық құндылығымыз – біздің ең басты байлығымыз. Оның негізінде бірлігіміз, мемлекеттік тіліміз, тұлғаларымыз тұр. Бұған қатысты Мемлекет басшысы соны пікір білдірді. Қаныш Сәтбаев, Рақымжан Қошқарбаев секілді тұлғаларымыздың мерейтойын тойлап қана қоймай, олардың өмірін жастарымызға, халқымыз насихаттау керек деген пікірі көңілімнен шықты. Осындай тұлғалардан үлгі алсақ, елімізге қызмет ететін патриоттарды тәрбиелейміз.
Қазіргі таңда жастарға арналған көптеген іс-шара ұйымдастырамыз. Бірақ ұлттық құндылықтарымызды естен шығарып, заманауи ағынға ілесіп кеттік. Ұлттық негізімізге сүйеніп, оны тірілте алсақ, жастарға жеткізіп, ұлттық құндылықтармен байланыстырып тәрбиелесек, нағыз адал азамат қағидатына қол жеткіземіз. Президент айтып өткендей, Қазақстанның басты байлығы – бірлік. Бұған да назар аударған жөн. Бұл ұстанымды ешқашан ұмытпаған абзал деп есептейтінін жеткізді. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді, сұхбатта да осы ойды жеткізді», деді Шерзод Пулатов.
Спикердің пайымдауынша, халқымыз ұлттық құндылықтың аясына ұйысса, сол кезде шынайы бірлікке қол жеткіземіз. Алға қойған ұлы мақсаттарымыз орындалады.
Қоғамдық ойға қозғау салды
Орталық Азия демократияны дамыту қорының бас директоры Толғанай Үмбеталиева елімізде болып жатқан оқиғаларға саяси-ғылыми баға берді. Оның айтуынша, бұл сұхбат – маңызды стратегиялық қадам. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы ретінде елдегі жауапкершілікті жекедара көтеретінін баршаға түсіндіргені маңызға ие. Саясаттанушы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіз саяси қайраткер екенін тағы бір мәрте атап өтті.
Осы орайда саясаттанушы сұхбатта «Кеттің бе – қайырылма!» деген салмақты сөздің айтылуы сын сағатта Президент ретінде жауапты міндетті өзі орындай алатынын нақты көрсетті.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев Қ.Тоқаевтың озық ойлы ұлт пен азаматтық болмысқа қатысты айтқан пікіріне назар аударды. Оның пайымдауынша, азаматтық болмыс өте маңызға ие.
«Этностық болмыс туралы әңгіме қозғағанда, дәстүр секілді ерекшеліктерді айтамыз. Гендерлік, діни болмысымыз жөнінде де осылай өзіне тән мәселелерге назар аударамыз. Ал азаматтық болмыс деп Қазақстан Республикасының заңы аясында өткізетін өмірімізді сипаттаймыз. Жеке куәлігіміз бар, ұлттық валютамыз арқылы төлем жасаймыз. Яғни шартты түрде азаматтық болмыс аясында тоқтаусыз, әрдайым өмір сүреміз.
Осы орайда азаматтық салаға еліміздегі көптеген этностық топпен етене жұмыс істегені жөн деп есептеймін. Мәселен, экология секілді проблемаларға бас ауыртатын жекелеген этностық топтар болмауы қажет. Керісінше, мұны Қазақстанның азаматтық қоғамы ретінде жүзеге асырғанымыз жөн», деді Т.Қалиев.
Бұдан кейін «Сенімен болашақ» үкіметтік емес ұйымының төрағасы Жансая Исмагулова сөз алды. Оның пайымдауынша, Президенттің сұхбаты қоғамдық ойға қозғау салды. Азаматтық қоғам мүшесі ретінде осы мәселеге жан-жақты көмек көрсету әрбір адамның міндеті деп санайтынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты пікір білдірді. Халықаралық тәжірибе сараптамасы оның алдын алудың екі тәсілін көрсетеді. Біріншісі – жауапкершілікке тарту, яғни жаза. Екіншісі – қалпына келтіру. Бұған қатысты Астана қаласында «ТатуLook» деген жоба бастап отырмыз. Соның аясында тұрмыстық зорлық-зомбылық салдарынан уақытша түзеу орындарында қамалған агрессорлармен профилактикалық жұмыс жүргіземіз.
