Еңбек • 16 Қаңтар, 2024

Орманшы – түз тағысының қамқоры

229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Ертіс орманы» резерватындағы жалқарағай ормандарында тұяқты жануарлар үшін арнайы азық орындары ұйымдастырылып жатыр. Аңшылықтанушы мамандар мен инспекторлар күн сайын оттықтарға бұтақ бумаларын іліп, жемшөп шашады. Жабайы жануарлар ыдыстағы тұзды жалап, жасанды су қоймаларынан мейірлері қанғанша су ішеді.

Орманшы – түз тағысының қамқоры

Жер бетін ақ мамық көрпе жапқан мезгілде де «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында қауырт жұмыс тыншымайды. Қыс қаһарына мініп, омбы қар түскенде Шалдай және Бесқарағай филиалдарындағы қызметкерлер жануарлар әлемін браконьерлерден қорғау, жабайы аңдарды тіркеу мен олардың көшіп-қону мониторингін жүр­гізеді. Бұл уақытта тұяқты жа­нуар­лар үшін қар астынан азық тауып жеу қиынға соғатыны мәлім. Осыны ескерген жергілікті аң­шылықтанушы мамандар орман арасын мекендейтін бұлан, елік сияқты сүтқоректілерге азық орындарын ұйымдастырады.

– Орманшылар тілінде бұл био­техникалық іс-шара деп аталады. Биыл орман жа­нуар­лары үшін біздің резер­ват­тың қызметкерлері ағаш бұтақ­тарының 2 мың дана бумасын, 50 центнер шөп, 2 мың килограмнан аса азықтық тұз дайындап қойды. Резерват аумағында 63 дана оттық, 63 дана тұз жалақтар, 63 азықтандыру алаңдары, 70 жасанды суаттар, жануарлар әлемін қорғау тақырыбында 30 аншлаг орнатылған, – дейді «Ертіс орманы» резерватының баспасөз қызметкері Арай Атығаева.

Айтып өтейік, орман қорғау мекемесінің негізгі міндетіне тек жалғақарағай ормандарын қорғау ғана емес, ондағы өзге өсімдік түрлері мен жануарлар әлемін сақтау да кіреді. 2003 жылы резерват аумағында өсім­діктердің 84 түрі тіркелсе, ғылыми зерттеу жұмыстарының нәти­жесінде флораның алуан­дығы кеңейіп, былтырға дейін 226 түрі анықталыпты. «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарлар мен құстардың 7 түрі, түрлі тұяқ­ты аң бар.

Мекеме аңшылықтанушысы Марат Амановтың айтуынша, 16 орман шаруашылығының әрқай­сысында бір аңшылықтанушыдан бар. Жаз бойы орманшылардың көмегімен тұяқты аңдарға қысқы азықтар дайындалады.

«Биылға жалпы салмағы 50 тоннадай азығымыз дайын тұр. Көбіне қайың мен көктерек­тің бұтақтарынан буылған сыпыр­ғылардың молынан дайындалуына көңіл бөлеміз. Себебі бұлан мен елік аталған ағаштардың жапы­рақтарымен, ұсақ бұтақ­тарымен азықтанғанды ұнатады. Оларды мезгіл сайын арнайы оттықтарға апарып іліп қоямыз. Жануарлар оттыққа дейін жеңіл жетуі үшін ағаштар арасын трактормен күреп, жол да жасап қой­дық. Соңғы есебіміз бойынша, Шалдай ормандарында 193 бұлан мен 720 елік бар. Тұяқты жануарлар көбіне орманның алаңшықтарын мекендейді. Қыс­қы іс-шараларға орман инспекторлары да атсалысады», дейді аңшылықтанушы.

Резерват аумағында бүгінде аң аулаудың барлық түріне тыйы­м салынған.

 

Павлодар облысы,

Шарбақты ауданы