Спорт • 17 Қаңтар, 2024

Баскетбол спорты кенжелеп тұр – Ермек Маржықпаев

112 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев баскетбол федерациясының басшылары және жаттықтырушылар штабымен кездесті. Жиын барысында федерация өкілдері баскетболдан ұлттық құрамалардың 2023 жылғы нәтижелерін қорытындылап, алдағы бәсекелерге дайындық жоспары таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz  министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баскетбол спорты кенжелеп тұр – Ермек Маржықпаев

Фото: Ведомство. Телеграм

Баскетболдан Қазақстан құрамасы былтыр Қытайдағы Азия ойындарында жанкүйерлердің сенімін ақтай алмай, үздіктер қатарынан көріне алмаған. Сонымен қатар ерлер арасындағы 5х5 құрамасы Париж Олимпиадасына жолдама беретін іріктеу жарыстарында сәтсіз нәтиже көрсетіп, жолдамадан қағылған. Ал 3х3 баскетболы бойынша әлі бір іріктеу жарысы бар. Биылға жоспарланған олимпиадалық іріктеу бәсекесінде лицензияға топ жарған команда ғана иелік етпек.

Баскетбол – әлемдегі ең танымал спорт түрінің бірі екендігін, елімізде 400 мыңнан астам адам осы спорт түрімен шұғылданатынын, 16 облыстағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 156 бөлімше жұмыс істейтінін айтқан министр Ермек Маржықпаев: «Статистика бойынша баскетболмен айналысушылар саны жыл сайын артып жатқанымен, ұлттық құраманың нәтижесі төмендеп барады. Тәуелсіздік алғаннан бері Азия чемпионаттары нәтижелеріне көз жүгіртер болсақ, 5х5 баскетболдан әйелдер құрамасы ешқашан үздік 5 команданың қатарына енбеген. Ерлер арасындағы 5х5 баскетболдан Қазақстан құрамасы бірде-бір рет әлем чемпионатына қатыса алмады. Азия чемпионаттарындағы ең үздік нәтиже – 4-орын. Оның өзі 2007 жылғы көрсеткіш. Ұлттық құраманың орташа жасы – 33», деді.

Жиын барысында министр баскетбол федерациясы басшылығына ұлттық құрамалардың жаттықтырушыларын қысқа мерзімде бекітуді, Халықаралық ұйымдардағы өкілдікті ұлғайту және халықаралық деңгейдегі спорт төрешілерін даярлау жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ ұлттық құрама ойыншыларының орташа жасын төмендетіп, спортшыларды даярлауда жаңа әдістемелік тәсілдерді енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет екендігін міндеттеді.