Басты мақсатымыз – тұрмыстық «дебоширлерді» зорлық-зомбылыққа ықпал ететін факторларды анықтау және эмоцияны басқарып, кез келген кикілжіңді дұрыс коммуникацияға түсу арқылы шешу. Жүргізілген статистикаға сүйенсек, күніне орталыққа елу-алпыс қоңырау шалынады. Яғни кемінде осынша адам күн сайын тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайды», деді Ж.Исмагулова.
Экономикалық саясат институтының президенті Қайырбек Арыстанбеков дүниежүзілік банктің жіктеуі бойынша, әлемде озық ойлы, даму үстіндегі және қалып қойған ұлттар бар екенін алға тартты. «Осы үш топтың мемлекет басшылары, билігі, үкіметі, көсемдері, патшалары мен шейхтары озық ойлы атану үшін бар күшін салып жатыр. Осыған сай арнайы стратегия құрады. Солардың модель рецептін зерттегенде, үш тірек қажет. Біріншісі – саяси еркіндік. Осындай модельге сүйенген елдер жақсы дамиды. Екіншісі – экономикалық еркіндік өте маңызды. Үшіншісі – азаматтық қоғам еркіндігі. Осы үш тіректің біреуі қалып қойса, не тым алға шығып кетсе, мемлекет дамудың даңғылына түсе алмай қалады. Бірақ осы модель Дэн Сяопин билікке келгенде, жүзеге аспады. Неге? Себебі Қытайда саяси еркіндік жоқ. Алайда Бейжің билігі экономикалық еркіндік берген. Саяси еркіндікті заң мен құқықтың үстемдігімен алмастырған. Демек, осы тіректер халықтың дамуына ықпал етеді.
XIII ғасырдың басында дүние жүзінде екі құқықтық құжат пайда болды. Біріншісі – Шыңғысханның «Ұлы жасағы», екіншісі – Ұлыбританияның «Ұлы еркіндік хартиясы». Осы екі құжаттың арасы небәрі алты жыл ғана. Екеуі дамудың бірнеше кезеңінен өтіп, англо-саксондық бағыт пен диктаторлық жол ортаға шықты. Қазіргі таңда осы екі жүйе тайталасып тұр. Қаңтар оқиғасының себебі аталған модельдер қақтығысының салдары», деді Қ.Арыстанбеков.
Спикер Қазақстанның азиялық мемлекет екенін алға тартып, Президент билігін сақтай отырып, Парламент қызметін арттырудың маңызына тоқталды. Осы орайда заң шығарушы органның құзыретін кеңейтуді ұсынады. Мәселен, қазіргі таңда Парламент күштік құрылымдар секілді мемлекеттік мекемелерді шақырып, өткір сұрақтың астына ала алмайтынын жеткізді.
«Шығыс-Батыс» халықаралық геосаяси болжау орталығының президенті, саяси ғылымдар докторы Қарлығаш Нұғманова Президенттің батыл сұхбатын әсерленіп оқығанын айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев озық қоғам құру, ұлттық бірегейлік пен өзіндік сананы нығайту мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Біз осындай проблемаларға арналған диалог алаңдарын жиі жинауымыз керек», деді Қ.Нұғманова.
«Kazbrands» қоғамдық қорының президенті Жаңыл-Бике Қайкенова медиация институтын дамыта отырып, осы тезисті жүзеге асыруда Мемлекет басшысына қолдау көрсетуге шақырды. «Бүгінгі таңда бәріміз айналамызда болып жатқан оқиғаларды нақты қадағалап, олқылықтар мен мәселелерге көз жұмып отырмай, өзекті мәселелерді мемлекет назарына жеткізе білуіміз керек», деді Ж.Қайкенова.