«Microsoft» зерттеушілері мен Тынық мұхиттың солтүстік-батыс ұлттық зертханасы ғалымдары жасанды интеллект ойлап тапқан материал өндірістегі литий қолданысын 70 пайызға азайтады деген қорытындыға келіп отыр. Нейрожелі бір аптадан аз уақыт ішінде 32 миллион әлеуетті бейорганикалық материалды сараптап, литийдің орнын баса алатын қасиеті бар 18 заттың тізімін шығарып берген. Ал егер іріктеу үдерісі дәстүрлі зертханалық тәсілмен жасалса, бұған 20 жылдан астам уақыт кететін еді дейді ғалымдар.
Жоба авторлары жаңадан ойлап табылған затты бірден шамдарды қуаттауға қолданып көріп, сынақтан өткізген. Жалпы, зерттеуге әзірлік кезеңінен бастап батареяның баламасын жасап шығуға дейін тоғыз айға жуық уақыт кетіпті. Екі ұйым мұндай жетістікке жетілдірілген жасанды интеллект пен күрделі ғылыми және математикалық есептерді шеше алатын жоғары өнімді есептеу жүйесін қолдану арқылы жетіп отыр.
Еліміз жасанды интеллект саласына енді көңіл бөліп, игеріп жатқанда, адамзат нейрожелінің мүмкіндігін ғылымға бағыттап үлгерді. «Microsoft» корпорациясының атқарушы вице-президенті Джейсон Зандер BBC-ге берген сұхбатында алпауыт IT компанияның мақсаты алдағы 25 жылда ғылымды 250 жылға ілгерілету екенін айтты. «Мұндай технологиялар бізге көп көмектеседі. Меніңше, болашақта жасанды интеллект ғылымның көмекші құралына айналады», деді ол. Иә, нейрожелі ғылыми жаңалық ашуға қауқарлы екенін көрсетіп отыр. Сөз жоқ, бұл әлемнің даму қарқынын арттырады. Бізге де осы қарқыннан қалып қоймауды ойлау керек.
Литий нарықтағы бағасы мен күміс түстес болуына байланысты көбіне «ақ алтын» деп аталып кеткен. Жалпы, ол – электрмобильден бастап смартфонға дейін қуаттайтын аккумулятор батареясының негізгі құрамдас бөлігі. Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, металл қолданысы мен электрмобильдерге сұраныс артып жатқандықтан, 2025 жылға қарай әлемде литий тапшылығы болуы мүмкін. Сондай-ақ АҚШ энергетика министрлігінің бағамдауынша, 2030 жылға қарай литий-ионды батареяға сұраныс 10 есе артады. Сондықтан қазір өндірушілер аккумулятор өндіретін зауыттарды көптеп салып жатыр.
Бір жағынан литий өндіру – әлемдегі даулы мәселенің бірі. Өйткені оны игеру бірнеше жылға созылады және улы қалдықтары қоршаған ортаға айтарлықтай зиян келтіреді. Су мен энергияны көп қажет ететіні тағы бар. Сондықтан жасанды интеллектінің ашқан жаңалығы өзекті. Дегенмен бұл жаңалыққа қатысты пікір алуандығы да бар. Лондон империялық колледжінде химия факультетінің аккумуляторды зерттеушілер тобын басқаратын доктор Нұрия Тапия-Руис жасанды интеллект пен суперкомпьютерлер алдағы уақытта жаңа жоғары өнімді материалдарды анықтауға көмектесетін маңызды құрал болады десе, Стратклайд университетінің химиялық инженерия пәнінің оқытушысы, доктор Эдвард Брайтман бұл технологияға «сақтықпен қарау керек» деп ескертіп отыр. Себебі ол сенімсіз деректермен оқытылған болса, пайдасынан гөрі зияны көп болуы мүмкін.
Жасанды интеллект ойлап тапқан қатты күйдегі электролит әзірге жай ғана N2116 деп аталады. Ғалымдар бұл материал энергияны сақтаудың тұрақты шешімі, өйткені қатты күйдегі батареялар сұйық немесе гель тәрізді литий батареяларына қарағанда қауіпсіз деген тұжырым жасап отыр. «Microsoft» жасаған жасанды интеллектінің жетілдірілген бұл түрі химия ғылымын терең түсінетіндей молекулалық деректермен оқытылған. «Microsoft» корпорациясының атқарушы вице-президенті Джейсон Зандер: «Нейрожелі тікелей ғылыми материалдарға, мәліметтер базасына, заттардың қасиеттеріне негізделген. Бұл – ғылыми жаңалық ашуда пайдалануға әбден болатын сенімді деректер», деп атап өтті. Оның артықшылығы да осы.
Бағдарламалық жасақтама литийдің орнын баса алатын қасиеті бар 18 заттың тізімін шығарып берген кейін PNNL батарея сарапшылары оларды зерттеп, зертханалық жұмыста қолдануға болатын нұсқасын таңдап алған. PNNL қызметкері Карл Мюллер «Microsoft» корпорациясының жасанды интеллект талдауының нәтижелері зерттеу жұмысының әдеттегіден әлдеқайда тез орындалуына септігін тигізіп жатқанын айтады. Яғни оның көмегімен ғалымдар жаңа материалдың химиялық құрамын реттеп өзгертеді әрі оның техникалық жарамдылығын тез бағалай алады.